Қайткенде пенде толық адам бола алады?

24

Сананың сілкінісі шығар, қазір абайтануға тереңдей бастадық. Зерттеушілер жаңа заманның идеологиясы да соны қажет етіп тұрғанын айтады. Ғалымдар да бұрынғыдай тек деректермен шектелмей, Абай шығармаларына терең бойлай бастады. Осы серпілістің әсері де айқын көрініс беруде. Бұл жол бұрын ізденушілердің «тісі батпай» келген «Толық адам іліміне» қайта әкелді. Сондай батыл қадамды абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Әлімбай Найзабай жасады. Нәтижесі – Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Толық адам ілімі» курсының енгізілгені. Ғалыммен құрған сұхбатымызда осы бастаманың жемісі, жастар тәрбиесіндегі алар орны туралы кеңірек әңгімелестік.– Әлімбай аға, бірқатар жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсы оқытылатынын білеміз, бірақ «Толық адам ілімінің» курс ретінде енгізілгенін естіген емеспіз? Екеуі екі бөлек ғылым деуге болады, арасы да тым алшақ. Бірақ абайтанушылардың Абай шығармаларына терең бойлай келе, «Толық адам іліміне» бір соқпайтыны кемде-кем. Десе де, бұл зерттеушілердің өзі толық түсініп болмаған ілім, оны студенттерге қалай оқытасыздар?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакім Абайдың «Толық адам» ілімі туралы ерекше жазғанынан хабардарсыз. Қазір Қазақстанның көптеген іргелі оқу орындарында университет ректорлары Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту туралы мәселеге ерекше көңіл бөле бастады. «Толық адам ілімі» деген ұғымды абайтану ғылымында алғаш зерттеп ашқан, оны ғылыми айналымға түсірген ірі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы екенін атап айтқым келеді. Бұрын «Абайтану курсы», «Абайтану тарихы» деген курстарда «толық адам» туралы арнайы сабақтарда ғана тоқталатын. Ал Абайдың «Толық адам ілімі» деген арнайы сабақ оқытылмайтын. Қазір күн тәртібінде Абайдың «толық адам» туралы ой-тұжырымдарын қайта зерделеп, зерттеп оқыту курсын ашу қажеттілігі туып отыр. Президент мақаласында: «…Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының, негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деді. Демек, Абайдың «Толық адам ілімінен» тәжірибесі мол ғалымдардың бәрі де бас қосып осы іске жұмыла кірісуі керек.
Біздің Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті 2017 жылдан бастап стратегиялық жоспарына Абайдың «Толық адам ілімін» оқыту туралы енгізді. Биыл алғашқы түлектерім, толық 3 жылдық оқу курсын аяқтап, дипломдарына қосымша «Абайтанушы. Толық адам ілімін насихаттаушы» деген арнайы білімі бар сертификаттар алып шықты. Олар – енді Абайтану сабағынан сабақ беретін дайын мамандар. Енді осы курсты университетте оқу бағдарламасына енгізіп, қосымша мамандық ретінде оқытуды қолға алмақшымыз. Біздің оқыту жағынан аз да болса тәжірибеміз бар. Қажет болса сол тәжірибелерімізбен бөлісуге дайынбыз.
Ал енді оны қалай оқыттық дегенге келгенде, бұл курс үйірме ретінде жүргізілуде. Оқыту бағдарламасында алғашқы жылы М.Әуезовтың абайтану курсын енгіздім. Себебі алдымен Абайды танып алмай, бұл ілімнің мәнін түсіну мүмкін емес. Әрине, 3 жылдың ішінде олар ілімді толық меңгеріп шықпайды. Біздің мақсат – осы ілімнің тәрбиелік рөлін орнымен пайдалану.
Жалпы толық адам деген қандай тұлға? Ол туралы Абай қай өлеңдеріне, несінші қара сөзіне арқау еткен? Қайткенде пенде толық адам бола алады? Ақынның ой-тұжырымдары арқылы жастардың қалыптасуына әсер ету – біздің негізгі көздегеніміз. Абайға «Толық адам ілімі» концепциясын жасау не үшін қажет болған, соны ұғындыру.
– Расында не үшін қажет болды? Кейбір кереғар көзқарастағылардың пікірінше – «Абай байдың баласы, өзінің де жағымды-жағымсыз мінез-әдеттері көп», соған қарамастан қазақты түзеуге неге ұмтылды?
– Мұның сырын профессор Мекемтас Мырзахметов ашты. Патшалық Ресей қазақты дәстүр-салтынан айыру идеологиясын былайғы жұртқа байқалмайтын астыртын саясатпен жүргізген ғой. Сол үшін хандық билікті жойып, өздерінің басқару жүйесін енгізген. Жоғарыдағы шенділердің барлығына өз адамдарын және әскери шенділерді қойып, «қазаққа нені қалдырамыз?» дегенде тек болыстықты қалдырған. Ал болыс сайланады. Әр ауылда бір болыс. Билікке таласатын екі қазақ. Өзара қырқысып, төреге барса, жем болатын қазақ. Осыдан мінез-құлық бұзылып, білімге, өнерге деген құштарлық, білмекке деген ұмтылыс жойылып отырған. Осыдан шығудың жолын іздеген ақын «Толық адам ілімі» концепциясын жасаған. Дінді айта берсе, бір жақты кетеді және оның да жолы кесулі. Шен-шекпен үшін таласты тоқтатудың жолы өсіп келе жатқан жастарды тәрбиелеу. Олар қандай болуы керек? Ертеңгі ұрпақ толық адам болса деген арман Абайдікі.
– Сонда бұл ілімнің ең алғашқы ой-жүйесі Абайдың: «Болыс болдым, мінеки, бар малымды шығындап…» деп келетін өлеңінен бастау ала ма, қалай?
– Иә, «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал, Қалмады елге тығындап. Сөйтсе-дағы елімді Ұстай алмадым мығымдап. Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап», дейді ғой. Ақын болыстың мінін өзіне айтқызып отыр. Оны біреулер Абай өзі туралы айтқан дейді. Бұл патша билігінің басқару жүйесінің аз қазақты аздырып-тоздырып бара жатқанын ашып көрсеткен. Билікке құмарлық, біреуді алдап соғу, бергенін қолынан, бермегенін жолынан тартып алу – бұл мінездерден құтылу үшін не істеу керек? Қайтсе пенде толық адамға айналады? Осы сұрақтың жауабын іздеген. Қайткенде мінез-құлықты тәрбиелеуге болады? Абай шығыс пен батыс ғұламаларын түгел оқыған. Бұл сауалдың жауабын Яссауидің ілімінен, Баласағұнның, Фарабидің тұжырымдарынан, одан әрі Кабуснамадан іздейді, Еуропа ойшылдарының еңбектерін түгел парақтап шығады. Ойды бәрі айтқан, бірақ жүйе жоқ. Абай соның концепциясын жасаған. Толық адам деген термин – қазақтың сөзі. Осыны айналымға енгізіп жіберуіміз керек. Бұл мәселені Мекемтас Мырзахметов көтеріп жалықпай айта берді. Міне енді соған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев баса көңіл бөліп отыр.
– Жүйе дейміз, ақын ілімнің негізін қалай салды?
– Абай ілімнің жүйесін жасағанда бірінші «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінен бастайды. Оны 41 жасында жазады. Бұған дейінгі өлеңдерінде лирика басым еді. Көпшілік ақынның ондай шығармасы жоқ қой дейді. Бұл «Интернатта оқып жүр» деген өлеңнің екінші бөлімі. Интернатта оқып жүрген, патшалық Ресейге қызмет ету үшін тәрбиелеп жатқан қазақ баласын жолға салуды көздеп, ғылым деген сөзді ауызға алады. Қазақтың мінез-құлқын қалыптастыратын 5 асыл зат – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым екенін айтады. Осы өлеңінде Абай тәрбиенің бағдарламасын түзеді. Ендігі жазғандарының бәрі осыған келіп тіреледі. Ал адамды қалай тәрбиелейміз? Аға буын, ортаңғы топ тәрбиеге көнбейді ғой, сондықтан ақын балаларды тәрбиелеу керек дейді. «Зарынан қаш, пайдасына ортақтас» деген сөзінің мәні де сол.
Толық адамның сипатын жанға керек 5 асыл заттан табуға болады. Талап пен еңбек қылу үшін қайрат керек. Терең ой – білім-ғылым, қанағат пен рахым ол жүректен шығады. Содан 1889 жылы мына өлеңді жазады. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек. Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық, – Бұл қайраттан шығады, білсең керек. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек». Бірінші толық адам деген терминді осы кезде айтқан. Міне осылай Абай шығармаларында сананың өсу жолын көрсетеді. Ақылдың өзін нұрлы ақыл, суық ақыл деп екіге бөледі. Балаға соны ұғындыру керек. Осыны біліп өскен жастар толық адамға айналады. Мұның бәрінің бастауы дінімізде жатыр. Ақын соны дәстүрмен, тәрбиемен негіздеп жеткізген. Соңында 38-қара сөзінде түйінін жазған. Соған дейінгі аралықты біз өскелең ұрпаққа дұрыстап оқытуымыз керек. Оқытқанда бәрін бірден емес, жас-жасына қарай үйреткеніміз абзал. Мәселен Абай шығармаларынан 1-13, 13-18 жастағылар, одан кейінгі 18 жастан кейінгі буынға, содан соң 25 жастан жоғары қарайғы толқынның да алары бар. Адам өзін-өзі дамытып отыруды тоқтатпау керек. Тоқтағаны – адам ретінде қалыптасуының біткені.
– Сонда «Толық адам ілімін» оқуды білім және тәрбие берудің алғашқы сатысынан бастау керек дейсіз ғой… Ол үшін оның тұтас бағдарламасы әзірленуі тиіс шығар?
– Абай жасаған ілімнің адам жасының әр кезеңіне қажетті құндылықтардың барлығы және оны қалай пайдалану керек, бәрі көрсетілген. Енді соны айналымға енгізудің бағдарламасы қажет. Бұл бағытта алғашқы іс-шаралар қолға алынуда. Университетімізге министрліктен хат келген, мамандардан ұсыныстар жиналып жатыр.
– Егер осы ілімнің негізінде оқытуды мектептен бастар болсақ, оны оқытатын алғашқы мамандар легі бар. Курсты қанша студент бітірді?
– Бұл курс үйірме ретінде жұмысын бастағандықтан қиын соқты. Жастарды іздеп жүріп өзім таптым. Олармен сөйлесіп, қызығушылықтарын ояттым. Әдебиетке құштар, шығармашылық ізденістері бар студенттер бірден ынта білдірді. Бастапқыда 10-15 тыңдаушым болған. Оншақтысы сертификат алды. Біразы Абайдың ілімін оқығысы келмегендіктен емес, бұл міндетті сабақ болмағандықтан курсты аяқтамады. Себебі басқа да тапсырмалары көп, соларды орындауы керек. Егер пән ретінде оқытылса, жастар үшін тәрбиелік мәні зор болар еді.
– «Толық адам ілімі» мінез-құлықты түзеуге, болмысты қалыптастыруға негізделгенін айтып жүрміз. Айналдырған 3 жылдың ішінде бұл курсты оқып, Абай ілімімен сусындағандар түбегейлі өзгере қоймас, бірақ өз бойларына нені сіңірді?
– Иә, қысқа уақытта толық адамға айналып шыға келді деуге ерте. Бірақ бір нәрсені анық айта аламын. Олар ұят дегеннің не екенін біледі. Арлы, намысты жастар. Дұрыс ойлау жүйесі қалыптасты. Мен өз шәкірттерім алдағы уақытта да ізденістерін тоқтатпай, Абайды тереңірек тануға ұмтылады деп сенемін.
Абайтану дегеніміз – қазақ ғылымының төресі. Өзім бұл ғылымға үшінші мүшел жасымда, яғни 37 жасымда келдім. Абай атамыз айтпақшы «Қолымды мезгілінен кеш сермедім». Тараздағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде студенттерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүріп, 2005 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлын жұмыс орнына іздеп барып, танысқаным бар. Ондағы мақсатым Абай атындағы колледжге Абайтану тарихы курсын енгізу болатын. Мекемтас аға бірден қолдады. Бір ай көлемінде дәріс оқуға келісімін берді. Курстың дайын оқу бағдарламасын, оқулық кітабын қолыма ұстатып тұрып: «Лекция оқығаныма айлық төлемейсіңдер» деп кесіп айтты. Мекемтас ағамен алдын ала «Абайдың адамгершілік мұраттары» деген тақырыпта студенттермен кездесу ұйымдастырдық. Қырық минутқа жоспарланған сыр-сұхбатымыз өте қызықты, әрі әсерлі өтті. Екі сағатта әрең тоқтаттық. Абайтану тарихы курсын 3-4 курс студенттерінің сабақ кестесіне кіргізіп оқыта бастадық. Лекцияны Мекемтас аға оқыды, маған семинар сабақтарын жүргізуді тапсырды. Бір күні Мекемтас аға ойыма кіріп те шықпаған аспирантураға оқуға түсу туралы ұсыныс жасады. «Құдайдың берген әлі жас төрт балам бар. Оның үстіне ғалым атану үшін жаңалық ашу керек шығар. Ал мен ғалым, ғылым деген ұғымдарды оқып, есіткенім болмаса дұрыс қалыптасқан түсінігім де жоқ қой. Ондай жолға түсу қалай болар екен, – дедім. «Мен отыздан асқанда бес баламмен аспирантураға түсіп, кандидаттығымды қорғадым. Ғылым, ғалым жайлы білгің келсе, қазірше Абайдың қырық бесінші қара сөзін көңіл қойып оқып кел, сол жайында әңгімелесейік, – деді. Ертесіне келіп: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп», – деген Абай сөзін жатқа айттым. Абайдың осы ой-тұжырымы менің ғылым жолына қорықпай қадам басуыма әкелді десем де болады. Сөйтіп Абайтануға қызығып, қалай ғылым қуып кеткенімді сезбей де қалдым. 2006 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің аспирантурасына түсіп, оны 2009 жылы бітірдім.
– Талап қылып, еңбектенгеніңіз өз нәтижесін бермей қалған жоқ. Абай Құнанбайұлының бұрын-соңды ешбір жинағына енбей қалған афоризмін таптыңыз…
– Мекемтас Мырзахметұлы маған «Абай шығармаларындағы автобиографизм» деген тақырыпты берді. Автобиография дегеніміз ғұмырнама ғой. Абай шығармаларындағы өмірбаяндық деректерді ашуым керек. Абайдың өмірбаянын жеріне жеткізіп зерттеген Мұхтар Әуезов қой, сондықтан жазушы ғұмырнаманы қалай, қандай деректер мен фактілерге сүйеніп жазғанын және сол деректер қолында болмағанда Абай өмірбаянын қалай жазар еді деген мәселелерге жауап іздей отырып, диссертациялық жұмысты жазып шығам деген мақсат қойдым. Ақынның өлеңдері мен қарасөздеріндегі өмірбаяндық фактілерді ашу жолында көп материалдар жинап, жүйелеп оқи бастадым. Оларды зерделеп, салыстырып отырып зерттедім. Мақалалар жазып қалалық, облыстық, республикалық газет-журналдар мен ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарына жариялай бастадым. Солай ізденіп жүргенімде Абайдың ешбір жинағына енбей газет бетінде қалып кеткен афоризмін 2008 жылы «Құдайбердіұлы Ш.Шығармалары: Өлеңдері, дастандары. I том. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2006.» деген кітаптың ішінен тауып алдым. Бұл афоризмді алғаш рет 1917 жылы «Сарыарқа» газетінің төртінші санында «Ар қарызы» деген мақаласында Шәкәрім Құдайбердіұлы атап өткен екен. Шәкәрім – Әлихан Бөкейхановтың атына медресе немесе шәкіртақы тағайындауға қолдау көрсету туралы осы мақаласында: «Абай марқұм «Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық; Үйінде босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деуші еді», – деп ақынның бір ауыз нақыл-насихат сөзін, яғни афоризмін тілге тиек етеді. Афоризмді көре сала Абайдың 37 қарасөзін қолыма алып қарасам, ол жерде жоқ. Абайдың осы афоризмін бүгінгі қолда бар ғылыми айналымдағы академиялық екі томдық жинақтың ішінен табылып қалар деген ниетпен әр бетін парақтап отырып қайта-қайта іздедім. Бірақ жинақта жоқ боп шықты. Көзбен көрдім, ақылға салдым, Абайдікі екенін жүрек сезіп тұр. Отырдым да «Абайдың біз білмейтін афоризмі» деп мақала жаздым. Оны ғылыми жетекшім Мекемтас Мырзахметұлына апарып көрсеттім. Ұстазым оқып болып: «Мына мақаланы қайта жазып жарияла», – деді. Сөйтіп мақаламды толықтырып 2009 жылы «Жамбыл-Тараз» газетіне жарияладым. Одан кейін де облыстық, республикалық бірнеше газет-журналдарға жарияланды. Табылған афоризмге қатысты зерттеуімді онымен тоқтатқаным жоқ. 1917 жылы шыққан «Сарыарқа» газетінің 4-ші санын іздестіріп, былтыр ғана таптым. Оның өзі үлкен хикая. Газеттің түпнұсқасындағы афоризмді оқығанымда кітапта бір сөзі қате басылғанын көрдім. Түпнұсқада былай екен: «Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық. Ойын босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық». Дұрысы кітаптағы емес, сол алғаш басылған газеттегісі. Бұрынғы жазған, жариялаған мақалаларымдағы Абай афоризмін таға бір мәрте қайта жазып, газеттегі дұрыс нұсқасын қайта жариялауым керек. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақын шығармаларының толық жинағы қайта басылады екен. Сол жинақтың 2-ші томындағы 37 қарасөзі тағы бір афоризммен толықса екен деген үмітіміз бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ардақ Үсейінова.

Comments are closed.