- Advertisement -

НұрӘбиНаз

92

- Advertisement -

өз есімін мақтан тұтады

Балаға ат қою да өнер. Ат қою арқылы әрбір ата-ана өз ұл-қызын үлкен биіктен көргісі келері хақ. Сондықтан да ұл-қызына белгілі тұлға есімдерін беруге құштар келеді. Байқап қарасаңыз бүгінде Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімімен аттас Бауыржандар, Елбасы есімін иеленген Нұрсұлтандар, қазақтың батыр қыздары Мәншүк пен Әлия, жезтаңдай әнші Роза апаларымыздың есімдерін арқалап жүрген қыздарымыз өте көп. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміздің есімі – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аты-жөнінің бас буындарының жиынтығынан құралған. Ол – НұрӘбиНаз атты қыз.

Қазір НұрӘбиНаз Б.Момышұлы ауылындағы №29 орта мектепті бітірген. 2003 жылы дүниеге келген оған бұл есімді әкесі Асылбек қойыпты. Оның мамандығы инженер-құрылысшы. Бүгінгі таңда ол жол саласында еңбек етуде. Бұған дейін ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп келген. Ондағы сәулеті мен сәні келіскен талай тамаша ғимараттардың құрылысын салуға үлес қосыпты. Оның ішінде Конгресс холл, егіздер мұнарасы сияқты ғимараттар да бар.
Ортаншы қызы дүниеге келгенде Асылбек қызына НұрӘбиНаз есімін қояды. Өйткені Астана қаласының құрылысына араласып, Елбасы бастамасымен тұрғызылған бас қалада жұмыс істегенін қыз әкесі мақтан тұтатын. Елбасын да қатты құрметтейтін. Сондықтан да қызына осы ерекше есімді беруді жөн көріпті.
Алдында ата-әжесі «Жүгі ауыр есім, балаға ауыр соғып жүрмесін»,- деп ұлын райынан қайтармақ та болыпты. Бірақ оған әкесі көнбеген. Міне, бүгінде бұл есімін НұрӘбиНаз мақтан тұтады. Бұл атқа лайық болуға ол әрдайым тырысып келеді.
Оның бастауыш сыныптағы ұстазы Гүлнұр Сағындыққызы да НұрӘбиНаздың зеректігін, оқуда озат болғанын айтады. «Ол өз құрбыларына қарағанда сөз саптауымен, мақал-мәтелдетіп сөйлеуімен де ерекшеленетін. Әрі десе ол шығармашылықпен де айналысатын. Есімде қалғаны Тұңғыш Президент күніне орай мектепішілік іс-шарада ол «Менің Президентім» атты ғылыми жұмысын қорғап, бас жүлдені иеленіп еді» деп еске алады алғашқы ұстазы. Ал 5-11- сынып аралығында жетекші болған Майра Есбаеваның да шәкіртіне деген пікірі жақсы. Оның айтуынша, өзі дәріс беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен талай байқауларға қатысып, жүлдегер атаныпты. Көркемсөз оқу байқауларында да талай жүлдені иеленсе керек. Аудандық, облыстық байқауларда топ жарған ол 2017 жылы Астана қаласында өткен Ғабит Мұстафиннің шығармашылығына арналған көркемсөз оқу байқауына қатысады. «НұрӘбиНаз зерек қыз. Биыл мектепті жақсы аяқтап, журналист мамандығы бойынша оқуға түскелі құжаттарын жинастыруда. 9-сыныптан бастап осы мамандықты таңдаған ол газеттерге мақала жазып тұрады. Оның болашағынан біз зор үміт күтеміз», дейді сынып жетекшісі.
– Қызымды мақтағаным емес, ол шынында зерек. Үйде негізінен оның тәрбиесімен әкесі айналысады. Ол қызынан үлкен үміт күтеді. Өйткені туыстарымызда өнер жолын қуған адамдар көп. НұрӘбиНаз балалық шақта өлең де жазды. Алда аға-апалары сияқты шығармашылықпен айналысады деген сенімдемін. Бұдан бөлек, сурет салады. Сурет байқауларына да қатысып тұрады. Салған суретіне қарап ертегі де құрастыратыны бар. Келешекте қызымыз журналист қана емес, жазушы да болады ма деген үмітіміз де жоқ емес, – дейді анасы Мунира. Мунираның өзі де ұстаз. Ол №1 мектеп-гимназияның бастауыш сыныбының мұғалімі.
НұрӘбиНаз Асылбекқызы қолы боста кітап оқығанды, сурет салғанды ұнатады. Мектепте би үйірмесіне, ағылшын тілі курсына қатысқан онымен осыдан жеті жыл бұрын кездесіп, ол туралы мақала жазғаным бар. Ол да сол кезде барша балалар тәрізді арманшыл болатын. Сол бір кездесуімде маған «опера әншісі, белгілі саясаткер боламын» деп еді. Арманның үлкені – Астананы (Нұр-Сұлтанды) көру болатын. Бәйтерекке шығып Елбасы Н.Назарбаевтың алақаны таңбаланған таңбаға қолын қойып, тілек тілеу. Әкесі араласқан құрылыс нысандарын аралау. Мүмкін болса Елбасының қолын алып, батасын алуды армандаған еді. Салыстырып отырсам қазір НұрӘбиНаздың көзқарасы да, ой-өрісі де өзгерген.
– Сізге айтқан армандардың біразы орындалды. 2017 Тұңғыш Президент күні қарсаңында бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында болдым. Елорданы тұңғыш көруім. Маған қатты ұнады. Әкем айтқан барлық ғимараттарды көрдім. Онда Ғабит Мұстафинның шығармашылығына арналған көркемсөз оқу байқауына қатысу үшін барғанмын. Жолым түсіп, Бәйтеректің ұшар басына шығып, Елбасының алақаны таңбаланған таңбаға алақанымды басып тұрып тілек тіледім. Сол сапарымда «Есімі ерекше қыз» деген айдармен Астана телеарнасында сұхбат та бердім. Сөйтіп ол сапар есімде ұзақ сақталып қалды. Жалпы есіміме қатысты көп журналистер хабарласты. Олардың бәрімен сұхбаттаса отырып бала кездегі арманымды өзгерттім. Маған олардың сөйлеу мәдениеті, сыпайылығы қатты ұнайтын. Соның да әсері шығар журналист болуға ұйғарғаным. Ата-анамның да қалауы сол. Менің елге қызмет етуімді, шығармашылықпен айналысуымды қалайды, – деді ол.
НұрӘбиНаздың мен білетін орындалмай қалған бір арманы бар. Ол Елбасымен кездесіп батасын алу. Бұл туралы оның өзі: «Мен болашағыма сенем. Алла қаласа, жоғары оқу орнында озат болып, Елбасымен кездесудің сәті түсіп қалар деген сенімдемін. Кім біледі, бір күні Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлынан сұхбат алып отырсам таң қалмаңыз», деп жылы жымиды. Оның қайсарлығы мен талапшылдығы мақсатына жеткізсін.

Жуалы ауданы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support