- Advertisement -

Неге шын ақпараттан гөрі фейк ақпарат тез тарайды?

393

- Advertisement -

Құрбым хабарласқан. Сөз арасында балаларын далаға шығармай отырғанын айтты. «Неге?» десем, «Сен естімедің бе, ауа тола вирус қой. Тіпті, балалардың өміріне қауіп төндіретін түрін де шашыпты» деді үрейленіп. Ватцаппен келген бұл хабардың жалғандығы расталып, оны таратқан Түркістан облысының азаматшасы жазаланғандығын айттым. «Ой, шашылып кеткен соң, оның өтіріктігі расталғанын қайтейін?!» деп, ол бәрібір өз айтқанында қалды. Жалғыз бұл емес, бүгінде қаншама адам осындай жалған хабарламаның жетегінде жүр.

Ақпараттың ағыл-тегіл көптігі өз алдына, едел-жедел таралатыны тағы бар. Сондықтан оны тұтынушылардың дені көзіне түскен мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай дал болатын күйге түсті. Әсіресе, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде «Жақындарыңыздың өмірін сақтап қалыңыздар», «баласы барларға жіберіңдер», «топтарға бөлісіңіздер» деген сынды мәтіндегі хабарламаның үздіксіз келіп жатқандығын күнде байқаймыз. Бір өкініштісі оған көпшілігіміз иланып қаламыз. Сөйтіп сол хабарларды бірімізден-біріміз іліп кетіп, үрей үстіне үрей тудыра түсеміз. Оның артында әуре-сарсаңы қаншама?! Қайбір жылы «Киров су қоймасы жарылады» деген ақпарат тарап, «Таразды су басатын болды» деп дүрліккен жұрт түн жарымда үйлерінен безіп, тау-тасты жағалап кеткені әлі күнге есімізде. Одан кейін «Ауыл береке» базарына бомба қойылыпты» деп «жарылып» кете жаздадық. Оған хош делік. Ал, соңғы уақытта елімізде жарияланған төтенше жағдайға орай фейк ақпараттың сан түрі тарап үлгерді. Әлі де тарап, «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, халқымызды әуре-сарсаңға түсіруін тоқтатар емес. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы кезеңде «Дүкендерде азық-түлік қоры таусылады» деп сабылған ел бір күнде сауда нысандарының сөресін «тазалап» тастады. Ресми түрде оның барлығы жалған ақпарат екені расталса да, өзі тойса да, көзі тоймайтын тұрғындар үйін азық-түлікпен сықитып толтырып тастағанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялады. «Коронавирусқа сарымсақ ем екен», «Күнде арақ ішсең вирус саған жоламайды», «Лимон жеп, имбир тұтынсаң иммунитетің көтеріледі» деген ақпаратпен де біраз әлек болдық. Нәтижесінде, аталған тауарлардың бағасы шарықтап шыға келді. Енді оның қатарына ақжелкек (хрен) қосылды. Дерт дендеген кейінгі кезде халықтың шын абдырап қалғаны анық. Дәріханалардан қажетін таппай сенделген жұрттың тағы да әлеуметтік желілерде желдей ескен фейк емдерге жүгінгені рас. Тіпті, арасында асыра сілтеп жіберіп, өміріне қауіп төндіріп алғандар жайлы да оқып қалдық. Жақында ғана желіде бір қандасымыздың «құйрықты да іштік, «хренді» де шайнадық, ешқайсы көмектеспеді…» деп бір стакан арақты сіміріп салып билеген әзіл видеосы тарады. Көрдік. Күлдік. Бірақ бұл күлкі емес еді. Мұнда фейк ақпараттардың адам психологиясына да әжептеуір әсерінің бар екендігін бірден байқауға болады.
Мамандар фейк ақпараттардың жеңіл және ұтымды дайындалатыны соншалық, оған үлкен де, кіші де тез сеніп қалатындығын айтады. Мәселен, Factcheck.kz сайтының журналисі Павел Банниковтың пікірінше, фейк-ақпарат жылдам жасалады. Функциясы қарапайымнан күрделіге қарай жүреді екен. Фотошоп, текст, видео, интернет-тролль және тағы басқа түрі бар. Интернеттегі фейк-ақпараттың 99 пайызын жай ғана қолданушы жасайды-мыс. Қалған үлесі – маркетингтік шабуылдың еншісінде. Бұл кімге керек? Оны тарататындарда қандайда бір мақсат бары айдан анық. Бірі қызық көрсе, кейбірі «жер өртеп» атын шығарғысы келеді. Қалай болғанда да бұл заң бұзушылық. Жуырда ғана «вирус себіледі, балаларды далаға шығармаңдар» деген сарында ешқандай дәлел-дәйексіз ақпарат таратқан Түркістан облысының тұрғыны жауапқа тартылғанын жоғарыда айтып өттік. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
– Еліміздің заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Тіпті, бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Десе де, көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодексі қабылданғаннан кейін 274 бапқа сәйкес қарастырыла бастады. Облыс аумағында биыл жалған ақпарат тарату бойынша 8 дерек тіркелді. Оның барлығы дәлелденбегендіктен, сотқа жеткізілмеді, – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Тақырыпты зерделеу барысында ғаламтордағы мынадай мәліметке көзіміз түсті. Бүгінде әлем елдері фейк-ақпаратпен күресуді жолға қоя бастапты. Google фейкпен күресуге 300 млн қаржы бөлген. Facebook те жалған ақпарға жол бергісі келмейді. Германия арнайы заң қабылдады. Ресейде де фейкке қарсы заң күшіне енді. Индонезия мен Ұлыбритания халқы да арнайы шара қолданып жатыр. Индонезия – әлемдегі ірі мұсылман мемлекеті. Мұнда дінді берік ұстанады. Қытайдың Индонезияға көрсеткен қысымы жайлы фейк-ақпарат жиі жарық көреді екен. Осыдан елде ұлт, мәдениет, дін тақырыбында алауыздық пайда болады. Алдын алу үшін индонезиялықтар үлемдер кеңесіне жүгінеді. Үлемдер кеңесі жоғары діни орган есебінде. Бұл халықты сабырға шақырудың ең оңай жолы көрінеді. Ал Италияда балаларға интернеттегі фейк-ақпараттан сақтану, ақпараттық сауаттылық жайлы арнайы пән оқытылады. Оқушыларға блог жүргізуді, фейк ақпаратты тануды үйретеді. Үлгі алатын-ақ іс екен.
Жалпы ақпарттың жалғаны мен ақиқатын қалай ажыратуға болады? Бұл турасында мамандар фейк-ақпаратты ажыратудың жеңіл тәсілдерін ұсынады. Алдымен, тақырыбына назар аударыңыз. Егер ақпарат сенсацияға құрылып, сұрақ пен леп белгісі қойылса, ойланыңыз. Бұл фейк-ақпарат болуы әбден мүмкін. Сізге жеткен ақпарат ресурсын түбегейлі тексеріңіз. URL адресіне мән беріңіз. Барлығы фейк негізінде жасалған сайтқа тап болуыңыз мүмкін. Сондықтан сайттағы «біз туралы» қосымшасын оқыңыз. Оқып отырған ақпаратта қате көп болса, автор сенсация төңірегінде пунктуацияға қарауды ұмытып кеткен деп топшылаңыз. Кез келген ақпаратты таратарда, сенімді дереккөзден алуды ескерген жөн.
Kantar ақпарат агенттігі АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Бразилия тұрғындарына зерттеу жүргізген. «Ақпаратқа деген сенім» атауымен өткен акцияға 8 мың адам қатысқан. Нәтижесінде, халықтың 37 пайызы ғана мессенджерде таралған ақпараттың дұрыс екеніне көз жеткізеді. 33 пайызы ғана әлеуметтік желідегі ақпараттың ақ-қарасын айыруға тырысады екен. Ал, бізде ше? Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолында смартфоны бар. Ресми мәліметтен гөрі, көпшілігіміз фейк ақпаратқа тез сенеміз. Соны сөз қыламыз, сонда айтылған мәселемен бас қатыратынымыз шындық. Себебі, «Жаман хабар желдей еседі».
Ол ақпараттың жалған екені мәлім болса да, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп біздің халқымыз неге екенін қайдам сол бастапқы ақпаратын жамандыққа «қимай» тұрады. Бәлкім, ақпаратты екшей алмауымыздың бір сыры жұрттың жүрегіндегі мемлекетке деген сенімнің әлсіздігінде жатуы да бек мүмкін. Өйткені, халық қазір «сабыр түбі – сары алтын» деп отырудан қалып барады…
Фейк-ақпаратпен күрес әрине, мемлекеттік қолдаумен жүргізіледі. Ақпараттық қауіпсіз қоғам құру – мемлекет құзырындағы шаруа екендігі даусыз. Ақпаратты тексеретін түрлі сайт ашып, технологияны жұмылдырған дұрыс. Алайда мемлекет тарапынан оған оңтайлы көңіл бөлінуі керек. Өйткені, «сөз – тас жарады, тас жармаса бас жарады».
Қазіргі ел аузындағы «хит фейк» аспаннан ұшақтардың вирус шашқаны болып тұр. Бұған кейбір тұрғындар кәдімгідей сенеді. Өткенде ауылдан келген бір туыс апам: «Е, бәсе күнде жел тұрады. Шілденің күні осындай салқын болушы ма еді? Сол бәрі көкке шашылған вирустың кесірі екен ғой» деп соқты. Кімнің аузына қақпақ боласың? Осы жөнінде белгілі журналист Дана Нұржігіт инстаграм парақшасында мынадай әдемі мысал келтіріпті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гитлер өзінің бұйрығын бұзған 3 генералды өзгеше тәсілмен жазалау туралы шешім қабылдайды. Оларды бөлек-бөлек камераға салып, классикалық музыка қосып, байлап, әрқайсысының алдына баяу су тамшылайтын құбыр қойып, «әр камераға 6 сағат ішінде өлтіретін улы газ жайлап жіберіледі» деп ескертіпті. 4 сағаттан кейін оларды тексергенде, екеуінің өліп қалғанын, ал үшіншісі хал үстінде жатқанын көреді. Бір қызығы «газ» мәселесі тек психологиялық қысым ретінде айтылыпты. Алайда, дәл осы газ туралы ой жазаланушылардың ағзасына теріс әсер ететін гармон бөліп, жүрек-қан тамырларының жұмысына кедергі келтіріп, өлімге дейін әкелген. Қазір қоғамымызда сондай «газдалған» ақпарат қаптап кетті. Сондықтан әркім өзінің бойында ақпаратты қабылдауға деген иммунитет қалыптастыруы қажет-ақ.

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support