- Advertisement -

Балалардың спортпен айналысуына бар жағдай жасалуы тиіс

139

- Advertisement -

Тараз қаласын кезекті рет аралау барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев спорт нысандары құрылысының барысымен танысты.

Бұған дейін дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте аймақ басшысы спорт нысандарының санын арттыру керектігін айтқан болатын. Өңір басшысы тұрғындарды саламатты өмір салтына тарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Бүгінгі таңда облыс орталығында 552 спорт нысаны мен алаңдары бар. Ағымдағы жылы Таразда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үш спорттық-сауықтыру кешені салынуда. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған десек, жоспар бойынша қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Атап айтсақ, жоғарыда айтылған үш кешеннің біреуі облыстық мамандандырылған №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, екіншісі №2 спорт мектебінің, үшіншісі «Жекпе-жек» спорт клубының базасында бой көтеруде.
Бердібек Сапарбаев құрылыс нысандарын аралап, мердігерлерді әңгімеге тартып, құрылыстың барысына қанықты.
Құрылысшылар жұмыс кесте бойынша жүріп жатқандығына сендірді. Нысанда балаларға барлық жағдай жасалуда: кең залдар, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер салынбақ.
Бір спорт кешені 400-ге жуық адамды қабылдай алады. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков жаңа нысандарда балалар футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, жекпе-жектер, каратэ және таэквондомен айналыса алатынын жеткізді.
– Спорттық ғимараттар ашық, кең және жылы болуы керек. Мұнда балалар өздерін жайлы сезінулері тиіс. Нысандардың қаланың әр аумағында салынып жатқандығы қуантады. Барлық балалар өздерінің сүйікті спорт түрлерімен ыңғайлы жағдайда шұғылдана алады. Аудандарда тағы 10 спорт кешені салынуда. Бұған дейін атап өткенімдей, спорт бұқаралық әрі қолжетімді болуы тиіс. Сонымен қатар спорттық және мәдени нысандардың көптеп ашылуы өскелең ұрпақты бала кезден тәртіпке баулуға және жақсы дәстүрге тәрбиелеуге мүмкіндік береді, – дейді Бердібек Сапарбаев.
Облыс басшысы келесі кезекте «Ұлан» стадионында болды. Онда стадиондағы қайта жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқандығы жайлы баяндалды. Құрылысшылар мұнда стендтерді, жүгіру жолдары мен футбол алаңдарын жаңалауда. Ғимарат 1988 жылы салынғанын ескерсек, олардың тозығы жеткендігі айтпасақ та түсінікті. Сондай-ақ стадионда жекпе-жек залы салынуда.
Болашақта стадионда футбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, дзюдо, армрестлинг, каратэ және бокс сынды 7 спорт түрі қатар дамымақ.
Қалпына келтіру жұмыстарына қаражат «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген.
Атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толған облыс әкімі Нұрбол Жүнісбековке құрылыс барысын қатаң бақылауды тапсырды.
Бердібек Сапарбаев облыстық мамандандырылған №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де арнайы барды. Мұндағы теннис корттары күрделі жөндеуден өтуде. Кешен төрт ашық және екі жабық теннистік корттан тұрады.
Облыс әкімі мердігерлерге бірқатар олқылықтарды ескертіп, оларды тезірек түзетуді тапсырды.
Ол соңғы жылдары үлкен тенниске айрықша көңіл бөлініп жатқандығын, соған сай нәтиже де жақсару керектігін тілге тиек етті.
Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, жамбылдықтар арасында үлкен тенниспен айналысушылар көбейіп келеді. Бүгінгі таңда өңірдің екі спортшысы ұлттық теннис құрамасының мүшелері. Н.Жүнісбеков «Тараз-Арена» спорт кешенінің жанынан теннис корттарын ашу, 6 теннис кортын жөндеу жұмыстары осы спорт түрінің дамуына жаңа серпін беретініне тоқталды.
Бұдан соң Бердібек Сапарбаев құрылысы жүріп жатқан «Денсаулық» паркіне де атбасын бұрды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support