Нұрсұлтан Назарбаев Иранды Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды
Нұрсұлтан Назарбаев Иранды Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ирандық компанияларды Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды. Бұл туралы бүгін Елбасы Ақордада Иран Ислам Республикасының (ИИР) Президенті Хасан Руханидың қатысуымен
өткен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлім етті. «Қазақстанның халықаралық бастамаларын ирандық тараптың қолдауы маңызды. Біз 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғымыз келеді және Иранның қолдауына алғысымызды білдіреміз», - деді Елбасы.
«Мен Иран тарапын Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырдым», - деп тоқталды Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иран жоғары деңгейдегі бірқатар шараларға қатысуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.
Сөз соңында Елбасы Хасан Руханидың сапары мен келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екі елдің қарым-қатынастарын жаңа деңгейге шығаруға серпін беретіндігін атап өтті.
Ақпарат көзі kazinform.kz