Саясат

Қазақстан Елтаңбасының жаңа стандарты жасалды

Қазақстан Елтаңбасының жаңа стандарты жасалды

Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасының жаңа стандарты жасалды. Бұл туралы Астана әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер комиссиясының отырысында мәлім болды. Жаңа стандарт 2015 жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енеді.

Осыған дейін елтаңбаның жасалуы ешқандай стандартқа сәйкес келмейтін. “Енді оның әрбір бөлшегіне мән беріледі. Себебі рәміздегі әр белгі - халқымыздың тарихын, дәстүрін білдіреді”, - дейді Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков. Стандартты өзгертуге рәміздерді жасаушылар тарапынан қателердің жиілеуі себеп болған. “Жаңа стандарт - барлық өндірушілерге таныстырылды. Келесі жылдың маусымына дейін олар өндірісін өзгертіп, жаңғыртып үлгереді”, - дейді Қазақстан стандарттау институты директорының орынбасары Нұртас Өтешев. Жаңа стандарт бойынша Елтаңбаның түсі, көлемі және кей тұстары өзгеретін болады. Жылдар өте кез келген өнім ескіреді. Елтаңба да өзгерісті қажет етеді. Сол себепті Мемлекеттік рәміздерді өндірушілерге жасалған Елтаңбаға 3 жыл мерзімге кепілдік беру талабын енгізу ұсынылған. Қазір елімізде 40-қа жуық Мемлекеттік рәміздерді өндіруші бар. “Елтаңбада ұлттық ерекшеліктерді көрсететін белгілер бар. Осы уақытқа дейін көп адам атауларын біле бермейді. Сондықтан да 40-тан аса атау бердік. Әр атаудың өзіндік орындалу тәсілі бар. Олардың барлығы болуы керек. Өйткені қазір қалай болса, солай орындалады да, мүйіздері түсіп қалады, уықтары, шаңырақтары түсіп қалады деген сияқты. Ондай нәрсе болмауы керек. Рәміз деген құрметті, қасиетті нәрсе. Әңгіме - біздің елдігімізді күшейтетін нәрсені күшейтуіміз керек”, - дейді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков.