- Advertisement -

COVID-19: тесттің өзін тексеру керек

72

- Advertisement -

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасын бірізден­діруді міндеттеп, бұл пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүм­кіндік бере­тінін айтты. Осы орайда Денсаулық сақ­тау министрі Алексей Цой 1 тамыздан бас­тап жаңа статис­тика жүргізілетінін атап өтті. Енді ПТР-тест арқылы КВИ анық­тал­ма­ған, бірақ сол індеттің симп­том­дары байқалатын пневмониямен ауыр­ғандар Covid-19 есебіне қосылады.

Пневмония ма, жоқ коронавирус па?

Еліміздің әр өңірінде пневмония диаг­нозымен ауыр жағдайда ауруханаға түс­кендердің күрт көбейгенінен тест-жүйе­лердің сапасына күмән туғаны рас. Өйт­кені өкпесі қабынған әрі Сovid-19 симп­­томдары бар адамдарды тексерсе, вирус анықталмайды. Жақында Түркіс­танда­ғы туысымыз хабарласып, өзі тұратын көше­нің бойындағы 16 адамның пневмониядан қайтыс болғанын, ал өздері отбасы мү­ше­лерімен тұмауратып жатқанын жеткізді.

«Өкпесі қабынып қайтыс болғандар арасында кейде бір үйден 2 адам бар. Көршілеріміздің көбі тұмауратып жүр.

Өткенде бір ағайынымыз пневмониядан қайтыс болған ағасының сүйегіне кіріпті. Жер­леп келгеннен кейін артын­ша мазасы болмаған. Енді сол ағайынымыз қатты ауырып жатыр. Ең қорқыныштысы, ағайы­нымыздың симптомдары – тура қайтыс болған ағасыныкіндей. Сонда пневмония жұқпалы ауру болып кетті ме?», дейді туы­сымыз. Иә, өте салмақты сұрақ. Себебі тұмауратқан түркіс­тан­дықтарды тексерсе, коронавирус анықталмаған. Сонда бізге өкпені «жейтін» жаңа вирус жетті ме, жоқ тест-жүйелер коронавирусты анықтауға қауқарсыз ба?

Осы жерде ең алдымен бір нәр­сенің басын ашып алған жөн. Коронавирустың бар-жоғын тек­серетін тест-жүйенің екі түрі бар: бірі – экспресс тест, екіншісі – ПТР тест. Мамандардың айтуынша, ПТР тест сенімді, дұрыс әрі дәл анықтайды. Ал экспресс тест-жүйе­лер, әсіресе қазір қолданыста жүрген қытайлық, англиялық және ресейлік өнімдер тек 30 пайыз ғана жұмыс істейтін көрінеді. Сондықтан бұл жерде тексерілген адамдар қандай тест-жүйеге жү­гінгенін анықтап алу керек. Әдетте өздігінен тексерілетін жан­­­дар экспресс тест-жүйелерін қол­­да­­нады, себебі бұл ПТР тест-жү­­йе­сіне қарағанда арзандау. Деген­мен қарапайым адамдар ғана емес, тексеруге тиіс кейбір ауруханалардың немесе қандай да бір медициналық мекемелердің өзі экспресс тестін пайдалануға мәжбүр. ПТР тест-жүйелері бәріне бірдей жете бер­мейді. Өйткені ПТР тест-жүйе­лерімен жұмыс іс­теу­ге арнайы жаб­дықталған аппарат керек. Ал мұндай құрал өте қым­бат тұрады. Дегенмен ПТР тест-жүйелер де дәл COVID-19 бел­­­гілері бар науқастан неге коро­на­ви­русты анықтай алмайды? Осы жер­де тест-жүйелерге деген кү­дік туады.

 

Өзгенің өнімі қаншалықты сапалы?

Қазақстан ғалымдары Ухань қаласынан індет шыққаннан кейін іле-шала вирустың бар-жоғын анықтайтын тест-жүйелерді жасап шығарды. Олар жыл басында әзірлеп қойса да әлі күнге шетелдік өнімдерді пайдаланып келеміз. Бұл – шын мәнінде Үкіметтің төтенше жағдайға дайын болмағанын және осы уа­қытқа дейін отандық ғылымға лайықты көңіл бөлінбей келе жатқанын көрсетеді. Себебі ғалымдарымыз өнімді әзірлеп, сынақтан сәтті өткізіп, дайын үлгісін қолға ұстатса да оны көп мөлшерде шығаратын зауыт немесе шетелде шығаруға қар­жысын салатын инвестор жоқ. Ал өзгенің өнімін пайдаланудың өзі көңілге сенімсіздік ұялатады. Өйткені әлемге таралған вирус бір болғанымен, пандемияның әр ұлттың гені, әр елдегі тамақ­тану, саламатты өмір салтын ұстану, жалпы денсаулыққа деген көзқарасы, менталитеті мен им­­мунитетіне қарай әртүрлі әсер етіп жатқанын, әрі ағзаға қарай өзгеріске ұшырап отырғанын кө­­ріп жүрміз. Ал шетелдік тест-жүйе­­лер осындай өзгешеліктер мен ерекшеліктер ескеріліп әзір­лен­ді ме?

Иә, солай әзірленген күннің өзінде біз қолданар алдында жан-жақты бақылаудан өткізіп алдық па? Өйткені кез келген тесттің өзін тексеру керек. Бұл – тұты­нушылық қана емес, әрбір зертхананың жұмыс жүйесінде болуы тиіс тәртіп-талап.

Ұлттық биотехнология ор­та­лығы Алматы филиалы дирек­торының орынбасары Юрий Ски­ба: «Білікті маман кез келген тест-жүйенің сапасын алдымен тексеріп алады. Барлық зертханада тест-жүйені тексерудің арнайы алгоритмі бар. Ал бұл өнімнің сапасы ең алдымен оны қолданатын маманға, содан соң тест-жүйенің сақталуына байланысты. Неліктен бірінші маманға екпін беріп отырмыз? Себебі медицина маманы пациенттен анализді дұрыс алмаса, тест-жүйе қанша жерден сапалы болғанымен нәтиже бұрыс шығады. Мәселен, диаг­ностикадан өткен таныстарыммен сөйлескенде анализдің кейде дұрыс алынбайтынын білдім. Өкінішке қарай, мемлекеттік және жекеменшік зертханаларда да осындай жағдайлар орын алып отыр», дейді. Биолог-ғалымның айтуынша, арнайы құралмен тамақ­тан немесе мұрыннан жұ­ғын­ды көбіне жеткілікті жерден, қажетті тереңдіктен алынбайды, бергі жағынан қайтады. Ұзын, жіңішке құралды тек 2 сан­­тиметрге дейін тамақ пен мұ­рынға сұғатын мамандар дұрыс нәтижеге қол жеткізе алмайды. Құралды 8 сантиметрге дейін сұғып, жұғынды көмекейдің үс­тіңгі қабатынан, тым болмаса со­ған жетер-жетпес жерден алынуы керек. Яғни анализ алудың да өз тәртібі бар.

 

Отандық өнім қашан қолданысқа енеді?

Отандық өнім дайын болса да, неге біз әлі күнге шетелдік тест-жүйлерді қолданып отырмыз? Не кедергі? Бұл сұраққа отан­дық тест-жүйенің үлгісін жасап шыққан орталықтың маманы, жоғарыда аты аталған сарап­шы Юрий Скиба: «Біз отандық өнімді өндіріске енгізу мәселесінде шетелдік шикізатқа тәуелдіміз. Бұл да белгілі бір деңгейде жұмысты кешеуілдетіп отыр. Әлбетте тест-жүйенің не­гіз­гі бөлігін өзіміз дайындай­мыз, ал ПТР-ге қажетті фермент­терді әзірге шетелден алдыртуға мәж­бүрміз. Бірақ дәл осы фер­менттерді біз де әзірлеп, өндіре аламыз. Десек те ауқымды өнді­ріске қаржы қажет. Ал біз зертханамызда біршама данасын ғана шығара аламыз», деп жауап берді. Оның ойынша, әлем бойынша нақ осы өнімге, яғ­ни ферменттерге сұраныс арт­қан. Сондықтан оны елде шы­ғару шетелдік шикізатқа тәуелділікті жеңуге, қаражатты үнемдеуге, сенімділікті арттыруға септігін тигізіп, бірден бірнеше проблеманың түйінін тарқатады.

Ғалымдар тест-жүйені де, оған қажетті шикізатты да шыға­руға әзір екен. Қаржы ғана ке­дергі. Әлбетте тест-жүйелерді өн­діруге тапсырыс беру, нарыққа шығару негізінен Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты болар. Алайда Білім және ғы­лым министрлігінде ғылыми жо­баларды үш түрлі бағытта қар­жыландыруды (базалық; гранттық; бағдарламалық-ны­саналы) жүзеге асыратын Ғы­лым қоры, Ғылым комитеті бар. Осы ретте министрлік әзір­ге шұ­­ғыл қажеттілігі жоқ жоба­лар­ға бөлінген қаржыны корона­вируспен күрес жобаларына ба­ғыттағаны жөн-ақ. Өйткені ел­дегі жағдайды реттеу бәрінен де маңызды болып отыр. Білім жә­не ғылым министрі журналис­тер­мен онлайн режімде кездес­кен брифингте: «Біз осы ін­дет ел­­ге таралмай тұрып ми­нистр­лік­­ке қарасты екі ірі ұйым­ның – Ұлттық биотехнология ор­та­лы­ғы мен Биологиялық қауіп­сіздік проблемаларының ғы­лыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын жаңартуға қомақты қаржы бөлдік. Шешіміміздің дұрыс болғанына вирус жайлағанда анық көз жеткіздік. Сонымен қатар жыл басында, қаржы бө­лінісі кезінде де ғылыми жо­ба­лардың негізгісі ретінде осы биологиялық қауіпсіздік сала­сына басымдық бердік. Бұл басымдықты Президент те Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтқан болатын. Біз осы тапсырманың шеңберінде биотехнология мен медицина ғы­лымындағы жобаларды қар­жыландыруды қолға алдық. Оны жүзеге асыруға ғалым­да­ры­­­мыздың әлеуеті толығымен жетеді», деді.

Иә, өзіміз қадіріне жете бер­мейтін отандық ғалымдардың білім-білігі бізде мақтаулы шетел­дік мамандармен теңдей дәрежеде екеніне соңғы уақытта анық көз жеткізіп жүрміз. Сондай ға­лым­ның бірі – Англиядағы Нот­тингем университетінде генетик мамандығының бакалавриатын, Биомедициналық инженерия бағытында Назарбаев университетінің докторантурасын бітірген ғалым, Cellular Therapeutics компаниясының не­гізін қалаушы, биолог Болат Сұлтанқұлов жақында жаңа­лығымен бөлісті. Әлеуметтік желідегі жазбасын: «COVID-19 жайы бізде күн өткен сайын күрделеніп барады, жай ғана вак­цинаны күтіп отыруға болмайды. Менде коронавирустан сақтануға және емдеуге мүмкіндік беретін шешім бар. Наурыз айынан бас­тап тиімді әрі арзан тест-жүйені әзірлеу мақсатында коронавирусты көп зерттедім. Осы іспен айналысып жатқан әлемдегі көптеген ғалымға хат жаздым. Мені отандастарым Массачусетс технология институтындағы Мая Миталипова мен Стенфорд университетіндегі Болат Мүрсәлі қолдады», деп бастаған биолог-ғалым зерттеу жүргізуіне Жас ғалымдар альянсының қолдау көрсеткенін жеткізген. Сонымен қатар Швейцариядағы Цюрих университетінің профессоры Маркус Сигер (Markus Seeger) жолдаған бейтараптандыратын нанодененің (Nanobody – кішкентай антидене) елімізге жеткізілгенін жазды.

«Ол маған өз өнімін бір тиын алмастан тегін берді. Бұл на­но­денені вирустың қаупін азай­татын терапевтикалық спрей немесе ағзадағы антидене мен ви­рустың бар-жоғын анықтайтын тест-жүйе жасауға қолдана аламын. Швейцария ғалым­дары синтетикалық нанодене жасаудан әлемде көш бастап келеді. Енді COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны әзірлеу тобындағы ғалым, профессор Қайсар Табыновпен нанодененің осы вирусқа тиім­ділігін тексереміз. Күзге қарай коро­навируспен күресте бір ше­­­шім шығара аламыз», деді Б.Сұлтанқұлов.

Мінекей, Білім және ғылым министрлігі зерттеу жүргізуге, Денсаулық сақтау министрлігі мен кәсіпкерлер қауымы өнді­ріске енгізілуін қолдауға тұрар­лық – жоба. Иә, биолог-ғалым айт­­қандай, америкалықтар, швей­­­ца­риялықтар, жалпы шетел­дік­тер көмектесіп жатқанда мем­лекетімізден, отандық инвесторлардан демеу болатын шығар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сапалы тест-жүйе бізге қоғам болып пневмониядан қайтыс болғандарды коронавирустан кеткендердің қатарына қосуды және дұрыс статистиканы талап етіп жатқан қазіргі уақытта ғана емес, бұдан былай да әрдайым қажет. Ал тест-жүйенің отандық өнім болғаны – екі есе құт.

egemen.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support