Білім

Әнді ерекше ықыласпен тыңдайды

Әнді ерекше ықыласпен тыңдайды

«Әу дегеннің бәрі әнші емес, ән шығарғанның бәрі Шәмші емес» дегендей, әнді жүрекке жеткізіп айтатын дарындар сирек болады. Ондай ерекше өнер иелерін тыңдаудан жалықпайтының анық. Сондай дара өнерпаздардың қатарында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев та бар. Сол Жаратушы сыйлаған ерекше бұлбұл дауысының арқасында Елбасының алдында бірнеше рет ән салу құрметіне ие болды.

Есет ДОСАЛЫ

Еліміздің Тұңғыш Президенті 1998 жылы Жамбыл облысына арнайы жасаған іссапарынан кейін Жуалы ауданының аумағындағы Билікөлде аз уақыт серуендеп, демалады. Уақыт – тамыз айы. Күн күйіп тұр. Елбасыға арнайы шатыр тігілген. Шатыр асты әрине, салқын әрі көлеңке. Бірақ, әншілер күн түсетін жерде қалып қояды. Арасында Сәуле Желдібаева, Бақыт Шағырбаев та бар. Бұл жағдайды бірден байқаған Елбасы: «Бұлай болмайды. Қане, сіздер бері дастарханға жақындап, көлеңке түсетін жерге келіп, отырыңыздар», – дейді салған жерден. «Мен сонда Елбасының байқағыштығына таң қалдым. Тегін адам емес қой. Ол кісінің алдында «Шал ақынның термесін» орындап едім. Риза болды. Батасын берді. Сол кезде бар болғаны 22 жаста едім» дейді әнші Бақыт Шағырбаев. Осы 1998 жылдың күзінде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш жерінде Қарасай батырдың 400 жылдығы өтті. Осы іс-шараға Елбасы және Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаев қатысты. Оларға арнап биік қырдан Ақорда дайындалған. «Ал мен Шу ауданына (Жамбыл облысы) бөлінген қонақ үйде ән салып отыр едім. Сол жерге ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Өмірбек Байгелдиев келіп қалып, өнерімді байқап, мені екі елдің Президенттері отырған Ақордаға алып кетті. Екі мемлекеттің Президенттері алдында бірнеше ән салып, алғыстарына бөлендім. Елбасының жанында отырған Сара Алпысқызы апайымыз да өте риза болды. Әсіресе, Елбасының сөзіне жазылған, Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әні, Қырғыз халқының «Таң сыры» әндері үлкен кісілерге ерекше әсер етті», – деп сол күндерді сағынышпен еске алады Б.Шағырбаев. Көп ұзамай Бақыт әншіні Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Мырзатай Жолдасбеков шақыртып, жұмыспен қамтып, екі бөлмелі пәтер бергізеді. Ал Еуразия университетіне Елбасы жиі келетін. Сол мемлекет басшысы келген іс-шараларда Б.Шағырбаев та ән салып жүрді. Ал 2006 жылы Серік Үмбетов Алматы облысының әкімі болып ауысқанда бірнеше талантты өнерпаздармен бірге Бақыт та сонда шақырылады. Ол туралы өзі: – Серік Әбікенұлының шақыруымен біраз өнер өкілдері Талдықорғанға ауысты ғой. Елбасы бұл өңірге іссапармен келгенде алдында ән салып жүрдік. Өзім сол Талдықорғанда жүргенімде Елбасының алдында екі рет ән салдым. Ол кісі ерекше ықыласпен, әннің сөзіне де, әуезіне де мән беріп тыңдайтын. Елбасының батасын алғаннан жаман болған жоқпын. Осы өнеріммен аралап, талай жердің дәмін таттым. Еліміздің тұңғыш Президентіне деген құрметім бөлек. Алматы облысында жүргенде белгілі ақын Есенқұл Жақыпбекке «Аман болсын, Нұр ағам» деген терменің сөзін жазғызып алғанмын. Ол термеде: «Ал, халайық бастайын, Әндеріңді сараған, Қазақстан ел жұртын, Құрамадан құраған. Аман-есен сол жұртты, Алып өткен жырадан. Алып өткен елімді, Тар соқпақпен бұралаң, Аман болсын, Нұр ағам» дейтін ұлағатты жолдар бар. Таластық ақын Нарша Қашағанұлының «Ертеңгі қазаққа хат немесе Елбасы монологы» атты алты тараудан тұратын толғауына да ән шығып, термеге айналды. Қазір осы Есенқұл мен Наршаның сөзіне жазылған термелерді орындап жүрмін. Алдында ән салуым арқылы Елбасының ерекше қасиеттеріне, қарапайымдылығына, байқағыштығына, көңілінің тазалығына, отаншылдығына сан рет куә болдым, – дейді әнші Бақыт Шағырбаев.

Тараз қаласы.