Сіздердің көмектеріңіз қазіргі таңда аса маңызды

22

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өңір тұрғындарына арнаған үндеуі

Құрметті жерлестер!
Бүгінгі таңда өңірде коронавирус індетіне шалдыққандардың саны екі жарым мың адамға жетті. Өкінішке қарай, туыстарымыздың, жақындарымыздың өмірін жалмаған қауіпті дерттің тарауы жалғасу үстінде. Олардың арасында менің де жақын жандарым бар, бірімен дос, ал бірімен ұзақ жылдар бойы қызметтес болдым.
Пандемияның салдарынан кейбір білікті дәрігерлерімізден де айырылып қалдық. Олар соңғы деміне дейін өздерінің мамандықтарына адалдық таныта білді. Күндіз-түні көз ілмей, тыным таппай, өз өмірлерін қатерге тіге отырып, науқастардың өмірі үшін аянбай күресті. Біз медицина қызметкерлерінің ерліктерін құрмет тұтамыз. Есімдері мен еңбектері ешқашан ұмытылмайды!
Бұл індет бәріміз үшін үлкен қасіретке айналып, орны толмас өкініштер әкелуде. Қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен қайғырып, көңіл айтамын.
Біздің халқымыз әрқашан барлық қиындықтарды бірлесіп еңсеріп отырған. Мен сол бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында көп ұзамай тыныш және бақытты күндеріміз қайта орнайтынына сенемін. Біз барлық кедергілер мен сынақтарды бірге жеңеміз.
Мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру тұрақты дамудың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы Жезқазғанда өткен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі бірінші республикалық форумда айрықша атап өткен болатын.
Мен жамбылдық кәсіпкерлер мен облыс тұрғындарына осындай қиын-қыстау кезеңде қолдарынан келгенше көмектерін көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Олардың бірлігінің арқасында 338 миллион теңге жиналды. Бұл қомақты қаражатқа оттегі концентраторлары, желдеткіш қондырғылар, қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынып, аймақтағы ауруханаларға таратылды. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Жамбылдықтар өздерінін жарасқан ынтымағын байқатып, осындай қиын уақытта айналасына көмектесуге үнемі әзір екендіктерін танытты. Мен Жамбыл облысының барлық мүдделі азаматтары мен тұрғындарын коронавируспен күреске мүмкіндігінше өз үлестерін қосуға шақырамын! Сіздердің әрбіріңіздің де тамшыдай көмектеріңіз қазіргі таңда аса маңызды әрі құнды.

Comments are closed.