Boeing-777 ұшағының құлау себебі жарияланды
Boeing-777 ұшағының құлау себебі жарияланды
Нидерланд сарапшылары шілде айында Украинаның шығысында малайзиялық Boeing-777 жолаушылар ұшағының құлауына «бортына жоғары қуатты бірнеше нысанның тиюі себеп болған» деп мәлімдеді. Нидерланд қауіпсіздік комитетінің алдын-ала жариялаған есебі бойынша, малайзиялық ұшақтың «техникалық ақаудан» немесе «экипаждың қателігінен» құлағанына ешқандай дәлел, я белгі жоқ. Мalaysia Airlines әуе компаниясының Boeing-777 жолаушылар ұшағы 17 шілде күні Украинаның шығысында Донецк облысындағы Торез елді мекені маңына құлаған еді. Ұшақта болған 295 адамның барлығы қаза тапқан. Ұшақта Австралия, Бельгия, Германия, Индонезия, Канада, Малайзия, Нидерланд пен Ұлыбритания азаматтары болған. Апат орнынан қазірге дейін 270 адамның сүйегі табылғаны хабарланды. Украинаның шығысындағы қарулы сепаратистер Малайзия ұшағының апатына Украина әскерін айыптайды, Киев бұған сепаратистер кінәлі деп мәлімдейді. Нидерланд мамандары әуеде ұшып келе жатқанда «жоғары қуатты нысандар» тиген ұшақ бірнеше бөлікке бөлініп жерге құлауы әбден мүмкін дейді.