- Advertisement -

Әкім қаланы бес саусағындай білуі керек

122

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Тараз қаласында атқарылып жатқан құрылыс нысандары мен індеттің алдын алу бойынша бүгінде атқарылып жатқан жұмыс жағдайы сөз болды. Өңір басшысы сөзінің кіріспесінде бұған дейін Тараз қаласы әкімдігіне берілген бірқатар тапсырмалардың барысын пысықтап алып, ол бойынша жұмыстардың өз деңгейінде атқарылмағанын айтып, қала басшылығының жұмысын сынға алды.

«Бүгінгі таңда облыста індетке шалдыққан азаматтар саны 2433 адамға жетіп, бір күнде оған тағы 87 адам қосылып отыр. Оның 1244-і Тараз қаласының тұрғыны болса, мұнда бір күнде 35 адамнан індет анықталған. Науқастар санының артуы Тараз қалалық әкімдігінде құрылған мобильдік жұмыс тобының тірлігінің төмен екенін көрсетеді. Бұл жұмыс тобы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілуіне де тосқауыл қоя алмауда. Кәсіпкерлерді тарту арқылы сырқаттарға оттегі жеткізетін баллондарды сатып әперуді де өз деңгейінде ұйымдастырылмады» деп атап өткен өңір басшысы, бұдан кейін қала көшелеріндегі берекесіз құрылыс нысандарының жұмысына ойысты.
– Қаланың тазалығы сын көтермейді. Көшелердің бәрі қазылған. Бір мердігер 15-20 құрылыс нысанын ұтып алып, әр көшені қазып тастаған. Енді оған адамы мен техникасын жеткізе алмай, нысанның құрылыс жұмысын қолдан созуда. Көшелермен қатар аулалар да қазылған. Жылу жүйесі мен су жүйесін айлап жасаймыз. Қарап тұрсаң ана көшеде 100 метр, мына көшеде 200 метр су жүйелері, көше мен жаяу жүргінші жолдары қазылып, ор болып жатыр. Көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары шағымдануда. Оларды да түсінуге болады. Біріншіден, шаңның астында қалды. Екіншіден, ойын балалары орға құлап, жарақат алғандары көп. Қазылған орлардың салдарынан ыстық су берілмеуде. Біз карантин кезінде тұрғындарға «тазалық сақтаңыздар» дейміз де, моншаларды жабамыз, сөйтеміз де ыстық суды өшіреміз. Тіпті базардағы жағдайды да қалыпқа келтіре алмаудамыз. Ал қала әкімдігі болса осының барлығына көз жұма қарап отыр. Шаһар басшысының халыққа жаны ашуы керек. Бұдан былай сылбырлыққа жол берілмейді. Барлық жұмыс қадағалануы қажет. Менің түсінігімде қала әкімі деген «Мынаны жасайық, мына жобаны іске асыруға көмектесіңіз» деп облыс әкіміне тыныштық бермеуі керек. Мен мұндай белсенділікті бүгінге дейін қала әкімінен көре алмадым», – деген Бердібек Машбекұлы қала басшысына аталған жұмыстарды тез ретке келтіруді тапсырды. Сонымен қатар қала әкімінен мемлекет тарапынан қаржыландырылған, құны 17 миллиард теңгені құрайтын 43 жобаның құрылысы неге басталмағанын сұрады.
Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев бұл жұмыстардың жақында басталатындығын айтты. Сондай-ақ кейбір құрылыс компанияларының 22-ден 35 нысанға дейін мемлекеттік конкурсқа қатысып, порталда ұтып алғанын жеткізді. Атап айтсақ, бір ғана Тараз қаласында «Асыл инвест» ЖШС – 23, «Берік-Дастан» ЖШС – 35 нысанның құрылыс жұмыстарын ұтып алыпты. Ал 39 нысанның құрылыс жұмысын ұтып алған «Ая Сервис» ЖШС тиісті құрылыс жұмыстарын өз деңгейінде атқара алмауда.
Ал Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, карантиндік жағдайға байланысты бүгінде профилактикалық жұмыстарға көп көңіл бөлінуде екен. Мәселен, тараздық кәсіпкерлердің арқасында қала тұрғындарына 27 мың бетперде тегін таратылыпты. Ал қала көшелерінде күнделікті жүргізілетін залалсыздандыру жұмыстарына 28 маман мен 10 дана техника тартылған.
Бұдан бөлек, қала әкімдігі демеушілердің күшімен 100 оттегі баллонын ауруханаларға әперіпті. Жұмыс тобы 3200 отбасыға азық-түлікті 70 ерікті арқылы жеткізіп берген. Сонымен қатар үш күннен бері 200 емделушіге түскі ас әзірлеп таратып келеді. Осы кезеңде карантин талаптарын бұзған азаматтарға қатысты 41 хаттама толтырылып, оның 23-і сотқа жолданса, 12-сіне айыппұл салынған.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында дәрігерлер тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және коронавирустан қалай қорғауға болатындығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Мәселен, 10 дәрігер кезекпен қалалық әкімдіктің парақшасында әлеуметтік желіде тұрғындардың қойған сұрақтарына жауап беруде. Сонымен қатар шаһар тұрғындарға COVID-19 туралы бүктемелер таратылған.
Бердібек Сапарбаев әзірге атқарылған жұмыстардан нақты нәтиже көріп отырмағандығын айтты.
– Бұл мобильді топтардың жұмысын жүйелеу және күшейту керек деп бірінші рет айтылып отырған жоқ. Олардың қауіпті топтармен, өз қызметін қайта бастаған объектілермен мақсатты жұмысты жүргізгені көрінбейді. Дәрі-дәрмек бағасының да негізсіз жоғарылауы тыйылмай тұр. Күн сайын маған Тараз тұрғындарынан ондаған өтініш келіп түседі. Олар дәрі-дәрмек таба алмайды, бар болған күнде оны қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр. Қала әкімдігінен бастап жауапты басқармалардың ешқайсысы бұл бойынша мониторинг жүргізбейді. Кінәлілер жауапқа тартылмайды, – деді Бердібек Сапарбаев.
Қалай десек те қала әкімінің жауабы өңір басшысын қанағаттандыра қоймағандай. Дегенмен аймақ басшысы өз атына әлеуметтік желі пайдаланушыларынан күн сайын қоғамдық көліктердің жұмысына көңілдерінің толмауы, жолдар мен кейбір құрылыс нысандарының сапасыз жөнделуіне, қоқыс контейнерлерінің жоқтығы мен күл-қоқыстың көптігіне қатысты ондаған шағымдар келіп түсетінін айтты.
– Тұрғындар жұмысына немқұрайды қарайтын шенеуніктер мен жауапсыз мердігердің арқасында қиындық көріп отырғандарын жеткізуде. Кейбір құрылыс алаңдарында балалар орға құлап, мертігіп, жарақат та алып жатыр. Бұл үшін кім жауап береді? Қала әкімдігі сенімді мердігерлермен жұмыс істеудің орнына бір күндік фирмалармен жұмыс жасауды жалғастыруда. Мен жеке өзім қаладағы құрылыс нысандарын бірнеше рет араладым, онда қателіктер жетерлік. Соның бірсыпырасын осы жиында атап өттім. Бүгінгі жиында сол қателіктерді орнына қою бойынша жұмыс жасалмады деген ойдамын, – деді Б.Сапарбаев.
Оның пайымдауынша, құрылыстың барысын ешкім қадағалап отырған жоқ, сондықтан мердігерлер қалағанын жасауда. «Қазір қаланың түрлі бөліктерінде жүргізіліп жатқан жылу желілерін жөндеу бірнеше күнде аяқталуы керек. Қазір біз жолдардың өте ауыр жағдайда екенін және құрылысшылар оларды ретке келтіруге асықпайтынын көреміз. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мердігерлер жолдарды қалпына келтіруге міндетті. Бұған әкімдікпен бірге жөндеу-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауға арналған 11 мобильді топ бақылау жасауы керек», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Б.Сапарбаев Тараз қаласының әкімі кең автобустар сатып алу, электронды билеттер мен GPS бақылау жүйесін енгізу мәселесін шешуі керектігін де еске салып өтті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жобаларды жүзеге асыру мәселесіне де тоқталды. Қалада осы бағдарлама аясында 389 жоба жүзеге асырылуы керек екен. Қазіргі уақытта 213 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, 62 нысан пайдалануға берілген. Жұмыспен қамтудың жол картасын сәтті жүзеге асырудың орташа көрсеткіші 71,5 пайызды құраған. Бұған да өңір басшысы «Жұмыс нашар жүргізілуде» деген баға берді.
Кездесуде қашықтықтан оқытуға қатысты мәселелер көтерілді.
Қала әкімінің орынбасары Алмас Сәдубаевтың айтуынша, қаладағы 60 мектеп оқушыларын қажеттіліктерімен қамтамасыз етеді. Біріншіден, аз қамтылған отбасылардағы балалар, олардың саны 17 мыңнан асады. Мектептердің балансында 5 мыңнан астам компьютер бар, биыл тағы 500 сатып алу жоспарланған. Кейбір балалар өткен оқу жылының соңында компьютерлер алды және оларды әлі де қолданады. Алмас Сәдубаев барлық балаларға қажет компьютерлер мен маршрутизаторлар жеткілікті болады деп сендірді.
Сондай-ақ өңір басшысы қалада сыртқы жарнама, жарықтандыруды орнатып, қоқыс мәселесін шешуді тапсырды. Ол жергілікті атқарушы орган кәсіпкерлік нысандардың өз аумақтарын таза және ұқыпты ұстауын қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.
– Мен қала басшылығына адамдармен жиі кездесіп тұруға кеңес беремін. Әкім қаланы алақанының бес саласындай жақсы білуге тиіс. Ол кез келген өзгерісті біліп, оған лайықты тез арада жауап бере алуы керек. Ал жауапкершілікті басқаларға артуды доғарған жөн. Барлық айтылған ескертулерді түзетіңіз, – деді Бердібек Сапарбаев кездесуде.
Сондай-ақ өңір басшысы қала әкіміне көшелерде басталған жол жөндеу, жаяу жүргінші жолын салу, су және жылу жүйелерін мерзімінде аяқтауын қатаң бақылауды тапсырды.
Бұдан кейін өңір басшысы көпқабатты тұрғын үйлерге қашан ыстық су берілетінін сұрады. Бұл сұраққа қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев жауап берді. Оның айтуынша, осы айдың 25-іне дейін жылу жүйесінің жұмысын аяқтап, алдымен 612 көпқабатты үйге 1 тамызда су берілмек.
Ал «Тараз құрылыс инвест» ЖШС-ның өкілі құрылыс материалдарының Ресейден кешігіп жеткізілгенін айтып, 1 тамызға дейін Әйтиев пен Қазыбек және басқа көшелерде жөндеу жұмыстарын бітіретіндігін айтты.
Жиын қорытындысында Бердібек Сапарбаев қала әкімі мен орынбасарларына көп жауапкершіліктің артылғанын ескерте келе, 43 жобаның бірінші тамыздан кешіктірілмей басталуын тағы да қадағалауды- міндеттеді. Сондай-ақ қала көшелер мен жаяу жүргінші жолдарын ретке келтіру, арықтарға лотоктар салу жұмыстарын қазанға дейін аяқтауын, басқа тазалық іс-шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support