Ауылдарды ауыз су және газбен қамту 100 пайызға жақындап қалды
Ауылдарды ауыз су және газбен қамту 100 пайызға жақындап қалды
Бүгінде әлемді шарпыған індет көптеген елдің экономикасына көп зиянын тигізгені белгілі. Осыған сәйкес аудандарда да жоспарларды қайта қарап, бір зерделеп алу жұмыстары жүргізілгені анық. Қалай болғанда да бірінші кезекте халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бәсеңдетпеу басты талап күйінде қалып отыр. Осы ретті пайдаланып, Меркі ауданының әкімі Мейірхан Азатұлымен сұхбаттасқан едік.
– Мейірхан Азатұлы, биылға көктемгі дала жұмыстары карантин жағдайына тұспа-тұс келіп аздаған қиындықтар орнағаны белгілі. Осы қиындықтан сіздер қалай жол тауып шыға білдіңіздер? – Көктемгі дала жұмыстарының әлемді шарпыған індетпен тұспа-тұс келіп, аудан аумағында блок посттар ашылып, карантин талаптары күшейтіле түскенде, дән себуге шыққан диқандарға барынша жағдай жасауға тырыстық. Бір жағы оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жариялаған Үндеуі де демеу болып, дала жұмыстары бір сәтке тоқтамады. Соның арқасында өңір диқандарының күшімен 97570 гектар алқапқа егін себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 105 пайызды құрады. Мәселен, жоспар бойынша жаздық арпаны 28 500 гектар алқапқа орналастыру көзделсе, нақты себілгені 30 270 гектар. Көктемгі дала жұмыстарына Үкімет тарапынан кепілдендірілген бағамен берілетін жанар-жағармай дер кезінде таратылды. Сондай-ақ ауданда ауыспалы егістікті, минералды тыңайтқыштарды пайдаланып отырған бірден-бір шаруашылық – «Сыпатай батыр» ЖШС. Шаруашылық өткен жылы егістіктеріне 200 тонна аммиак селитрасын, 60 тонна аммофос және 60 тонна нитроаммофос сепкен болатын. Соның арқасында бидай алқаптарынан 70 центнерден, қант қызылшасынан 868 центнерден өнім алды. Бүгінде аудан бойынша 2870 тонна минералдық тыңайтқыш алу жоспарланса, 1117 тоннасы алынып, 10170,12 гектар егістік алқапқа енгізілген. – Қант қызылшасын себу тапсырмасы күн тәртібінен алынған жоқ. Бұл жоспарды сіздер қалай орындадыңыздар? – Жүйелі жүргізілген жұмыстардың қорытындысы өз нәтижесін беруде. Атап айтсақ, биыл қант қызылшасы 1276 гектар алқапқа орналастыру жоспарланса, бүгінде оны 1751 гектарға артығымен септік. Жыл санап оның әр гектардан алынатын өнімі де жоғарылап келеді. Шаруашылықтардың былтырғы табыстары әр гектарына 430 мыңнан 1 миллион 200 мыңға дейін жетті. Бірақ жоғары өнім алу үшін агротехникалық талаптарды сақтай отырып күтіп-баптау жұмыстарын жетілдіре түсу қажет. – Ағын су мәселесін қалай шешіп отырсыздар? – Ағын су біздің өңір үшін де өзекті. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін иесіз қалған 46 ұңғыманың, 25 каналдың құжаттарын түгендеп, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Биыл қолдағы бар каналдарды жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлінбек. Кейбір каналдар бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, тиісті басқармаларға жолданған. Бұдан бөлек, ауданда ағын судың тапшылығын ескере отырып, су үнемдеу технологиясын шаруашылықтарға енгізу талабы тұр. Бұл бойынша 3184 гектар алқапқа су үнемдеу техногияларын орнату жоспарлануда (2019 жылы 2444 гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілген). Бүгінгі таңда «Гүлдер» шаруа қожалығы жер асты суын бұрғылап шығарып, 26 гектар жеміс ағаштар алқабын тамшылатып суаруда. – Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаның барысы туралы айта кетсеңіз. – Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту. Яғни үй іргесіндегі жер телімдеріне бау-бақша салып сол жерден пайда табудың жолын көрсету. Жобаға енген Сұрат ауылдық округінде 462 ауланың 416-сы жобаға қатысуда. Ауылдың 177 азаматы жалпы құны 492,7 миллион теңгеге мал сатып алған. Ал үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жер телімдерін игеру үшін ауылдық округте кооператив құрылды. Кооператив несие ұйымынан 5 пайыз жеңілдікпен 97,2 миллион теңгеге лизинг жүйесімен 19 ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Бұл техникалар бүгінде халық игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, округ тұрғыны Қарақат Сәтімбаева томат цехын салу үшін «Тараз» ӘКК» АҚ-дан 9,6 миллион теңге несие алса, 2 азамат 15,7 миллион теңгеге жылыжай салуда. Тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаның екінші кезеңіне енді Сарымолдаев және Ақермен ауылдық округтерін енгізуге облысқа сұраныс беріп қойдық. – Халықты ауыз сумен қамту мәселесін шешу аталған бағдарламаларда қарастырылған ба? – Ауданда 45 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалған 13 елді мекені орталықтандырылмаған ауыз су құбырынан су ішуде. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауыз сумен қамтылмаған 4 елді мекен (Қостоған – 344 796,0 мың теңге, Т.Рысқұлов – 258 548,0 мың теңге, Қазақ диқан – 35 180,0 мың теңге, Қызыл Қыстақ – 32 828,0 мың теңге) және ауыз сумен қамтылған 1 елді мекеннің (Кентай – 15 233,0 мың теңге) жобалары қолдау тапты. Халық саны 200-ге жететін Беларық ауылын «Жамбыл су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны арқылы ауыз сумен қамтуға өтінім тапсырылды. Биыл Ақкөз, Қайнар ауылын ауыз сумен қамтуға аудандық бюджеттен қаражат қарастырылды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жыл соңында орталық ауыз сумен қамтылған елді мекен саны 38-ге жетіп, ол 84,4 пайызды құрайтын болады. – Елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету бағытында ауданның көрсеткіші жоғары. Газ жоқ елді мекендерге табиғи отынды жеткізу жоспарда бар ма? – Бүгінде 45 елді мекеннің 39-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Қалып отырған Ақкөз-Қайнар, Жауғаш батыр, Мыханды, Қарасу, Тасөткел, Шемен ауылдарын газдандыру жоспарда бар. Былтыр Қарасу және Ақкөз-Қайнар елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті басқармаларға тапсырылған. Биыл тағы 2 ауылдың ЖСҚ-сын өткіздік. Сараптама қорытындысы белгілі болса алда 4 елді мекенге табиғи отын кіріп қалуы мүмкін. – Ауыз су, табиғи газ тарту бағытында біраз жетістіктерге қол жеткізген екенсіздер. Ауылішілік жолдарды жөндеу жағы қалай ұйымдастырылуда? – Аудандағы шешілмей тұрған мәселелердің бірі – ауылішілік жолдар болатын. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы ауданда 114 ауылішілік жол орташа жөндеуден өткізу үшін 1319902,0 мың теңге қарастырылды. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 147 ауылішілік жолды жөндеуге 2 027402,9 мың теңге бөлініп отыр. Осы бағдарламалардың арқасында биыл жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесін 93,1 пайызға жеткізбек ниеттеміз. – Аудандағы мектептердің бүгінгі жағдайы қандай? Жөндеуге қойылған мектептер бар ма? – Заманның талабына сай білімді ұрпақты тәрбиелеу үшін мектептің материалдық-техникалық жабдықтарын жаңартумен қатар, ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу, мектеп қажет елді мекендерге жаңа мектептің құрылыстарын жүргізу жұмыстарын жоспарлау – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі. Биыл 120 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Оған бөлінген қаражат – 505,5 миллион теңге. Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 мектептің (№11, №12, №48, №44) және балалар кітапханасы ғимаратына күрделі, 1 мектеп (№4 мектеп) пен аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимараттары ағымды жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ 25 мектепте санитарлық-техникалық жұмыстар істелуде. Сонымен бірге «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Меркі ауылында спорт кешені тұрғызылуда. Ол келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек 19 елді мекенде спорт алаңдарын орнату және абаттандыру көзделіп отыр. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен Сұрат және Жамбыл ауылдарында спорт ғимараттарының құрылысын жүргізу жоспарда бар. – Халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыс қалай шешімін тауып отыр? – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламсының ІІІ бағыты аясында ақылы қоғамдық жұмысқа 235 азамат тартылды. Жастар тәжірибесімен 24 жас 13 мекемеге жолдама арқылы жұмысқа жіберілді. Жоғарыда айтылған бағдарламалар мен жобалар аясында 1290 адам жұмыспен қамтылды. Қорыта айтсақ, биыл 3 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттарда бөлінді. Бұдан бөлек, ауданда жұмыс орындарын ашқан жекелеген кәсіпкерлер тарапынан да жұмысшыларға сұраныстар түсіп жатыр. Сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламсының ІІ бағыты аясында өткен жылы 510 адамға 505 мың теңге мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсіптерін ашты. Ал биыл өтініш берген 50 адамның 25-і жақында қаржыларын қолдарына алып отыр. – Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? – Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске асырылғалы субсидиялау бағыты бойынша 1864,0 миллион теңгені құрайтын 66 жоба, жетіспейтін инфрақұрылым тетігі бойынша 411,2 миллион теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылып 500-ден астам жаңа жұмыс орынымен қамтылды. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қайтарымсыз мемлекеттік грант беру тетігі бойынша 19 миллион теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылды. Атап айтсақ, 2 жылыжай, 2 бөдене шаруашылығы, қолғап өндірісі, сауда бөлімдерін құру, компьютерлік қызмет көрсету, кептірілген жеміс өндірісі, түрлі түсті құрт, сабын өндірісі жобалары. Сонымен қатар өткен жылы бағдарламаның инфрақұрылым жүргізу тетігі бойынша «Ақ бидай-2» шаруа қожалығына электр желісі жүргізілді. Ал биыл жобалық құны 103 миллион теңгені құрайтын 1 жоба Аймақтық үйлестіру кеңесінде мақұлданды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өткен жылы 52 миллион теңгені құрайтын 3, биыл 145 миллион теңгені құрайтын 4 жобаға қолдау көрсетіліп отыр. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 360 миллион теңге құрайтын 5 жобаға қолдау көрсетіледі деп жоспарлануда. Алдағы бесжылдықта аудан көлемінде өндіріс саласында жалпы сомасы 13676,5 миллион теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. – Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін беру бағытында қандай жұмыстар қолға алынуда? – Бүгінгі таңда ауданда жер теліміне 4 940 адам кезекке тұрған. Тұрғын үй салу мақсатында халыққа жер телімін беру үшін алдымен инфрақұрылым жүргізілуі тиіс. Бұл бағытта биыл 1 елді мекеннен 38 жер телімі берілмек. Сондай-ақ 5 алқаптың электр жүйелерінің және 3 алқаптың қиыршықтас жолдары құрылыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлінді. Аталған алқаптардың су жүйелерінің құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтуде. Инфрақұрылымдарының құрылыстары аяқталғаннан кейін 720 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Андас батыр ауылында кеденшілерге арнап салынып, бірақ құрылысы аяқталмай қалған көппәтерлі тұрғын үйді ағымдағы жөндеу, сумен жабдықтау, газдандыру, электрмен жабдықтау және абаттандыруға ЖСҚ-лары әзірленіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 66538,0 мың теңге қаржат бөлінді. Бұл жұмыстар аяқталған соң, тұрғын үй кезегінде тұрған 20 жанұяны тұрғын үймен қамтамасыз ететін боламыз. – Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.