- Advertisement -

Қажетті дәрі жоқ болса, баламасын ұсыну керек

60

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаланың бірқатар нысандарын аралады. Аралау барысында дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі, кәсіптік білім беру, абаттандыру және басқа да мәселелерге назар аударды.

Аймақ басшысы алдымен дәріханалардың жұмысымен танысты.
Әйтеке би көшесіндегі «Әмір & Д» дәріханасында кезекке тұрған тұтынушылардың қарасы қалың. Сатып алушылар нысанға бір-бірден кіріп, тауарларды терезе арқылы алуда. Соған сәйкес, кезекке тұрғандардың шоғыры таза ауада қалыптасқан.
Бердібек Сапарбаев ең бірінші қандай дәрі-дәрмектердің жетіспейтіндігіне және ол мәселелердің қалай шешіліп отырғандығына назар аударды.
«Әмір және Д» ЖШС директорының орынбасары Әмір Нұрсейітовтің айтуынша, дәріхана желісінің қоры қалыптасқанмен, ол тек бір айға жетеді екен.

«Әмір және Д» ЖШС-ның Тараз қаласы бойынша 24 дәріханасы жұмыс істейді десек, бүгінде олардың екеуі сұранысқа сәйкес тәулік бойы қызмет көрсетуде. Желінің қоймалардағы қорларын бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай компьютер жүйесі қалыптасқан.
– Біз өзіміз глюкоза, аскорбин қышқылы, физ-ерітіндісін шығарамыз. Егер қажетті препарат болмаса, сатып алушыларға оның аналогын ұсынамыз. Тұрғындар парацетамол, ыстықты төмендететін және вирусқа қарсы препараттарды жиі сұрауда, – дейді А.Нұрсейітов.
Дегенмен дәріханада қарапайым сынап термометрлері таусылып, тек электронды түрлері ғана сатылымда екен.
Дәл осындай көрініс «Қоныс Б» дәріханасында да кездесті. Бұл дәріхана қызметкерлері әлеуметтік арақашықтықтың сақталып, тұтынушы ішке тек біртіндеп кіретінін жеткізді.
– Бізде дәрі-дәрмектерді жеткізуде мәселе жоқ. Үнемі препараттардың үлкен қорын сақтап отырамыз. Иә, тұтынушылардың көбейгені байқалады, бірақ әзірге таңертең әкелінген дәрі-дәрмектерді кешке дейін сатудамыз. Тұрғындарға парацетамолдың аналогтарын ұсынып жатырмыз, – деді дәріхана меңгерушісі Зағира Шаңлақбаева.
Бердібек Сапарбаев дәрі-дәрмектердің қымбаттауына қатысты сауал қойды. Дәріхана меңгерушісі дәрі-дәрмектер барлық заңнамалық нормаларға сәйкес сатылатынына сендіріп, олардың бағасы соңғы үш айда бар болғаны бес пайызға ғана өскендігін алға тартты.
Облыс әкімі бас сұққан барлық дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмек болмаған жағдайда тұрғындарға баламалы препараттарды ұсынып, түсіндіру керектігін жеткізді. Сонымен қатар ол осы орайда дәрі-дәрмектерді жеткізушілермен де кездесетіндігін тілге тиек етті.
Бердібек Сапарбаев келесі кезекте белгілі қазақстандық дизайнер Айдархан Қалиевтың «Асыл дизайн» студиясы мен «Аспара» колледжіне атбасын бұрды.
Аймақ басшысы онда тігіншілермен сөйлесіп, бүкіл шығармашылық үдерістің ауқымдылығына көңіл бөлді.
– Бізге маталар Шанхай мен Дубайдан тапсырыс арқылы келеді. Өз қызметкерлеріміз материалдың қажетті үлгісін дайындайды, ал дизайн өндіріске беріледі. Бүгінде студияда 12 тігінші жұмыс істейді десек, олар жұмыстардың басым бөлігін қолмен атқарады, – деді Айдархан Қалиев.
Сонымен қатар өңір басшысының назарына жергілікті көрнекті орындар бейнеленген жинақтарды ұсынды. Онда Шахристан, Айша бибі кесенесі секілді аймақтың көптеген көрікті жерлері матада көрініс тапқан.
– Жақында ғана «Aspara Fashion week» сән апталығы өз мәресіне жетті. Сән әлеміндегі айтулы шара бұл жолы онлайн режімде өтті. Оған 32 мемлекеттен 60 сәнгер мен 30 сарапшы қатысты. Қазір Тараздың аты сәнгерлердің ғаламдық қауымдастығының штаб пәтерін орналастыру мүмкіндігі қарастырылатын қалалардың тізіміне енді, – деді ол.
«Аспара» модельдік өнер және бизнес колледжінде қазір 379 студент білім алады. Оларды сән өнерінің қыр-сырына баулуға 34 оқытушы жұмылдырылған. Шығармашылық мамандыққа баулудың бір ерекшелігіне сай әрбір топтағы студенттер саны 12-ден аспайды. Сәйкесінше шағын кабинеттердің сыйымдылығы да дәл мөлшерде.
Өңір басшысы қыш құмыра жасаушылар кабинетіне ерекше қызығушылық танытты.
–Мен осындағы қабілетті жастарды тарта отырып, әдемі кәдесыйлардың бірнеше түрін жасауға болады деп ойлаймын. Оған қоса қыш құмыра жасауды мықты меңгергендер оңтүстік өңірде көп тұрақтамай ірі қалаларға қоныс аударатын үрдіс те байқалады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін шеберлердің әлеуметтік жағдайын жасау қажет. Қыш құмыра жасаушыларды тұрақтандырудың да жолын қарастырғанымыз жөн, – деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Оқу орнын әрмен қарай дамыту жобасын іске асыру үшін колледж директоры А.Қалиев облыс әкімінен оқу ғимаратына қажетті жер телімін бөлуді сұрады. Өз кезегінде облыс әкімі дарынды жастардың шығармашылық әлеуеті қолдауға лайық екенін ескеріп, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Карабалаевқа мәселені шешуді тапсырды.
Мұнан соң облыс әкімі «Алатау» ықшам ауданындағы көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарымен де танысты. Жобаға жауапты «Нұр Инвест Холдинг» ЖШС жоспарлы жұмысты межелі уақытта тапсыруға ниетті. Ондағы көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары да өңір басшысының көңілінен шықты. Десе де ауласынан облыс әкімін көрген жергілікті тұрғындар өз мәселелерін жеткізіп қалуға асықты. Олардың бірқатар мәселелерін мұқият тыңдаған Бердібек Сапарбаев тұрғындарды толғандырған түйткілдің түйінін тарқатуды Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа тапсырды.
– Біз бұл мәселелердің бәрін ретке келтіреміз. Алайда мен сіздердің араларыңызда бетпердесіз жүрген адамдарды көріп отырмын. Өзің және өзгелердің денсаулығы үшін жауапты болуыңыз керек. Түйткілдердің түйінін тарқату үшін біз қажетті қаражатты табамыз, алайда ең басты мәселе тұрғындардың денсаулығы. Бұл бағытта бізге көмектескендеріңіз абзал.
Бұдан бөлек, өзара ауызбіршілік болғаны абзал. Біреулер биік бордюрлерді қаласа, екіншілер аласасын сұрайды. Енді біреулерге автотұрақ қажет болса, екінші бір азаматтар бұл маңның бау-бақшаға айналғанын қалайды. Бұл мәселеде бір шешімге келіп, ұсыныстарыңызды қала әкімдігіне беріңіздер, – деп кеңес берді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы қаланы аралау барысында жылу құбырлары жаңартылып жатқан бірқатар нысандарға аялдады. Мұнда Бердібек Машбекұлы мердігерлерден құрылыс материалдары мен жоспарлы жұмыстың аяқталу мерзімін сұрады.
Ал Әйтеке би мен Балуан Шолақ көшелеріндегі құрылыс қарқынды. Барлық жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде.
«Sapa Agro Trade» ЖШС-дағы құрылыс та көңілге қонымды. Серіктестік басшысы Дильшат Хахазовтың айтуынша, тамыз айының ортасына қарай кәсіпорынның негізгі бөліктері жұмысқа дайын болмақ. Сондай-ақ астық қоймасы, тоңазытқыш және зертхана да іске қосылмақ. Бүгінде бұл жобаның құны 106 миллион теңгені құрап отыр.
– Қоймалар жұмысты бастауға дайын. Алдағы уақытта іші толықтай автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталады. Экспорттың көлемін арттыру үшін, әрине, көп жұмыс керек. Заманауи қондырғылардың көмегіне жүгінгеніміз абзал. Сол сәтте таза әрі арнайы кесілген көкөністерді ұсына аламыз, – деді Дильшат Хахазов. Бұйыртса бұл қойма көкөніс өнімін сақтау және қайта айналымға жіберуде негізгі рөл атқаратын болады.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support