Саясат

Имам сауатты болса, жамағат адаспайды

Имам сауатты болса, жамағат адаспайды

Есет ДОСАЛЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстағы экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері жөнінде мәжіліс өтті. Жиында алғашқы болып баяндама жасаған облыс әкімдігі дін істер басқармасының басшысы Жангелді Омаров «2018-2022 жылдарға арналған экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл» бағдарламасының орындалуы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Басқарма басшысы бұл ретте теолог мамандардың жеткілікті болуы маңызды екенін, алайда Тараздың іргесіндегі Жамбыл ауданында да теолог мамандар жоқтың қасы екеніне маңыз берді. Мұндай мәселелер өзге аудандарға да қатысты екен. Жангелді Жайлауұлы еліміздің діни оқу орындарында 130-ға жуық жамбылдық шәкірттер оқып жатқанына тоқталды. Ал экстремизм және терроризммен күрес бағыттындағы жұмыстар жүйелі жүргендіктен, жоспар ойдағыдай орындалып отыр екен. Баяндамадан соң облыс басшысы онлайн түрде мәжіліске қосылып отырған біратар аудан әкімдерін тыңдады. Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев үш теолог маманды арнайы оқытып жатқандарын айтса, Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков биыл ауданның діни мекемелерін 13 теологпен толықтырып, оларды пәтермен де қамтуды жоспарлап отырғанын айтты. Осы орайда облыс әкімі Бердібек Машбекұлы салаға жауапты басқарма басшысына нақты жұмыс істеуді, қай жерге қандай маман керегін нақты есептеп, толықтырып отыруды ескертіп, ақпаратты қағазға қаттап қойып, негізгі ахуалдан алшақ болмауды, діни мекемелермен, аудан, ауылдармен барынша тығыз байланыс жасауды тапсырды. Осы кезге дейін облыста 5 мешіт Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына тіркелмеген. «Жангелді Жайлауұлы, ол мешіттер неге тіркелмейді? Жалпы, сіздерде муфтиятпен, мешіт салатын кәсіпкермен келісім болуы керек. Мешіт салушы азаматқа алдымен муфтиятқа тіркелуді міндеттеу керек. Сонда мұндай мәселе болмайды», – деді облыс әкімі. Мұнан соң облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев сөз алып, өзі жұмысқа кіріскен 3 ай мерзім ішінде барлық аудан мен ауылдарды тегіс аралап, діни бағыттағы жұмыстармен және мешіттердің ахуалымен, имамдармен толық танысқанын айтты. «Облыста 309 мешіт бар. Ауданда бірқатар имамдардың әлеуметтік жағдайы жаман емес. Ол бірақ өз жағдайларын емес, алдымен халыққа жасайтын қызметін жауапты атқаруды ойлағандары жөн. Ауылдық имамдардың көбісі жауапкершілікті мүлдем естен шығарып алған. Діни сауаттылықтары төмен. Кейбір имамдар өздері басқаратын мешіттің қанша шаршы метр екенін, еденге төселген кілемнің қанша тұратын білмейді. Тараз қаласының және аудандардың бас имамдарын да ротациялайтын уақыт жетті. Алдағы уақытта да бас имам ретінде менің де, өзге имамдардың да атқарар жұмысы көп болып тұр», – деді Б.Мырзагелдиев. Осы орайда облыс басшысы: «Халық имамдарды сыйлайды. Ауданның бас имамдарының барлық жағдайы шешілген. Ауылдарда да мәселе біртіндеп шешіледі. Алайда имамдар сауатты болуы тиіс. Жаңағы облыстың бас имамы айтқан ротация мәселесін де ойланып шешулеріңіз қажет», – деді Бердібек Машбекұлы. Мұнан соң облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Теңізжан Жәнібеков, облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тимур Абдуллаев атқарып отырған жұмыстары жөнінде баяндады. Теңізжан Жәнібековтің айтуынша темір торда отырған азаматтардың 400-і намаз оқиды екен. Жалпы, бас бостандығынан айырылғандармен жұмыс жүргізу де жеңіл емес. Ол жұмыстарға 8 теолог маман тартылған. Жалпы 2296 соталушының 850-і жұмыспен қамтылған, 335-іне түрлі кітаптар оқуға берілген. 16 сотталушы жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алған. Облыс әкімі Б.Сапарбаев: «Бас бостандығынан айырылғандарды қоғамға бейімдеңдер. Тәрбиелеңдер. Бастысы олар абақтыға қайтадан оралмаулары керек», – деді. Облыс басшысы жауаптыларға басқа да нақты тапсырмалар берді.