- Advertisement -

70-90 тендерді жұмысын тастай етіп аяқтай ала ма?

184

- Advertisement -

Жолдың жыры бітпеді. Жуық арада бітетін түрі де көрінбейді. Неге десеңіз, онсыз да сапасыз салынған жолды қайта жөндеу немесе астынан құбыр өткізу үшін төселінген асфальтты қайта қопару, құрылыс жұмысы созылып кеткендіктен көше-даңғылдарды ұзақ уақытқа жауып тастау үйреншікті жағдайға айналып барады.

  Бұл мәселеде мердігер компаниялардың жауапкершілігінің жоқтығы ғана емес, тендерге деген «тойымсыздығы» да атойлап тұрғаны анық. Өйткені қағаз бетінде жағдайлары керемет деп көрсетілген кейбір құрылыс компанияларының «сыры» жұмысқа кіріскен кезде ашылып қалып жатыр. Міндеттеріне алған жұмыстарын үлгере алмай, тіпті жылдың жартысы ауса да әлі тірліктерін бастай алмай жатқандары жетерлік.
Жалпы алғанда биыл облыста «Нұрлы жол», «Ауыл-Ел бесігі», «Жұмыспен қамту» жол картасы бойынша жол құрылысына барлығы 30,2 миллиард теңге қарастырылып, бұл қаржыға 1145 жоба іске асырылуда. Алайда жаздың ортасы болса да «Жұмыспен қамтудың» 843 жобасының 500-і әлі басталмай жатқанын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірнеше жиында қатаң сынға алған еді.
Ал жол құрылысының сапасын тексеру үшін «Жол активтерінің Сапа орталығына» бюджеттен 66,6 миллион теңге бөлінген. Дегенмен де қыруар қаржы бөлініп, жұмыс жүйеленіп, оны бақылауға да бюджеттен миллиондар бөлінгенімен жолдың жұмысы тиянақталмай-ақ қойды. «Көтере алмас шоқпарды беліне байлағанын» кеш аңдаған кейбір компаниялар енді қай жағына жүгірерін білмей, жоспарланған жұмыстың кейбірі мұрты бұзылмаған күйі тұр. Мұндай жағдай тек Тараз қаласында ғана емес, облыстың барлық ауданында кездеседі.
Мысалы, Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан жолдары» ЖШС жергілікті жол құрылысы саласы бойынша жарияланған 94 жобаны жеңіп алған. Жалпы құны 814 млн. 926 мың теңгені құрайды. Бүгінгі күнге 12 жолдың ғана жөндеуі толық біткен. Жалпы алғанда 58 көшеде жұмыстар басталған. Дегенмен де жергілікті әкімдік жұмыс өз мерзімінен кешіккен жоқ, тірліктің бәрі өз уақытында бітеді деп сендіріп отыр.
Осы секілді мәселе Шу ауданында да бар. Мысалы, ондағы «Арқат-Өткендеу» ЖШС жетпістен аса жобаны жеңіп алса, «РЗДИ-Құрылыс» ЖШС отызға жуық жол құрылысын міндетіне алған. Әрине, әлеуеті жетіп тұрса жеңіп алсын, жөндесін. Бірақ осыншама ауқымдағы жұмысты уақтылы бітіру үшін оның сапасы өз деңгейінде болмай қалады ма деген де күдік бар. Оған да мысал жоқ емес.
Дәл осылайша Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев кейбір құрылыс компанияларының 22-ден 35 нысанға дейін мемлекеттік конкурсқа қатысып, тендерде мерейлері үстем болғанын айтады. Атап айтсақ, «Асыл инвест» ЖШС – 23, «Берік-Дастан» ЖШС – 35 нысанның құрылыс жұмыстарын ұтып алыпты. Ал 39 нысанның құрылыс жұмысын ұтып алған «Ая Сервис» ЖШС тиісті құрылыс жұмыстарын өз деңгейінде атқара алмауда. Сөйтіп жалпы алғанда Тараз қаласында құны 17 миллиард теңгені құрайтын 43 жобаның құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Мердігерлер компаниялардың тендер мәселесіндегі ашкөздігін, тек ақша табуды ойлап, тірліктерін жоспарлай алмайтындығын, тиісті басшылардың жауапсыздығын облыс әкімі де жиын сайын сынап келеді.
«Шамаларыңа қарамай жобаларды үйіп-төгіп аласыңдар. Сөйтіп соңында үлгере алмай жүргендерің. Бұлай болмайды. Жұмыс істеу керек. Керек болса, екі ауысыммен жұмыс істеңіздер. Жұрттан ұят қой. Тұрғындарды аясаңдаршы. Тұрғындардың күнделікті тіршілігіне, көлік қозғалысына қаншалықты кедергі келтіріп жатқандарыңды білесіңдер ме?», – деген болатын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жайында.
Жуалы ауданы, Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары да мердігер компанияның жауапсыздығынан жапа шегіп отыр. Маусым айының басында «Байсын-А» ЖШС ауылда су құбырын жүргізу жұмыстарын бастаған. Бірақ жол бойын қазып, біршама тірліктің бетін қайырған соң мердігер компания ізім-ғайым жоқ болған. Яғни жұмыс жарты жолдан тоқтап, аяқсыз қалған. Ауыл тұрғындары бұл мәселені ауылдық округ әкімі Қанат Қайыповқа, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашевке, одан әрі аудан әкіміне айтқан. Бірақ әл-әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Құрылысты бастаған серіктестіктен де хабар жоқ. Әлде бұл серіктестік тағы басқа жерлерде осындай жұмысты міндетіне алып, әрқайсысының басын бір шалып, көзбояушылық жасап жүр ме?..
Жалпы, соңғы кездері мұндай жағдайлар өңірде жиі кездесуде. Жұмысты уақтылы бастамау және сапасыз атқару сияқты мәселелер барлық ауданға тән.
Енді бір мәселе, шынын айту керек, бір мердігер компанияның бір жылда осыншама жұмысты үйіп-төгіп алуы бұрын-соңды кездеспеген жағдай екені айдан анық. Әйтсе де тендердің дұрыс өтуіне жауапты мекемелер бар емес пе? Қазіргі құрылыс компанияларының басшылары – шетінен кәсіпкер. Басты мақсаты –табыс табу. Олар ақша түсетін жердің бәрін қарпып қалуға тырысады. Сондықтан оларды «жұмысты неге көп аласың?» деп кінәлау қиын да шығар. Ендеше бұған сол тендерді ойнатып, барлық істі бір ғана компанияға «бере салған» мемлекеттік сатып алу басқармасы не дейді?
Тараз қаласы мен аудандарда жол жөндеуге қатысқан мердігер компаниялар жұмысты үйіп-төгіп алып, оны игере алмай жатқанын, неге басқа да компаниялар тендерге қатыстырылмағанын сұрап аталған басқармаға хабарласқан болатынбыз.
Мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Алмаз Бердібаев бұған байланысты бірқатар мәселелерді атап өтті. Ол мәселе мердігер компаниялардың жауапкершілігіне келіп тірелетінін айтады.
– Басқарма тарапынан мемлекеттік сатып алу жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізіп береміз. Ұсынылған жобаларға қатысушы компаниялар өздерінің әлеуетіне, мүмкіндігіне қатысты сол тендерге қатысып жатады. Ал туындап отырған бұл жағдайда көбіне аудандарда, қалаларда бұрыннан келе жатқан, сол жергілікті жерде үлкен көлемде жұмыс атқарып жүрген мердігерлер қатысып, жеңіп алып отыр. Олар тендер шарттарында көрсетілген барлық талапқа сай келіп тұрған соң біз оларға жобаны бермей қоюға қақымыз жоқ. Бірақ компания басшылығы онда көрсетілген жұмыс көлемі мен оның аяқталуы тиіс мерзімін көре тұра оны өз мойнына ала береді. Яғни мәселе мемлекеттік сатып алудан кеткен кемшіліктен гөрі, сол мекемелердің ашкөздігіне, қанағатсыздығына келіп тіреледі, – деді Алмаз Бердібаев.
Айтпақшы, жол құрылысын қадағалаушы, ұйымдастырушы болып табылатын жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына да хабарласқанбыз. Бірақ ақпарат алу мүмкін болмады. Басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков ақпарат алу үшін бас маманымен байланыстырды, маманы ақпаратты басшының рұқсатынсыз бере алмайтыны айтты. Ал басшы өз кезегінде облыс әкімінің баспасөз қызметінен рұқсат керек деген уәжді алдымызға тартты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі тілшілерге кез келген ақпаратты берулеріңіз керек деп айтқанымен, басқармадан қайта жауап алу тағы созбалаққа салынды.
Қысқасы, бұл басқарма жауапты бір-біріне сілтеп, ақыр соңында басшысы да, қосшысы да біздің сауалды сол бойы ұмытып кетті. Облыс әкімінің өзі жиын сайын осынау кемшілікті көзге шұқып көрсетіп жатқанда бұл басқарманың неге ашықтық таныта алмай, нені жасырып, нені жауып отырғанын түсіне алмадық.

Сонымен, биыл жергілікті мердігер компаниялар үшін аспаннан шұға жауған жыл болды. Бірақ табыс табу жағына келгенде тым ширақ қимылдаған компаниялар тірлік ету жағына келгенде пысықтық таныта алмай отыр. Ал мұның азабын халық тартатыны анық. Ал енді осыншама үйіп-төгіп алған жұмыста сапа бола ма? «Aq jol» газеті алдағы уақытта ауыл-аймақпен байланысып, бұл мәселеге зерттеу жүргізіп көрмек.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support