- Advertisement -

Хаттамаға түзету енгізілді: Коронавирусты емдеу шарасы тиімсіз болып шықты

47

- Advertisement -

Қазақстанда коронавирус инфекциясын емдеу шаралары тағы өзгертілді. Клиникалық хаттамаға осымен 11-рет түзету енгізіліп отыр. Бірқатар препаратты алып тастады. Себебі, ол дәрілер тиімсіз болып шықты. Бірақ хаттамаға қызуды басатын препараттар мен антикоагуланттар қосылды. Олардың бәрін науқастарға тегін тарату жоспарланған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Маусымның соңында денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова коронавирус инфекциясын емдеуге арналған клиникалық хаттаманың 10- редакциясын таныстырған болатын. Онда амбулаториялық емдеу кезінде «Гидроксихлорохин» мен «Лопинавир»/»Ритонавир» препараттарын қолдану шаралары қарастырылды. Бұл үйде ем-дом алатындар осы дәрі-дәрмекті ішеді деген сөз. Ал ауруханада жатқандарға «Фавипиравир» да беріледі. Пневмония асқынып кетсе, тағы «Дексаметазон» қосылады.

«Бұдан бөлек, үш күн бойы дене қызуы жоғары болмаса, ал компьютерлік томография немесе рентген кезінде өкпеде оң динамика байқалса, пациентті амбулаториялық емдеуге, яғни ауруханадан ерте шығаруға шешім қабылданады», — деп жазды Бюрабекова.

Тура он бес күннен кейін коронавирус инфекциясын емдеу тәртібіне өзгеріс енгізілді.   15 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі жанындағы бірлескен комиссия клиникалық хаттаманың 10-редакциясына тағы түзету жасады. Дәрігерлер «Гидроксихлорохин» және «Лопинавир»  сияқты препараттарды алып тастауға шешім қабылдапты. Себебі, шетелдік ғалымдар бұл дәрілерді коронавирусқа қарсы қолданған тиімсіз деген қорытындыға келген.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, бүгінде «Ремдесивир» мен «Фавипиравир» коронавирустың ауыр түріне шалдыққандарға көмектеседі деген мәлімет бар. Сондықтан осы препараттар клиникалық хаттамаға енгізілді.

«COVID-19 – бұл жаңа инфекция. Әлем ғалымдары осы вирустан емделудің тиімді тәсілдерін іздеп отырады. Бүгінде оны емдеудің нақты бір әдісі жоқ. Сол себепті қазақстандық ғалымдар мен клиницистер әлемдік тәжірибені зерттеп, клиникалық хаттамаға озық әдістерді енгізіп тұрады», — дейді Ғиният.

Соңғы хаттамаға коронавирустан амбулаториялық деңгейде, яғни үйде емделу үшін дене қызуын басатын дәрілер мен инъекциялық емес антикоагулянттар да қосылды. Олардың ішінде «Парацетамол», «Ибупрофен», «Ривароксабан», «Апиксабан» мен «Дабигатран» деген препараттар бар. Денсаулық сақтау министрінің сөзіне қарағанда, осы дәрі-дәрмектің бәрі науқастарға тегін таратылады. Ал барлық шығын медицининалық сақтандыру қорының есебінен өтеледі.

«Иә, науқас тіркелген жеріндегі емханаға хабарласып, тиісті диагноз қойылса, осы препараттар тегін беріледі. Коронавирус пен пневмония – бұл негізгі диагноздар. Әрине, емхана дәрігерлері аурудың деңгейіне қарайды. Ауыр жағдай емес және үйде емделуге мүмкіндік болса, клиникалық хаттамға енгізілген препараттар пациентке емхана арқылы тегін беріледі», — деді Цой елордада өткен онлайн брифингте.

Жаңа хаттама бойынша тегін берілетін препараттардың ішінде антикоагулянттар, яғни қанды сұйылтанын дәрі-дәрмектер бар. Себебі коронавирус инфекциясының салдарынан тромбоз туындайды. Адамның қаны ұйып, тромбтар пайда болады. Осыған байланысты бүгінде ауруханада коронавирусты емдеу кезінде антикоагулянттарды пайдаланады. Бірақ стационарда ол дәріні шприцпен егеді. Ал министрлік үйде емделуге арналған хаттамаға инъекциялық емес түрлерін қосты. Өйткені антикоагулянтты шприцпен салғанда дәрігердің өзі болуы керек. Оны дұрыс салмаса, адамның басқа аурулары асқынып кетуі мүмкін.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support