5 мың жұмыс орны ашылды

17

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында онлайн режімінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне облыс әкімдігі жолаушылар көлігі
және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков өңірімізде
«Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу
барысы туралы баяндап берді.

Оның айтуынша, биыл жол жөндеу жұмыстарына 30,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірімізде 1145 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 23-і «Нұрлы жол» бағдарламасы, 84-і «Ауыл – ел бесігі» жобасы, 843-і «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», 96-сы Үкімет резерві, ал 99-ы жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылуда.
Жалпы бөлінген қаржыға 1346,2 километр автожол жөндеу көрмек. Оның 180,57 километрі облыстық, 139,3 километрі аудандық маңызы бар автожолдар, 1026,33 километрін елді мекен көшелері құрайды. Автомобиль жолдарының құрылыс жұмысына бүгінде өңірімізде 5 мың адам жұмысқа тартылып отыр. Аталған жол жөндеу жобаларының іске асырылуы өз кезегінде облыс тұрғындарының қауіпсіз көліктік қатынасуын қамтамасыз етуге, халық тұрмысының жақсаруына, сонымен бірге көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға өз септігін тигізбек. Атқарылған жұмыстардың есебінен биыл автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесін 85-тен 90 пайызға, елді мекен көшелерінің көрсеткішін 77,2 пайызға жеткізу жоспарланған.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша іске асырылатын жобаларға 8,3 миллиард теңге қаралған. Осы қаржы есебінен 18 километр жаңа жол салынып, 6,1 километр жол қайта жаңғыртудан, 233,3 километр орта жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде облыстық маңызы бар автожолдар – 168,5, аудандық маңызы бар автожолдар 88,9 километрді құрайды. Қазіргі таңда төрт жобаның құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған нысандар бойынша жол жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында облысымыздың аумағымен өтетін республикалық маңызы бар автожолдарда жалпы ұзындығы 491 километрді құрайтын «Меркі-Бурылбайтал», «Балқаш-Бурылбайтал», «Күрті-Бурылбайтал» және «Ұзынағаш-Отар» жол телімдерінде қайта жаңғырту жобалары бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау белгіленген.
– Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жобасы аясында 52 миллиард теңгеге 82 жобаны іске асыру ұсынылып, қолдау тапты. Сондай-ақ бүгінде жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Сапа «Жол активтерінің сапа орталығы» ШЖҚ РМК-мен бірлесіп 53 автомобиль жолына зерделеу жүргізіліп, жол құрылысына қолданылып жатқан 144 құрылыс материалдарынан сынама алынды. 17 кемшілік анықталып, ол кемшіліктер уақтылы жойылды.
Сапа орталығымен бірлескен зерделеу жұмыстары барысында кепілді мерзімде асфальт жамылғысының бұзылу деректері де зерделенеді. Келісімшарт талаптарына сәйкес, автомобиль жолдары пайдалануға берілгеннен кейін оның құрылысын жүргізген мердігерлер орташа жөндеу жұмыстарын – 2, күрделі жөндеу жұмыстарын 5 жыл бақылауда ұстайтын болады. Кепілді мерзімде асфальт жамылғысын ақаулар пайда болған жағдайда, олар толығымен мердігердің өз есебінен жөнделеді,– деді ол.
Жиын соңында ол онлайн режімінде журналистерден түскен сұрақтарға да жауап берді.

Comments are closed.