- Advertisement -

Өз бетінше емделіп,антибиотиктерді іше беруге болмайды

80

- Advertisement -

Көпшілігіміз сөзге ергішпіз. Мамандар дабыл қағып жатса да, арқаны кеңге салдық. Әуелде қатерлі індеттің денсаулығына, тіпті өміріне қауіпті екеніне сеніп, сақтанып жүргендердің өзі жұрттың: «Ой, сен-ақ, жаңбыр жаумай су болып жүреді екенсің, блок-посттың өзі бұйым болып па, елдің бәрі ары-бері өтіп жатыр» деген әңгімесін естіген соң, мықтап ойланып қалды. Ақыры осы алып-қашпа сөз көпті жолдан тайдырды. Ары-бері қыдыру тоқтамады. Содан ба, әлде басқа да жанама әсерлері болды ма, әйтеуір қазіргі көрсеткіш көңілге қорқыныш ұялатады. Ендеше, COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны қалай күрт өсіп кетті? Дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшы, ал ауруханаларда ше? Науқастар күн санап көбейе түссе, емдеу мекемелерінде төсек-орын жете ме? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осы мәселелердің басын ашып айтты.– Марат Сейітбекұлы, елімізде коронавируспен ауырғандардың жаңа статистикасы жарияланды. Бұған дейін өңірде індетке шалдыққан науқастардың саны 700-ден сәл асып тұрған. Қазіргі көрсеткіш 1400-ден көп. Әп-сәтте 700-ден артық дертті жанның есебі қайдан шыға келді?

– Кешегі күннен бастап коронавирус жұқтырғандар туралы деректің жаңа статистикасы қолданылуда. Бұған дейін ауру белгілері бар науқастар мен симптомсыз вирус тасымалдаушылары туралы есеп екі бөлек жүргізілетін. Жалпы көрсеткіште есепке еніп, COVID-19 індетінің клиникалық белгісі байқалып, ауруханаға жатқызылғандар саны біздің өңірде 703-ке жеткен. Сол тізімге симптомы жоқтар қосылған соң, бірден 1423-ке жетті. Бірақ екеуінде емдеу шаралары бөлек. Алғашқы топқа жатқызылғандар, яғни дерттің белгісі барлар жұқпалы аурулар ауруханасында стационарлық ем қабылдайды. Ал вирус жұқтырғанымен, ешқандай ауырсынуды сезінбейтіндер амбулаторлық бақылауда болады. Олар бекітілген алгоритмге сәйкес, үйде оқшауланып, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Егер 14 күннің ішінде дене қызуы көтеріліп, басқа да өзгерістер байқалмаса, мұндай вирус тасымалдаушыларды емдеудің қажеті жоқ.
– Сырқатынан сауыққан­дардың саны 500-ден асады. Емделіп жатқандары 300-ге жуық. Ал облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 130 орынға арналған. Қалған науқастар қайда ем алып жатыр?
– 1 шілдедегі статистика бойынша облыста дертінен сауығып шыққандар саны – 511, ал емделіп жатқандары 300-ге жуық. Рас, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында төсек-орын саны шектеулі, қазір онда қосымша 80 орын қамтамасыз етілген. Тараз қаласындағы Ә.Әйтиев көшесіндегі облыстық көпбейінді аурухана инфекциялық стационарға ауысып отыр. Ол жерде қазір 78 азамат емделуде. Бұдан бөлек Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы туберкулезге қарсы санаторийдің төсек-орындары бейімделіп, қайта жабдықталған. Онда 68 науқас жатыр. Жалпы алғанда өңірде инфекциялық ауруларды емдейтін стационарлық 665 төсек-орнын қамтамасыз етіп отырмыз. Бұрынғы қалалық балалар ауруханасында 80 төсектік провизорлық бөлім іске қосылған. Онда симптомдық белгілері байқалған, бірақ ПТР сараптамасы анықталмаған сырқаттар жатқызылады. Бұл жерде бір айта кететіні, дәрігерлер талдау нәтижесі анықталғанға дейін науқастың шағымына қарай, мәселен, созылмалы дертіне байланысты емдеу шараларын жүргізе береді. Себебі соңғы кездері түсіп жатқан сырқаттардың басым көпшілігі –пневмонияға шалдыққандар. Ал тест қорытындысында COVID-19-ға оң көрсеткіш көрсетсе, инфекциялық бөлімдерге ауыстырылады.
– Көпшілік бұрын мән бермей келді ме, қазір тұмауратып қалғандардың өзі абдырап, қандай ем-дом жасарын, қайда барып, кімге қайырыларын білмей жатыр? Бәрінің айтатыны біреу – «Мұндай тұмауды көрген емеспіз?». Жұрт үрейге бой алдырмауы үшін мұны мамандар түсіндіру керек шығар? Тұрғындар қайда хабарласқандары жөн? Кеңесті кімнен сұрайды?
– Біз қазір «103» жедел жәрдем қызметіне тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталықты іске қостық. Тұрғындар меңдеген сырқатына байланысты сауалын сонда хабарласып, сұрауына болады. Дәрігердің кеңесін немесе коронавирусқа қатысты өздеріңізге керекті ақпаратты да ала аласыздар. Сондай-ақ Тараз қалалық №5 емханада облыстық өңірлік Call-орталығы ашылған. Мұнда қалалық «1302» және 8-800-0804821 ұялы байланыс нөмірлері бойынша телефон шалуға мүмкіндік бар.
– Дерт өршіп кеткелі Жамбыл өңірінде ғана емес, республика бойынша дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы туындап жатыр. Ал ауруханалардағы жағдай қандай? Науқастарды емдеу курсы тоқтап қалған жоқ па?
– Дәріханалардағы жағдайды бақылайтын арнайы департамент бар. Тапшылық неден туындады? Тұрғындар арасында тұмауратып, пневмонияға шалдыққандар көбейгелі өзі ауырмаса да, дене қызуын түсіретін, антибиотиктерді көптеп сатып алып жатқандар бар. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын, дәріханадағы дәріні бәріміз тасып әкетсек, шын мәнісінде дерті меңдеген жандар дәрі-дәрмек таппай қалуы мүмкін ғой. ПТР тестке қатысты мәселе де сондай. Дәл қазіргі уақытта ауру белгілері байқалмаса, сараптама жасатудың қажеті жоқ. Міндетті түрде тесттен өтуі тиіс топтар бар. Олар – індет жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болғандар, емдеуші дәрігерлер. Сіз, тексеруден өткіңіз келсе, оны жасай аласыз, әрине. Бірақ ПТР тестін тапсыру міндеттелген нысаналы топтарға жетпей қалуы да кәдік.
Ал ауруханалардағы ахуалға келсек, біз бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» серіктестігі арқылы емдеу мекемелері қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Барлығы өзіміз берген сұранысқа сай жеткізіліп отыр. Соңғы уақытта пневмонияға шалдыққандардың саны күрт өскелі 300 миллион теңгеден астам қаржыға тағы да қосымша сұраныс жасадық. Компания бұл тапсырысты 7 шілдеге дейін әкеліп бермек.
Орайы келгенде айта кетейін, коронавирус індеті алғаш тіркелген кезден бастап көпшілікте «дәрігер COVID-19 індетіне шалдыққандарды көз жазбай қарап отыруы керек» деген түсінік қалыптасқан. Егер науқастың жағдайы ауыр болмаса, сырқаттың жай-күйін күнделікті қарап, қажет емін тағайындаған соң, қасында бақылап отырудың қажеттілігі жоқ. Реанимацияда жатқандарға ғана мамандардың үздіксіз бақылауы керек.
– Пневмонияға шалдыққандар көбейіп кетті. Жұрттың көңілінде «бұл – COVID-19 дерті емес пе?» деген уайым да тұр. Екі дерттің симптомдық белгілерінде қандай айырмашылықтар бар?
– Бірден айтайын, көпшіліктің бұлай алаңдап отырғаны бекер емес. Пневмония мен коронавирус індетінің симптомдық белгілерінде айырмашылық өте аз. Екеуінде де өкпе зақымданады. Жөтел, ентігу, яғни демікпе пайда болады. Дене қызуы көтеріледі. Бірақ COVID-19-да жөтел қатты қыспайды.
Қазіргі кезде пневмониямен ауырғандар көбейіп тұр. Біздің өңірдің өзінде олардың саны 515-ке жетіп отыр. Оның 250-і – тараздық. Сырқат жандардың 50 пайызы 50 жастан асқандар екені алаңдатады. Бұл нені көрсетеді? Жасыратыны жоқ, карантиндік режім жеңілдетілгелі әлеуметтік арақашықтық сақталмады. Отбасылық іс-шаралар қайта көбейді. «Шақырған жерден қалма» дейміз ғой жайшылықта, алайда жиын-тойларда сіз симптомсыз науқастармен бір дастарханда отыруларыңыз да мүмкін екенін естен шығармаңыз. Олар өздері ауырмаса да, басқаға жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан біз осындай дерт дендеп тұрған қиын-қыстау кезеңде қарттарымызды қорғауымыз керек. Жасы келген адам індетке шалдықса, өте ауыр өткереді. Баршамыз ата-аналарымызды, ата-әжелерімізді сақтайық, қазіргі кезде ел аралап қыдыруға болмайтынын ескертейік!
Коронавирустың белгілерінің бірі дененің сырқырап ауыруы. Құрғақ жөтел, дене қызуы тұмауратқан кезде де болады. Қазір ауруханаға түсіп жатқан науқастар бар, пневмониямен ауырған, бірақ клиникалық белгілері COVID-19-ға келеді. Ал ПТР тест теріс нәтиже көрсетіп тұр. Сондықтан қазіргі жаңа хаттамаға сәйкес, біз пневмониямен ауырғандарды да коронавирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмекпен емдейміз.
– Әлеуметтік желіде Алувия деген дәрі төңірегінде біраз кереғар пікірлер жазылып жатыр? Адам денсаулығына тигізетін кері әсерлері өте көп деседі. Бұдан басқа дәрі-дәрмек қолданыла ма?
– Алувияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған. Басқа мемлекеттер COVID-19-ға қарсы емдеу шараларында осы препаратты қолданып, оң нәтиже көрсеткен. Министрліктің жанында құрылған медициналық қызметтің сапасын бақылайтын комисия да осы дәрінің тиімділігін саралап, өз ұсыныстарын енгізген. Соның нәтижесінде бұл дәрі емдеу хаттамаларына енгізілді.
Әрине, кез келген дәрінің адам денсаулығына кері әсері бар. Бұл вирусқа қарсы кешенді препарат болғандықтан оның созылмалы аурулары бар сырқаттардың дертін қозғайды деген қауіп бар. Қазір клиникалық хаттамаларға басқа да вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер енгізілді. Олардың кері әсері төмендеу.
– Симптомсыз науқастар амбулаторлық бақылауға алынғанымен, ешқандай емдеу шаралары жүргізілмейтінін айттыңыз. Сонда олар не істеуі керек?
– Симптомы жоқтар «ауырып жатқан жоқпыз, яғни көшеге шығып, еркін жүре беруіме болады» деп ойлайды. Олар өздері ауырмағанымен, вирус тасымалдайды. Сондықтан міндетті түрде 14 күн оқшауланып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы керек. Ауру белгілері жеңіл түрде өтіп, үйінде емделіп жатқандар да бар. Бұл науқастар да, талаптарды қатаң орындауы тиіс. Бірақ өз бетінше ем қабылдап, антибиотиктерді іше беруге болмайды. Тіркелген емханасы бойынша дәрігер шақыртып, маман тағайындаған дәрі-дәрмекті ғана қолдану қажет. Біз қазір үйде көмек көрсететін медициналық қызмет тәжірибесін қайта жандандырып жатырмыз. Ол үшін өзіңіз қаралатын емханаға хабарласып, медбикенің көмегі керегін айтасыз. Себебі өзі сырқаттанып тұрған жан сыртқа шықса, ауруды басқаларға таратуы мүмкін. Сондықтан неғұрлым үйден шықпаған жөн.
Қайталап ескертетін бір мәселе – өз бетінше антибиотиктерді алып іше бермеу керек. Өйткені олардың коронавирусқа әсері аз.
– Әлеуметтік желіде түрлі ем шараларын жарнамалаушылар қаптап кетті. Тіпті вирусолог мамандардың өзі коронавирус тұзды суға төзімсіз деп айтып жүр. Тамақты тұзбен, ас содасымен булаудың қаншалықты пайдасы бар?
– Мұрын-ауыз қуыстарын күнделікті тұзды сумен шайып жүрудің артықшылығы жоқ. Бірақ алдын ала дәрігермен кеңесіп алған жөн. Өйткені жанама ауруы барларға мұндай ем-шаралары кері әсер беруі де мүмкін.
– Көпшілік коронавирус індетінің таралуы бойынша жүргізіліп отырған ресми статистикаға сенбейді. Мәселен, онда облыста COVID-19 дертінен қайтыс болғандар саны біреу. Ел іші болған соң, жаманат хабар жерде жатпайды ғой. Таныстарымыз, туыстарымыз «пәлен ауылда бір адам жаман індеттен қайтыс болды» деп айтып жүргенін естиміз. Ал бір күн былай тұрсын, бірер аптада статистика өзгермейді. Бұл қалай? Ашыған айтқанда өңірде қанша адам аурудан көз жұмды?
– Ашығын айтқанда індет басталғалы бері өңірде 30 адам қайтыс болды. Бірақ оның бәрі тікелей COVID-19 вирусының салдарынан көз жұмған жоқ. Көпшілігі созылмалы дерттерінің зардабын тартқандар. Коронавирустан өлгендерді арнайы республикалық комиссия тексереді. Марқұмның басқадай ауруларының бар-жоғын анықтайды. Жанама сырқатының қай кезде қанша рет науқастың өміріне қатер төндіргені де сараланады. Осы комиссия ауру тарихын сараптай келе бүгінгі күні облысымыздың 4 тұрғыны індеттен көз жұмды деп есептеп отыр. Енді алдағы уақытта ол жалпы көрсеткішке қосылады. Соңғы маусым айында пневмониядан қайтыс болғандар көбейіп кетті. Ол да зерделенеді. Байқасаңыздар, әлеуметтік желілерде кейбір өңірлерде мәселен, «бүгін COVID-19-дан алты адам қаза болды» деп жазып жатады. Ал статистикаға соның бәрі қосылмайды. Себебі – жаңағыдай. Оның өліміне созылмалы сырқаты әсер еткен.
– Денсаулық сақтау министрі мәлімдеген үш сценарийге тоқталып өтсеңіз. Алғашқысының көрсеткіші көпті қорқытып тастады. Бұл қаншалықты рас болжам?
– Министрдің мәлімдемесін бәрі тыңдады деп ойлаймын. Індеттің жаппай таралуының геометриялық прогресіне қарасақ, бір науқас бірнеше адамға вирус жұққызады. Егер дәл қазіргідей, еш шектеусіз, науқастар мен сау адамдар араласып тойға барып, әлеуметтік арақашықтықты сақтамасақ, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамасақ, онда елімізде бірінші сценарий орын алады. Нақтырақ айтсақ, тамыз айының аяғына қарай бір күнде індетке шалдыққан 30 мыңдай адам тіркелуі мүмкін. Олай болса, инфекциялық және провизорлық стационарларда орындарға деген қажеттілік 300 мың адамға жетеді.
Екіншісі – екі апталық ұлттық локдаун. Осы шараны қабылдасақ, дертті жандардың санын біршама төмендете аламыз. Оны қабылдасақ, бұл кезде ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне жеті мың адам тіркелетін болады. Жалпы «локдаун» тікелей аудармасында – бір орында тұру деген мағынаны береді. Көпке түсінікті тілмен айтсақ – бұл 14 күндік карантин. Қайта оқшаулану, үйден шықпай, қарым-қатынасты мейлінше азайту, әлеуметтік арақашықтықты сақтау.
Үшінші сценарий – төрт апталық локдаун. Онда тамыз айының соңында ауруханаға жататын күніне 2500 оқиға тіркеліп, төсек қажеттілігі 30 мыңға дейін өседі.
Індеттің таралуын тежеу үшін осы соңғы сценарий тиімді. Бірақ елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын да ескеру қажет. Шыны керек, наурыз айында елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин режімі енгізілгенде аурушаңдық көрсеткіші төмен болатын. Әрине, бұл жағдай экономикаға кері әсерін тигізетіні анық. Бірақ бәрінен бұрын адам өмірі маңызды. Денсаулық бәрінен қымбат.
– Бұл сценарийлердің қайсысы орын алған жағдайда да ешкімге оңай соқпайын деп тұр. Бұған өңір медицинасы қаншалықты дайын?
– Індет жұқтырғандар көбейсе, бізге ең алдымен қосымша төсек-орын санын ұлғайту керек. Жағдай ушықса, ол кезде облыстағы медициналық ұйымдардың төсек саны жетпейді. Басқа да ғимараттарды пайдалануға мәжбүр боламыз. Жатақхана, қонақ үй, басқа да шипажайлардағы орындарды бейімдейміз. Өздеріңіз әлеуметтік желіде тарап жатқан видеожазбалардан көрген шығарсыздар, қазірдің өзінде Алматы, көршілес Шымкент қалаларында спорттық нысандарды дайындауда. Сондай қажеттілік туындаса, өңірлік штабтың шешімімен осындай кешендерді де алып, дайындаймыз. Ал төсек қоры өскеннен кейін қазіргі дәрігерлер саны жетпейді.
– Дәрігерлерді қайдан шақырта­­сыздар? Маман тапшылығы барлық өңірде бар ғой…
– Осындай орын алуы мүмкін жағдайларды ескере отырып, барлық күшті жұмылдыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Зейнетке шығып кеткен дәрігерлерді шақырдық. Резидентурадан өтіп жатқан медициналық оқу орындарының түлектерін тартып отырмыз. Олар қазір қашықтан жұмыс жүргізуде. Биыл медколледжді бітірген 75 орта буынды медицина маманын даярлап жатырмыз. Сондай-ақ басқа дәрігерлерді қайта даярлаудан өткізіп, оқыттық. Мысалы, инфекциондық бөлімге терапевт, пульмонолог керек. Қалған кадрлар осы салалық бағыттарды меңгеріп, ем-шараларын жүргізуі үшін арнайы курстар ұйымдастырдық.
– Зейнеттегі дәрігерлердің 65 жасқа дейінгілерін ғана шақыртып жатқан шығарсыздар?..
– Әрине!
– Жекеменшік медициналық орталықтардан көмек сұраған жоқсыздар ма?
– Сұрадық. Өңірдегі барлық жекеменшік медициналық ұйымдарға өтініш білдірдік. Алайда бір-ақ орталық көмек қолын созды. Ол – академик Сейтхан Жошыбаев басқаратын Тараз қаласындағы ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы. Осы емдеу мекемесі бізге мамандарын жіберіп, үлкен азаматтық жасап отыр. Енді осындай кезеңде Президент тапсырмасына сәйкес, жеке ұйымдардың басшыларын барлық күшті індетке қарсы күреске жұмылдыруға шақырамын.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Ардақ Үсейінова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support