Әлеумет

АРҚАБЕККЕ АЛҒЫС

АРҚАБЕККЕ АЛҒЫС

Астанамызда өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне дайындық қызу жүргізіліп жатқаны белгілі. Сарапшылардың айтуынша бұл көрмені ұйымдастыру, өткізу, насихаттау және басқа да шараларға екі миллионнан астам адам қатысады деп күтілуде. Қазірден бастап жер-жерлерде қуат көздерін тиімді пайдалануға байланысты халықаралық семинарлар өтуде. Онда мамандар қуат көздерін тиімді пайдалану, оны сақтау және экологиялық залалсыздығын мемлекеттік саясат тұрғысынан қалай қамтамасыз ету керектігі жайында ой бөлісіп, пікір алмасуда. Қуат көздерін тиімді пайдалану   Мойынқұм ауданында да қызу қолға алынды. Ауданда энергия үнемдеу  және оның тиімділігін арттырудың 2013-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалды. Аталған жоспардың орындалу барысы жақында өткен аудан әкімдігі мәжілісінде арнайы қаралуы бұл мәселенің маңызды екендігін білдіреді. Онда аудан әкімі Болат Мәдікенов әрбір ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларына электр энергиясын барынша үнемдеуге байланысты нақты тапсырмалар берді. Оны үнемдеу ауданымыздың шалғайдағы ауылдарында алдымен қолға алына бастағаны бізді қуантады. Солардың бірі – Кіші Қамқалы ауылындағы іскер де, ілкімді азамат Арқабек Қарамергеновтің тірлігі өзгелерге үлгі боларлықтай. Ел тәуелсіздік алған жылдардағы қиыншылықтарға шыдамаған Кіші Қамқалы ауылының жұрты жан-жаққа үдере көшкені белгілі. Сондықтан да мұнда электр энергиясының трансформаторлары,  бағаналар мен сымдары түгел жиналып алынған. Ел көшсе де туған жер, ата-жұртты қимаған Арқабек отбасымен осында қалды. Ол қарап отырмай қолдағы малын көбейтіп, «Ахметжан» шаруа қожалығын ашты. Кіші Қамқалы көлінен балық аулап, балық шаруашылығымен қоса айналысты. Онысы нәтижесіз де емес. – Мен Алматыдағы Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ұстазы, физика-математика ғылымдарының докторы Серік Көмековпен    ақылдаса отырып, «Қамқалы» атты жеке қор аштым. Сөйтіп, «ПРООН» ғаламдық экологиялық қорға 2012 жылы мүше болып қабылданғанмын. Жақында осы қордан «Sanrain» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры  Вадим Ахтиямов   деген азаматтың өзі ауылға келіп, біздің жағдайымызбен танысты. Содан соң, құны 18 мың доллар тұратын, қуаты 0,6 киловаттық дербес күн электр стансасын үйдің жанына орнатып берді. Мұның пайдалану мерзімі 30 жыл екен. Күн сәулесінен қуат алатын электр стансасынан бүгінде қажетті жарықты алып, теледидар көріп отырмын. Үйдегі басқа да электр қуатына қосатын тұрмыстық техниканы пайдаланудамыз, – дейді Арқабек. Арқабек бұдан бөлек аталған қор арқылы көршілес Ұланбел ауылының жекелеген азаматтары да күн сәулесімен жарық беретін шағын стансалардың пайдасын көріп отырғанын жеткізді. Мәселен, осындағы шаруа қожалығының жетекшілері Әби Сауырбаев, Юра Чебаков, Нұрлан Габдуллин, Бекболат Балабеков, Ерболат Үсенов, Нұрболат Ибраев құны 30 мың теңгелік, қуаты 12 вольттық, салмағы 2-3 килограмм болатын кішкене қондырғыларды  жоғарыдағы аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен сатып алған. Шағын болса да күн сәулесінен қуат алып, малшы ауылындағы бір үйге жарық беріп, теледидар көруге мүмкіндік туып отыр.  Аталған шағын қондырғы  малшылардың көшіп-қонуына ыңғайлы,  жинап-құруы да қарапайым екендігін айта кеткен жөн. Мұндай жасаған жақсылығы үшін олар Арқабекке алғысын айтуда. – Біз осы күн көзінен қуат алатын қондырғыларды  насихаттау мақсатында тиісті орындармен келісе отырып, ауданда, облыста семинар өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Арқабек. Иә, күннен қуат өндіру – жаһандық экономикаға да, экологияға да тиімді болары анық. Ендеше өз ауданымызда да  Арқабек Қарамергенов секілді күн көзінен қуат алатын осындай дүниелерді  көптеп пайдалансақ, мұның жеке азаматтарға да, аудан экономикасына да тигізер пайдасы аз болмас еді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист. Мойынқұм ауданы.