- Advertisement -

Әкесі 20 жыл, қызы 7 жыл әкім болған. Ауыл тұрғындары неге наразы?

153

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында шалғайдағы Мыңарал ауылдық округінде болып, ауылдың ақсалдары мен ақ жаулықты аналарымен кездесіп, олардың көкейіндегі түйткілді мәселелерге құлақ түрді, — деп хабарлайды «AQ JOL» газеті.

Кездесу барысында ауыл тұрғыны Гүлзағира Ешмағамбетова ауыл әкімі Зубаржат Камиеваның атқарған жұмыстарын сын тезіне алып, ісі мен сөзінің арасында алшақтық көп екендігін жеткізді. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының басым бөлігі бірауыздан «әкім қызметінен кетсін» деп отыр. Өйткені, шенеунік ауылда ұзақ жылдан бері қордаланып қалған мәселелерді шешпек түгілі, тұрғындардың тілегін тыңдағысы да келмейді.

Шу шыққан елді мекеннің тағы бір тұрғыны Г.Ақбасованың айтуынша, ауыл әкімі айрандай ұйып отырған ауылдықтардың арасына іріткі салып отыр. «Балық басынан шіриді. Кейінгі кезде әкіміміз тұрғындарды бір-біріне араздастырып қоятынды шығарды. Ондағы көздегені – ауыл әкімінің орынтағынан айырылып қалмау. Ауылдағы мәдениет үйі сонау 1996 жылдан бері жұмыс істемейді. Алайда, ауыл әкімінің туыстары ол жерден айлық алып отыр. Ол аз десеңіз, ауылдың жартысын үрейде ұстап отыр. Қазір ауыл тұрғындарының шыдамы таусылып, ашынғаннан ащы даусы шығуда», — дейді ол.

Мыңарал стансасының тұрғыны Нағима Ақжолова: «Ақыр аяғы стансадағы мектептің дәретханасын мектептің ішіне кіргізе алмады. Ауылдық округті Зубаржат Камиеваның әкесі 20 жыл басқарды. Өзінің әкім болғанына да 7 жылдың жүзі болды. Тұтас бір ауылды бір әулеттің ширек ғасырдан астам уақыт бойы билеп-төстеп отыруы барып тұрған сорақылық емес пе?» дейді.

Мыңарал ауылындағы қауымдастық бірлестігінің төрағасы Ерлан Байжомартов та ауыл әкімінің заңсыз әрекеттеріне наразы екен.

– Ауыл әкімінің есепті кездесулеріне тұрғындар бір емес, бірнеше рет теріс баға берді. Зубаржат Талғатқызы заңды белден басып, жемқорлықпен айналысуын тоқтатпағандықтан қылмыстық іс қозғауды сұраймын. Ауылдағы А.Бұхарбаев көшесіне жол салу үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Аталған жол күні бүгінге дейін салынбағанымен, бөлінген қаржы игеріліп кеткен. Сондай-ақ, ауылдық су құбырында әкімнің екі бірдей туған інісі жұмысшы ретінде тіркелген. Олар жұмысқа бармаса да жалақы алып келді. Оған қоса, әкімнің тағы бір туысы мектептен де, мәдениет үйінен де айлық алып жүрді. Қашқантеңіз ауылына салынған ойын алаңшасының қаржысы да талан-таражға түсіп кеткен. Ауылдағы тозығы жеткен электр бағаналары да құлаудың аз-ақ алдында тұр. Ауылдан сәл шу шықса әкіміміз бірден демалысқа, я болмаса декреттік демалысын жалғастыруға кетіп қалады, — дейді Ерлан Хамиұлы.

Жергілікті шенеуніктердің іс-әрекетін қалт жібермей қадағалап отыратын ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы да әкімнің басқару қабілеті төмен екенін жасырмады. Осылайша, әбден ашу-ызаға булыққан тұрғындар ауыл әкімі ауыссын деп отыр. Қарапайым халықтың бар тілегі – осы.

Мыңаралдықтардың мазасыз мүйіске айналған мәселелерін мұқият тыңдаған облыс басшысы ауыл әкіміне қатысты түйткілге жуық арада нүкте қойылатындығын жеткізді.

– Әкім орынтағы ешкімнің әкесінен қалған мұрасы емес.  Зубаржат Талғатқызы, Президентке дейін арыз жаздыңыз. Алайда, өзіңіздің көп ісіңіз заңға қайшы. Тұрғындар тарапынан айтылған дәлел-дәйекті арнайы комиссия құрып, жуық арада түбегейлі тексеретін болады. Заңға қайшы іс-әрекеттер анықталар болса, заң аясында жазаланатыны сөзсіз. Біз алақандай ауылдың тұрғындары бір-бірімен жауласуына жол бермеуге тиіспіз. Ал осындағы ақсақалдар ауылдың бірлігіне жауапты болуы қажет, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Суретте: Зубаржат Камиева

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support