Арманы көп азамат еді

27

«Еңбек қылмай ер оңбас, бірлік қылмай ел оңбас» деген сөздің астарында үлкен мән бар. Балаң күнінен шаруаның сырына қанығып өскен Сайрамбай Дөненбаев үшін төрт түліктің жайы еш таңсық емес еді. Оны жұрт он мыңдаған қой өргізіп, үйір-үйір жылқы ұстап, мыңдаған гектар алқапқа егіс егіп, шаруасын шалқытып, халқына қарайласқан дәулетті адам ретінде танитыны бар. Алайда сол ел Сәкеңнің тірлікті нөлден бастағанын біле ме екен?
«Шаруа қожалықты ашып, жұмысымызға кіріскен кезімізде 200 гектар жеріміз, 362 бас қойымыз, 15 жылқы және 11 сиырымыз болған. Арада 22 жыл өткенде уақ малдың санын 56 мыңға, Қамбар ата түлігін 2300 басқа жеткіздік. Сонымен қоса егістік жер көлемін 13 мың гектарға дейін ұлғайттық»,– деп еді. Әрине, бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын өсіп келе жатқан болатын… Иә, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевтың іскерлігі талайларға үлгі екені сөзсіз.
Тірлігін тіктеп, жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамтыған Сәкеңнің шаруа қожалығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да назарынан тыс қалған емес. 2005 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Шәушен» шаруа қожалығына арнайы атбасын бұрып, іскер азаматтың тіршілігімен танысты. Сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы шаруашылық басшысын жиған байлықты елдің игілігіне жұмсауға шақырған-ды.
Елге болсын деген шаруа қожалық басшысы уақыт өте келе көптеген игілікті істерді қолға алды. Ауыл тұрғындарының қажетін өтеу үшін 300 орындық асхана салып, қызметкерлерге арналған үйлердің бой көтеруіне күш салды. Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу ауылының ажары зәулім мешіт-медресемен де ашыла түсті. 2017 жылы «Тау-қымыз» емдеу-сауықтыру орталығын пайдалануға берді. Малшылардың балаларын оқытуға арналған интернат та жұрттың қажетіне жарағаны сөзсіз.
Ол өз қызметкерлерінің де, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың да жағдайын жақсартуға ден қойды. Атымтай жомарттығымен талайлардың алғысына бөленді. Оны бәріміз білеміз.
Еселі еңбегі билік тарапынан елеусіз қалған жоқ. 2003 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі кеудесінде жарқыраса, 2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ел мақтаған азаматқа екі жыл бұрын «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы тапсырылған еді. Сол кезде халқы арда туған азамат үшін шын қуанған…
Ауылдан шығып Алашқа еңбегімен танылған Сәкең енді арамызда жоқ. Ел үшін туған есіл ер де ажал апанынан сытылып кете алмады. Арда азаматты ауылы ғана емес, қазақ халқы жоқтады десек, еш қателеспеспіз. Тұла бойынан баяғының байларына тән мәрттік байқалып тұратын. Оның жомарт болғанын әлеуметтік желілерден де байқадық. Көптеген ел білетін азаматтар Сайрамбайдың дархан көңілін, азаматтық болмысын, тигізген шарапатын айтып, көңіл білдіріп жатты.
Иә, елімізге жаудай тиген мына нәубеттің кезінде қаншама игі жақсылар дүние салды. Жүректерге салмақ түсті. Көк дөнендей жүйрік көңіл құлазыды. Ең жаманы, елге, ұлтқа болсын деп жүрген талай тұлғалар араны ашылған ажалдың қақпанынан құтыла алмады. Сайын даланың жұпар ауасын жұтып өскен қапсағай денелі Сайрамбай Дөненбаевтың осы шақта бақиға аттанғаны өкінішті.
Оның арманы көп еді. Бір кездесуде ауылдан университет ашып, ауыл шаруашылығына қат мамандарды дайындауға атсалысқысы келетінін айтқан. Жастардың мал шаруашылығына епсіздеу келетінін де сынағаны бар еді. Сәкең екі жыл бұрын облыстық архивте болған кездесуде көптеген жоспарларымен бөліскен болатын. Сол жоспар, сол армандардың қанаты қиылды. Ол сөзге емес, нағыз өз ісіне бейім азамат еді ғой. Тағы да өкініш…
«Ел шетіне жау келсе, алдына, сірә, дay келсе. Батырсынған жігіттің, күшін сонда сынаса» деген Ақтамбердінің сөзі дәл осы бір аумалы-төкпелі шақта еріксіз ойға оралады. Бүгінде елімізде атың өшкір пандемиямен мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Мұндайда батырсынған жігіттер көзге көрінбейтін жаумен күрессе дейсіз. Бұл нәубеттен елді арашалауға Сайрамбай аға да сөзсіз үлес қосар еді ғой, тірі болғанда… Амал нешік…

Comments are closed.