«Өзің ақын жігіт екенсің» деп арқамнан қақты
«Өзің ақын жігіт екенсің» деп арқамнан қақты
Қыс айларында Жуалының сұрапыл бораны талай адамды жолдан қалдырып, жүргізуші мен жолаушыларды әбігерге салып қоятын кездері аз емес. Сондай боранның бірінде №91678 әскери бөлімнің қос сарбазы ерлікке тән өрлік көрсетіп, кейіннен Тұңғыш Президеттің арнайы қабылдауында болып, Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан медель алған болатын.
Бұл оқиға 2007 жылдың желтоқсан айында, дәлірек айтсақ Жаңа жыл қарсаңында болып еді. Бір сәт арқа шегініп, сол оқиғаны еске алып өтсем. Сол жылы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жолға шығып, Шақпақата асуында көлік тығынында қалып, дүлей қарлы боранға ұшыраған адамдардың тартқан азабын, екі күнге созылған мехнатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Боран басылғанда оқиға орнында болып, жағдаймен жан жақты танысқан едік. Адамдықтың да, кісіліктің де сыналар тұсы осы болар. Үй іргесінде, күре жол бойында үсікке ұрынып, жол азабын тартып, ашқұрсақ, бүрсең қаққан жолаушыларды құшақ жая қарсы алғандар аз болмады. Сол боранда адамдарды құтқаруда №91678 әскери бөлімнің сержанттары, бөлімше командирлері Нұркелді Омаров пен Қуат Әбішев ерекше көзге түсті. Бірі – Амансай, екіншісі – Шақпақата ауылында тұратын олар еліміздің түкпір-түкпірінен жолға шығып, Шақпақата асуында қар құрсауында қамалып, боран қамауына түскен жолаушыларға аянбай көмек көрсеткен еді. Мен сол күні әскери бөлімнен шығып ешқайда алаңдамастан ауылға тарттым, – деп еске алады Нұркелді Омаров. Аудан орталығынан Шақпақата бағытына шыққан «Нива» көлігіне мініп, бір сағат дегенде Шақпақатаға жеттім. Қас қарайып қалған. Боран түтеп тұр. Ары қарай Амансайға жаяу жүруіме тура келді. Жол бойы машина. Көлік толы адам. Сыртта да бүрсең қағып жүргендер бар. Үйге жеткенше төрт-бес адамды ілестіріп алдым. Олар «Мұндай боранды көрген емеспіз» дейді. Аяп кеттім, киімдері жұқа екен. Менен көмек күтіп тұр ғой. Сағат тоғызда үйге жеттім. Біздің үй жолға жақын. Сондықтан болар мен келгенше де 40-50 шақты адам біздің үйді паналапты. Бұл түні мен бауырларыммен қарап жатпадым. Қасыма інілерім Жангелді мен Әділетті ертіп маңайдағы көліктерді түгел қарап, онда қалған адамдарды үйге жеткізумен болдық. Таң қылаң бере үйді тауып, есіктен кірген корей ұлтының азаматы табалдырықтан аттаған бойда есінен танып құлады. Үсті-басы мұз. Оны сылап-сыйпап, киімін ауыстырып есін жидырдық. Тілге келген ол көлікте ағасы мен жеңгесі, олардың үш және төрт жастағы қыздары және досының барын айтып осында жеткізуін өтінді. Оған өзім шықтым. Машинасын тауып, екі қызын көтеріп, өзгесін адасып қалмас үшін арқанмен байлап жетекке алдым. Өздері қатты тоңып, қыздары ауырып қалыпты. Оларға анам Нұрбике мен қарт әжем Үрләй көмек көрсетіп, ем-домын жасады. Оларды әкеле жатып тағы бір машина ішінде отырған адамдарды байқап қалғанмын. Қайтып келіп, төңірегін күрекпен ашып, ішіндегілерін шығарып алдым. Оталып тұрған машинаның түтіні ішке ұрып, аздап уланып қалыпты өздері. Екі күн бойы нәр татпаған, екі студент қыздың үйінен алып шыққан талқанына ортақтасып отырған 27 адамды да автобус терезесінен шығарып алуға тура келді. Сол күндері үйде ине шаншар орын болған жоқ. 132 адамды паналаттық. Әкем Кемелхан тамаққа деп екі қой сойып берді. Інілерім үш шақырым жердегі дүкеннен жаяу азық-түлік тасыды. Бір пеште тамақ пісіріліп, бір пеште нан үздіксіз жабылып жатты. Бораннан пана болған біздің шаңырақтағы қонақтарымыз шексіз алғысын айтып кетті». Келесі кейіпкеріміз Қуат Әбішев: «Ол күні біз жеңіл брондалған танкіге мініп, жолда қалған жолаушыларға көмек бердік. Алғашында Күйік асуында болдық. Содан кейін Шақпақата асуына келдік. Қия жақты жалғыз аралап қайттым. Өз басым осында туып-өссем де мұндай боранды алғаш көруім. Сәл қимылсыз тұрсаң қатып қаласың. Қарлы боранмен бірге үскірік аяз соғып тұр. Қардан қарыс адым көрінбейді. Тек көлік жағалап жүруіме тура келеді. Мені көріп «Бізді құтқаратын әскерилер келген екен» деп көмек сұрағандар көп болды. Экипажыма қайтып келген соң мән жайды баяндап, адамдарды жылы жерге орналастыру керектігін айттым. Сөйтіп біз олардың біразын мектепке, өзге де жылту пункттеріне тасымалдадық. Онда сыймағанын өз үйіме тасыдым. Сол күні 120 жолаушыны көліктерінен түсіріп үйімде күттім. Олар телефонмен туыстарына хабарласты. Көзбен көрген соң қалай тастап кетесің. Қар қамауында қалған кейбір жеңіл көліктерден адамдарды аршып алуға тура келді. Ол күндері өзіміз де, өзгелер де бір тынған жоқ. Шайды шелектеп қайнаттық. Өзім арашалап алған кісілерді үйімде 4 күн жатқыздым. Жолдастарым да менің үйімде болды. Кетерлерінде олар рахметтерін айтып, баталарын беріп кетті, – деді ол. Иә, бұл нағыз азаматқа лайық іс. Нұркелді де, Қуат та өз көмегімен қоса ерлікке парапар іс атқарып, көпшіліктің алғысына бөленген еді. Міне, сол боранда көп адамның жанына арашашы болған қос азамат Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің шақыруымен 2008 жылы Астанада Елбасының қабылдауында болған еді. «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығынан бұл құрметке екеуі ғана ие болды. Оларды Елордада Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі қабылдап, өз қолымен кеуделеріне «Ерлігі үшін» медалін тақты. – Біз Елбасы қабылдауында 12 сарбаз сап түзеп қаз-қатар тұрдық. Елбасы қолымды алып, төсіме «Ерлігі үшін» медалін таққан сәттегі сезімді жеткізе алмаймын. Төбемнің көкке бір елі жетпей қалғаны анық. Ол сәт мен үшін естен кетпейтін естелік. Мен Елбасымен, еліміздің Тұңғыш Президентімен кездескен осы кездесуімді әлі күнге есіме алып, ұлдарым менен үлгі алсын деп айтып отырамын, - деді Қуат Әбішев. – Әрине, Елбасы қолынан медаль аламыз деген ой өңім түгіл түсіме де кірген емес. Біз бар болғаны өз міндетімізді орындадық. Боранда жолда қалғандарға көмек көрсеттік. Бұл сол кісілердің бізге берген батасының қайтарымы болар. Сол оқиғаны сіздер, журналистер жеткізбегенде біз мұндай марапатқа ие болмас едік. Қаруласым айтқандай Елбасымен кездесу менің де бойымда мақтаныш сезімді ұялатты. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елге оралғаннан кейін де ол сезімнің ықпалы бізді жұмысқа деген, Отанға деген отаншылдық парызымызды арттырғандай болды. Бұл медаль маған ғана емес, менің отбасыма берілген марапат деп санаймын, – деді сержант Нұркелді Омаров. Елбасының қолынан кім-кімнің болса да медаль алу пешенесіне жазыла бермесі анық. Ол медалді Елбасы қолынан алған Нүркелді мен Қуатты Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығының мақтан тұтатындығы белгілі. Сол салтанат үстінде барлық жауынгерлер атынан өзінің ізгі тілегін өлеңмен жеткізген Қуат Елбасының «өзің ақын жігіт екенсің» деп арқасынан қаққанын тебірене жеткізді. Әлі де азаматтық борышын өтеп жүрген қос сарбаз «Халыққа қызмет ету өзіміздің перзенттік парызымыз» деп есептейді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы.