Әлеумет

ҚАЗ БАҚҚАН ҚАЗАҚ

ҚАЗ БАҚҚАН ҚАЗАҚ

Қалаға жақын орналасқан Жамбыл ауданында кәсіпкер азамат қаз өсіре бастады. Ергеш Нұралиев мемлекеттің қолдауымен несие алып, Ресейден асылтұқымды «линда» деп аталатын қаз балапандарын алдырған. Бір күндік болып келген балапандар бүгінде екі айдан асқан. Етті бағытта өсірілетін қаздың бұл түрінің салмағы қазірдің өзінде үш келіге дейін тартады, негізінен 6-8 келіге дейін ет беретін көрінеді. Жамбыл ауданынан 4 гектар жер алып, құс фабрикасын тұрғызған кәсіпкер келер жылдан бастап еті мен мамығын шетелге де экспорттамақ. Фабрикада әзірге италияндық құс тұқымының үш мың басы бар. – Негізінде, бұл кәсіпті бауырым  Мұхитдин Нұралиев екеуміз бастадық. Мен осында қаздардың басы-қасында болсам, Мұхитдин Қостанайдан құстардың жемшөбін жеткізіп береді. Біздің құс ішінен қазды таңдап алған себебіміз, оның еті, бауыры, майы, жүні, тіпті, табаны мен саңғырығы да әжетке жарайды. Еті дәруменге мол, пайдалы азық болса, майы үсік шалып, күйгенге мың да бір ем болады. Жүні – жастық, саңғырығы – минералды тыңайтқыш. Қысқасы, қаз шаруашылығы – қалдықсыз өндіріс. Оның үстіне бұлар суыққа төзімді әрі тамақ та талғамайды. – Алғашқыда біз үшін бұл іс таңсық болатын. Дегенмен, кез-келген ақпарат қолжетімді, ғаламтордың дамыған заманында қандай істі болса да дөңгелентіп алып кетуге болады деп есептеймін. Қазірдің өзінде құс етіне Польша мен Қытайдан тапсырыс түсіп жатыр. Жергілікті жерде де сұранысқа ие болып отырмыз. Сондықтан ісіміз алға басса, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту жоспарымызда бар. Биыл тек аналық 500 басты алып қалып, қалғанын сатсақ деп отырмыз. Әр аналық қаз шамамен 20 жұмыртқадан басып шығарса, он мыңға жуық балапан алады екенбіз.  Қазір инкубатор құрылысы жүргізілуде. Болашақта сұраныс болып жатса, ет, шұжық шығару, цех ашу ойымызда бар, – дейді Ергеш Балтабайұлы. Ал аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Аманәлі Құрбанов: – Кәсіпкерге бұл жобасы үшін 17 миллион теңге несие берілді. Сөйтіп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында және оның пайыздық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы бойынша қазір мемлекет тарапынан 50 пайызы субсидияланып жатыр, – деді. Үкіметке қол қусырып, қарап отырмай, кеңқолтық көзқарастан арылып, мемлекет үшін мерейлі іспен айналысып отырған кәсіпкердің межелеген мақсаты жүзеге асса, баршамызға да абырой емес пе?

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол». Жамбыл ауданы.