Әр ата-ана баласына үлгі болуы керек
Әр ата-ана баласына үлгі болуы керек
«Nur Otan»-ның «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында партияның облыстық филиалы бастамасымен бейнеконференция өтті.
Маржан РАҚАЙ
Еліміздің заңнамаларында бекітілген ата-аналардың балаларын тәрбиелеу, оқыту және бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершіліктерін түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған шараға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, облыстық ПД ЖПҚБ ЮПБ бастығы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов, облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали, облыс әкімдігінің білім басқармасының, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің өкілдері, Тараз қаласы мектептерінің директорлары, қала мектептерінің ата-аналар комитеттерінің төрағалары қатысты. Бейнебайланыс арқылы тілдескен олар ортақ тақырып төңірегінде пікір алмасты. Ең алғашқы болып сөз сөйлеген Балабек Нарбаев: – Жасөспірімдер мінез-құлқының нормадан, шамадан ауытқуына түрлі жағдайлар себеп болады. Олардың ішінде ең бастысы: отбасы жағдайы болып есептеледі. Өйткені тұлғаның жеке бас қасиеттерінің негізі отбасынан қалыптасады. Сондықтан да, балалардың өнеге алып үлгі тұтары ең алдымен өздерінің ата-аналары. Құқықтық тәрбиені нәтижелі ұйымдастыру үшін, отбасы жағдайын жан-жақты танып білу қажет, – деді. Сондай-ақ ол бүгінде бұқаралық ақпарат және қарым-қатынас құралдарының жұмысындағы барлық шектеулердің алынып, ақпарат тарату еркіндігі кең ауқымда балалардың сана сезімі мен рухына кері әсер етіп жатқанын айтады. Соның салдарынан қазір мектеп жасындағы балалардың шылым шегуі, ішімдік ішуі, есірткі қолдануы немесе әртүрлі қылмыстық іс-әрекетке баруы жиілеуде деген пікірін білдірді. Ал «Бақытты отбасы» партиялық жобасы жайлы: – «Бақытты отбасы» жобасын облыста жүзеге асыру мақсатында 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы жасалып, бекітілді. Жоба аясында бүгінде «Бақытты отбасы» орталығы ашылып, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсетуде. Оларды өз кәсібін ашуға баулып, құқықтық кеңестер беру жұмыстары ұйымдастырылуда. Өткен жылы «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес мүшелері «Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласы мен 9 ауданда зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы орган басшыларына өзекті мәселелерді шешу бойынша тапсырмалар берілген. Сонымен қатар Талас ауданы, Қаратау қаласындағы гуманитарлық колледжінде екі бірдей кәмелеттік жасқа толмаған қыздың жүкті екені анықталғанын, бір қыз күйеуімен заңды некеге тұрса екіншісінің некесі заңдастырылмағаны туралы айтылды. Осы орайда, Шу ауданының мәселесін облыс әкімі тікелей бақылауына алуы қажеттігін, бейнебақылау камералары білім мен тәрбие беру мекемелеріне толықтай орнатылуы керектігін және кешкі мектептерге кәмелеттік жасқа толмағандарды тіркеу мәселесін жіті зерделеу қажет екенін ескертті.