- Advertisement -

Тұрақты жұмыс орындарын көбейту қажет

53

- Advertisement -

Маржан РАҚАЙ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режімінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қоғамдағы қордаланған түйткілді мәселелер талқыланды. Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және Ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысқан жиында ел экономикасы мен саясатын жақсарту бағытында бірқатар тапсырмалар берілді.
Жыл басынан бері ұлттық экономиканың күрделі жағдайда дамып келе жатқанын атап өткен Президент ел экономикасының жалпы 1,8 пайызға төмендегенін айтып, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі болуына байланысты коронавируспен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін қосымша 150 миллиард теңге бөлуді тапсырды.
– Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек. Қажет болатын болса, «СҚ Фармация» басшылығын жұмыстан босату керек. Соңғы кездері міндетті медициналық сақтандыру қоры төңірегінде де әңгіме көп. Аталған қорға байланысты түрлі қауесеттер мен өсек әңгімелер болмауы үшін оның басшылығына өзін сөзбен емес, іспен көрсететін адамды қою керек. Үкімет өз тарапынан қордың жұмысына талдау жасауға тиіс, – деген Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа «СҚ Фармация» ұйымының жұмысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің бар-жоғын тексеруді тапсырды.

Сенбі күні Жамбыл облысының әкімі Тараз қаласын кезекті рет жұмыс сапарымен аралады. Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының инфрақұрылымдық жобалар мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру, карантиндік шектеу шараларын сақтау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Атап айтсақ, Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы Қ.Тұрысов, Т.Рысқұлов және әл-Фараби көшелерінің, Қойгелді көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Желілердің ұзындығы 866 метрді құрайды. Мердігер – «Агроспецстрой» ЖШС.
Аталған нысандарға бұған дейінгі жұмыс сапары кезінде облыс әкімі құрылыс қарқынын арттырып, жұмысты бірнеше ауысыммен орындау бойынша тапсырма берген болатын.
Бүгінде құрылыс нысандарында жұмыс қызу жүріп жатыр. Бердібек Сапарбаев ыстық сумен қамтамасыз етуді тезірек қалпына келтіру үшін нысандарды мүмкіндігінше қысқа мерзімде пайдалануға беру керектігін баса айтты.
Бұдан соң облыс әкімі «Қаратау» шағын ауданындағы әмбебап спорт алаңында болды. Айта кету керек, бұл спорт алаңдарының жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен облыс әкімдігі бірлесіп жүзеге асырған. Бердібек Сапарбаев алаңдарды аралап, ондағы тұрғындарды әңгімеге тартып, санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Осы шағын аудандағы учаскелік полицеймен бірге ол жабайы сауда базарларының жай-күйін барлады. Бір ай бұрын аймақ басшысы сауда дүңгіршектерін орнатудың заңдылығын қарастыруды тапсырғанымен, қала билігі бұл мәселемен толықтай айналыспағандығы байқалады.
Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа бұл мәселені тездетіп шешуді, сауда орындарындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын барынша қадағалауды тапсырды.
Қаладағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Тараз» ӘКК-нің бірқатар азық-түлік өнімдері жеңілдетілген бағамен сатылатын әлеуметтік павильондарға да атбасын бұрды. Ол бағаларды тексеріп, сатушылармен әңгімелесіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін атап өтті.
Сонымен қатар аймақ басшысы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің құрылысымен де танысты. Осы аптада жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары басталды. Құрылысшылар сарқырама соғу, жағалауды жабдықтау, кешен мен кесененің арасында тікелей жаяу жүргіншілер аллеясын салатын болады. Жобаның келесі кезеңінде көпестердің дүкендері қамтылатын ортағасырлық бекініс салу ісі жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support