Қоғам

Қызметтік көліктер медициналық мекемелерге уақытша пайдалануға беріледі

Қызметтік көліктер медициналық мекемелерге уақытша пайдалануға беріледі

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Кеңесті ашқан Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы коронавируспен күрес және қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктегенін атап өтті. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына жол бермеу және науқастарды емдеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды. 9 шілдедегі мәлімет бойынша, коронавирус инфекциясының 1971 жағдайы тіркелген. Ең көп науқастар Тараз, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарында. Карантин режімін қатаң сақтау және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Бердібек Сапарбаев. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, мобильді топтар қызметінің нәтижелері бойынша біздің облыс рейтингте көш бастап тұр. Карантин режімін сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 79 хаттама толтырылды. Сондай-ақ мониторинг топтарының мүшелері дәрілерді заңсыз сату фактілерін анықтап, іс материалдары сотқа жолданған. Бердібек Сапарбаев мобильді топтардың денсаулық сақтау саласындағы жұмысының маңыздылығына тоқталды. «Полиция мен санитарлық дәрігерлер бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасап, карантиндік режімді бұзғандарды жауапкершілікке тарту керек», – деді аймақ басшысы. Облыс әкімі коронавирустың таралуымен байланысты жағдайдың болжамын жасап, алдын ала медперсонал, қосымша төсек-орын дайындап, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алуды тапсырды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, бүгінде 70 оттегі концентраторы бар. Бірнеше күн бұрын демеушілер есебінен қосымша 11 оттегі концентраторы сатып алынды, олардың 5-еуі гуманитарлық көмек кезінде жеткізілді, ал тағы 4-еуі жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған. Облыстың медициналық мекемелерінде барлығы 146 ИВЛ аппараты бар. Жақында жергілікті және республикалық бюджеттен сатып алынған 62 ИВЛ қондырғысын жеткізу жоспарлануда. Марат Жұманқұлов жеке қорғаныс құралдарымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілгеніне сендірді. Ауруханаларда 900-ден астам бос төсек бар. Барлығы 214 мобильді топ амбулаторияда ем алып жатқан COVID-19 науқастарын, симптомсыз тасымалдаушыларды және үй карантиніндегі адамдарды қашықтықтан бақылауды жүргізуде. Облыс әкімінің 41 бұйрығымен мемлекеттік мекемелердің қызметтік машинасы медициналық мекемелерге уақытша пайдалануға берілді. Қауіпті вируспен күресу үшін қосымша 80 зейнеткер, 25 резидент және медициналық оқу орындарының түлектері және қысқа дайындық курсынан өткен жүзден астам жас мамандар тартылды. Баяндамашының баяндамасын мұқият тыңдаған Бердібек Сапарбаев осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды және медициналық нысандардың толықтай дайындықта болуы үшін барлық ресурстарды пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ басқосу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова экономиканың барлық салаларындағы көрсеткіштерде өсім байқалып отырғандығын жеткізді. Алайда кемшіліктер де жоқ емес. Аймақ басшысы проблемалық мәселелерге тоқталуды жөн көрді. Ол жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын сынға алды. Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясындағы жобаларды тиімді жүзеге асырудың орташа көрсеткіші 85,5 пайызды құрайды. Тараз, Жуалы, Байзақ, Меркі аудандары бойынша көрсеткіштер орташа деңгейден төмен деңгейде қалыптасып отыр. – Бүгінгі таңда біз үшін басты басымдық – жұмыспен қамту барысын сақтау болу керек. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» тұрақты жұмыс орындарын ұлғайтуға үлкен мүмкіндіктер беруде. Тек жауапкершілікпен жұмыс жасап, немқұрайлылыққа жол бермеу керек. Барлық инфрақұрылымдық жобалар уақытында орындалуы және аяқталуы тиіс. Мұны тиісті басқармалар қадағалап отыруы қажет, – деді Бердібек Сапарбаев. Жиында білім беру мәселелері де сараланды. – Балалардың әдеттегідей немесе қашықтықтан оқитындығы әзірге белгісіз. Дегенмен мектептер қазірден бастап кез келген жағдайға дайын болуы керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, мектептерді жабдықтап, кейбір аз мұқтаж отбасыларды қажетті техникалармен қамтамасыз ету керек, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлерді, отандық тауар өндірушілерді қолдау, геопортал құру, бос ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді шешу бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. – Жамбыл облысының көрсеткіштері республикалық көрсеткіштен жоғары. Бірақ бұл босаңсуға себеп болмау керек. Облыс әкімдігінің басқармалары әлі де өзара ынтымақтастықта жұмыс істей алмай отыр. Тиісті салалық министрліктермен де бірлескен жұмыстар жүйеленбеген, – деп атап өтті облыс әкімі. Кеңесті қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев өндіріс, ара шаруашылығы, сүт өндірісі, жеміс-жидек кластерін дамытуға назар аударуды тапсырды.

«Aq jol – Aqparat».