Саясат

109 нөміріне қоңырау шалсаңыз

109 нөміріне қоңырау шалсаңыз

денсаулық жағдайыңызға байланысты тегін кеңестер береді Коронавирустың жеңіл формасын өткеріп жатқан және жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандарға үй жағдайында медициналық көмек көрсету үшін 8 шілдеден бастап Тараз қаласында дәрігерлердің онлайн-кеңесі жүйесі өз жұмысын бастайды.

Бұл жүйе облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен іске қосылып отыр. Енді азаматтардың денсаулық жағдайына байланысты шағымдарына қарай өңірдің білікті дәрігерлері науқастарға күн сайын ертеңгі сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін тегін кеңес беріп, ем-шараларын тағайындайды. Ол үшін бар болғаны 109 нөміріне қоңырау шалу қажет. Ал байланыс операторлары автоматты түрде желіге қажетті маманды қосып береді. Осылайша сіз ауру белгілеріне сай қандай ем қабылдау керегін біліп, егер дәріханадан іздеген дәрі-дәрмекті таппасаңыз, оны алмастыратын анологін алуға болатынын сұрай аласыз. Сондай-ақ олар оқшаулану тәртібін түсіндіріп, пандемияға қатысты басқа да сауалдарыңызға жауап беретін болады. – Біздің негізгі міндетіміз – қазіргі кезде коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты тұрғындардың үйден шықпай, кәсіби медициналық тегін көмек алуын қамтамасыз ету. Call орталығының операторлары пандемияның таралуын тежеу үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқанын, карантин талаптарын сақтау үшін не істеу керектігін айтып, ПТР тестін тапсыру жолдары туралы түсіндіріп береді, – дейді басқарма басшысы Марат Жұманқұлов. Тұрғындар 109 нөміріне телефон шалу арқылы дәрігер көмегіне жүгінумен қатар, дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдарын түсіруіне болады. Ал азаматтардың арызы арнайы мониторингтік топтарға жолданып, тексеру-зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті шара қолданылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.