- Advertisement -

Журналисті алып қашқан жүргізуші

69

- Advertisement -

Журналистің әрбір сапары естелік. Жолда талай адамдармен ұшырасып, сапарлас боласың. Жолдың өзі қым-қиғаш хиқая дерсің. Қаладан ауылға шықсам, екі журналисті машинасына салып, алып қашып келген Руслан есіме түседі. Тұп-тура кешегідей.

Бұл – Жаңа жыл қарсаңы болатын. Жалпы, жұмысқа жаңа кірген адамның ұжымға бірден сіңіп кетуі қиын болатыны белгілі. Сол алғашқы тапсырмасын орындауға аттанған Русланның мақсаты бүгін болатын іс-шараға тілші жеткізу.
Ауданда бір медициналық пункт пен бокс сарайын тура Жаңа жыл қарсаңында ашу жоспарланған. Қыс жылы болатын. Жер қара. Күні бұрын аудан басшылары облыстық телеарналармен келісіп қойған екен. Бірақ белгісіз себептермен кешкісін жоспар өзгеріп кеткен. Ал одан хабарсыз редакция жүргізушісі таңғы сегізде «Жамбыл» телеарнасының алдына тұрады ғой.
«Жуалыдан келгенімді қарауылға кіріп айттым. Күте тұр деді. Бір сағаттан кейін қайта айналып бардым. Ешкім ештеңе білмейді? Кеше отырыстары болса керек, қызметкерлері кеш жиналып жатты. Қарауыл іштегілердің біреуіне қоңырау шалып, Жуалыға тілші жіберілмейтінін айтты. Қайтып келіп машинаға отырдым. Бастыққа телефон шалсам алмайды. Неге әкелмедің деп ұрсып жүре ме деп ойладым. Іште Жамбыл ауданынан да машина келу керек, Асада балабақша ашылады екен деп отырған жігіттердің әңгімесін құлағым шалып қалған. Бұларға бәрібір емес пе, балабақша түсірдің не медициналық пукт түсірдің не құр қайтпайын деп ойладым да ішке қайта кірдім», – деді Руслан күліп.
«Ондағы ойым жолды есептеп тұрмын ғой. Асықтырмасам үлгере алмайтынымды білдім. Сөйтім де қулыққа басып, Жамбыл ауданына баратын журналистерді салып алып кете берейін деп ұйғардым. Адам топырлап жүр, Жамбылға басқа топты жіберер деп ойлағанмын», – деді.
Жамбыл ауданынан көлік келіп тұр деген дабылмен Гүлнұр Қайратқызы мен оператор жігіт Асхат Әділов шығады. «Сіз бе Жамбыл ауданынан келген машина?» деп сұрады. Басымды изеп, жымия қойдым.
«Ойымызда ештеңе жоқ. Аса деген мына тұрған, он бес минуттық жер ғой. Екі сағат бұрын барып не істейміз дедім кадр бөлімінің басшысына. Ол болса, машина келіп тұр шығыңдар деген соң шығып кеттік. Асхат он бес минут болса да көзімнің шырымын алып алайын деп машинаға кірген бойда бір жанына қисая кетті. Әйтпесе Асаның жігіті ғой. Ал мен болсам жолға қарамаппын. Ойланып кетіппін. Күйікке келгенде ғана, «біз қайда бара жатырмыз?» деп сұрадым. Жуалыға дейді. Ал келіп ашулан. Жаңа Жамбылға деп едің ғой десем, мен сіздерді алдадым дейді. Сол жерде машинаны тоқтатқансың ғой. Асхат та аң таң, мен де аң таң. Енді алған жеріңе апарып таста десек, бензин жоқ», – дейді сол оқиғаны еске алған Гүлнұр.
Сөйтіп тұрғанда бөлімнен Ирина Ким қоңырау шалып қалды. «Қайда отырсыңдар?» деп сұрады. «Машинада отырмыз» деп жағдайды айтып едік, шала бүлінді. «Сендерді Жамбыл ауданының машинасы күтіп тұр мұнда» деп. Бензин тап десек бензин жоқ дейді. Сонымен тарт дедік ауданға. Сөйтіп жүргізуші жігіт бізді ауданға алып барды.
«Келдік енді. Енді қайтпайсыздар ғой. Мен тапсырманы орындадым» деді жүргізуші. Сөйтіп сол күні Жамбыл ауданындағы түсірілімге қатыса алмай қайтып едім», – дейді Гүлнұр.
Ал Руслан ол оқиға есіне түссе жылы жымияды да, «тапсырманы орындадым ғой» дейді күліп.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support