- Advertisement -

Сынды шын айтса, БАҚ-тың бағы жанады

72

- Advertisement -

Жұртты сақтандырып жүрген соң, өздері сақтықты қалай ұмытсын?! Жылына бір келетін кәсіби мерекелері екеніне қарамастан, журналистер «сап-сап көңілім, сап көңілім» десіп, барлық салтанат пен думанға тоқтау салды.

Ардақ Үсейінова

Дегенмен әрдайым бұқараның базынасын айтып жүретін БАҚ өкілдерін жергілікті билік назардан тыс қалдырған жоқ. Қазіргі қалыптасқан күрделі ахуалды, карантиндік талаптарды ескере отырып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаламгерлердің шағын тобын қабылдап, мерекемен құттықтады. Жиын онлайн режімде өткізіліп, аудандардағы тілшілер қауымы да елеусіз қалмады.
– БАҚ – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде жұртқа дұрыс ақпарат таратып, талапты орындап, тәртіпті сақтауға шақыруда журналистерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер, осындай сәтте күн-түн демей өз міндеттеріңізді атқарып келесіздер. Кешегі Қордай оқиғасының салдарын ретке келтіруде де өздеріңізбен бірге қоян-қолтық жұмыс істедік. Аудандарға жасаған іссапарларым кезінде де бұқаралық ақпарат өкілдері елдегі жағдайды саралап, халықты құлақтандырып отырды. Қордаланған мәселені көтеріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесін де көтеріп жүрсіздер. Шерағаң айтқандай, журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ екені осыдан көрінеді, – деді Бердібек Машбекұлы.
Карантиндік талаптарға сай мереке иелері бетперде киіп келген кездесуде жамбылдық журналистиканың бүгінгі бет-бедері туралы сөз қозғалды. Өңір басшысы қоғамдағы түрлі түйткілдер, әсіресе жасөспірімдер тәрбиесін жолға қоюдағы бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше екенін айтты. Атқарылған жұмыстың жақсы нәтижесін де көрсетіп, сынды шын айту керектігін ескертті.
Аға буын ардагер журналистер мен қаламгерлердің айтары – қашанда салмақты сөз. Жиында республикалық «Жамбыл» әдеби-танымдық журналының Директор-бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутайұлы келелі әңгіме қозғады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні асық ату, көкпар шабуды, жиылып түрлі жиынды өткізуде жатпағанына, тектілікті сақтап қалудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. «Ел біреу, жер біреу. Ал елге ие керек. Мемлекет сіздерге осындай міндет жүктеп отыр. Ендеше, артық-ауыз әңгімені доғарып, қайткенде ел болып қалу қамын ойлауға тиіспіз. Біз қандай зобалаңдардан да аман өткен халықпыз. Енді әрі қарайғы амандықты ойлау қажет», – дей келе жазушы ақиқаттан аттамау қажеттігін, жастардың мінезді болуы керектігін, өзінен шені үлкенге жалбаңдап, мына жақтағы жұртты ұмытатындай әдеттен ада болғаны жөн екенін айтып өтті. Баспасөздің баһадүрі Шерхан Мұртазаның Жуалыдағы үйі қараусыз қалмаса деген ұсынысын жеткізді. Қаламгер Қалыбек Атжан өңір басшысының тілшілермен тонның ішкі бауындай тығыз жұмыс істейтініне, қаламын қару еткен журналистердің әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмайтынына сенім білдірді.
Расында ақиқаттан артық ештеңе жоқ. Ол жоқ жерде ар мен намыс, иман мен ибаның да құны қалмайды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастардың бойына бұл қасиеттерді сіңіру үшін рухани құндылықтарды жаңғыртуымыз қажет екенін айтты.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынарда Елбасы қоғамдағы қалыптасқан кей жағдайларды саралап, экономика тоқыраса, оны 5 жылда қайта қалпына келтіруге болатынын, ал рухани тоқырауға түссек, 10 жылға артта қалатынымызды айтты. Біз алға жылжимыз десек, ешуақытта рухани құндылықтарымызды естен шығармауымыз керек, – деген Бердібек Машбекұлы елдің рухани дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан жазушы, драматург Елен Әлімжанды мерейлі жасымен құттықтады.
Төл мерекелерінде де түйткілді мәселе көтеретін журналистерге еңбегіне сай сый-құрмет көрсетілді. Бірқатары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.
Төртінші билік өкілдері төрден орын алуы үшін алдымен олар айтқан сөз ақиқат болуы керек. Ал жергілікті атқарушы органдар көтерілген мәселеге көңіл бөлсе, ақпараттық дәуірдегі толассыз жүріп жатқан пікірлер қайшылығы туындамас, бәлкім. Тұтастықты сақтаудың жолы осы – көпшілікке дұрыс ақпар беру емес пе?!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support