Шаруа қалай,Шалғай ауыл?
Шаруа қалай,Шалғай ауыл?
Ел дәулеті еселеніп, экономикасы әлеуеттенген сайын ауылдық елді мекендердің де әлеуметтік келбеті түрленіп, сәулеті мен сәні артып келе жатқандығы белгілі. Дегенмен, өкінішке қарай, аумақта қамқорлық назарынан тыс қалып, қаржылай қолдаудан қағажу көрген әрі соған байланысты күйі қашып, жадап-жүдеген ауылдар да аз емес. Солардың қатарына Сарысу ауданының төменгі Шу бойындағы Қамқалы ауылдық округіне қарасты үш ауылды – Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл елді мекендерін де қосуға болады. Сарысу ауданының төменгі Шу бойындағы елді мекендерінде шешімін күткен мәселелер бар Құладүздегі ауылдарға қамқорлық керек Кезінде әрқайсысы 30-40 мыңнан астам қойы, 2,5-4 мыңға жуық ірі қарасы, 1-1,5 мыңдай жылқысы бар, 1500-1700-дей адам тұратын іргелі шаруашылықтардың орталығы болған ауылдардың жағдайы Үкіметтің арнайы қаулысы бойынша кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылған 1995 жылдың қазан айынан бастап кері кете бастаған-ды. Бұрын мемлекет меншігінде болып келген шаруашылықтардағы төрт түлік мал мен автомобильдер, ауылшаруашылық техникасы, машина-трактор шеберханасы, жемшөп цехтары, қора-жайлар және қоймалар сияқты негізгі өндірістік қорлар жеке меншікке өткен соң, дені сатылды, жылжымалы мүлік атаулыны жаңа қожайындары бөлшектеп бұзып, бөліп алысты. Кеңшарларға қатысты жұмыс орындары да түгелдей қысқарды. Оның соңы төменгі Шу бойындағы ауылдардың тұрғындарын еріксіз ертеңгі күнінің қам-қарекетін ойлауға итермелеген-ді. Соның ықпалымен ең әуелі, осы өңірде туып-өспеген, тек Мойынқұмның Бетпақдалаға ұласатын тұсындағы табиғи ерекшеліктерге байланысты малшылардың айлығына қосып төленетін 160-240 пайыз дифференциялық үстеме ақыға бола осында еңбек етіп жүрген көршілес Қырғызстан мен облыстың өзге аймақтарынан келген азаматтар көштің басын туған жерлеріне қарай түзеген. Соңынан оншақты жылдай уақытты араға салып, ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік реттеу шаралары қолға алынған кезде, Шығанақ пен Жайлаукөл ауылдары даму әлеуеті жоқ аумақтардың санатына жатқызылған. Бұл — мұндағы күнкөріс қамын ойлаған біраз жұрттың тағы да Тараз қаласы мен көршілес аудандардағы келешегі бар елді мекендерге қарай қоныс аударуына себеп болды. Мәселен, 2004 жылғы 30 қаңтарда өткен үшінші шақырылған облыстық мәслихаттың екінші сессиясы облыстық әкімдік ұсынған «Жамбыл облысының 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасын» бекіткен кезде, Қамқалы ауылдық округіне қарасты үш ауылдағы 373 отбасында 1888 жан бар екен. Аталған өкілді органның облыстың келешегі бар ауылдық аумақтарын мекендейтін тұрғындардың әл-ауқаты мен тұрмыстық деңгейін көтеру мақсатымен қабылдаған шешімі күшіне енгеннен кейінгі кезеңде, ауылдық округтегі үш ауылда 224 отбасын құраған 1083-ақ адам қалыпты. Көшіп кеткен 149 отбасының үйі мен қора-қопсысын ауылдарда қалған бұрынғы көршілері бұзып, іске жарамды есік-терезе, белдеу ағаштарын, шатырын құрылыс материалы ретінде қажеттіліктеріне жаратыпты. Соның салдарынан тұрғын үйлерінің қатары сиреген үш ауылдағы бұзылған үйлердің, шаруашылық мақсаттағы ғимараттардың төбе-төбе болып жатқан ескі жұрты елді мекендердің сұрқын қашырып-ақ тұр. Үш ауылдағы бір уыс жүгеріні шашып жібергендей әр-әр жерде қалқиған тұрғын үйлердің арасындағы көшелердің жай-күйіне келсек, асфальт жабындысы төселген жолдарды шұңқырлар басып, үстінен жүріп өткен көлікті шайқап, селкілдетіп, шаңын қаққандай. Ал асфальт төселінбеген жолдардың табанындағы тобықтан келер май топырақ, тұрғындардың айтуынша, жаздың желді күндерінде төңіректі шаң боранға айналдырып, тіршілік иесі атаулының тыныс жолдарын қапса, жылдың жауын-шашынды кездерінде саз балшыққа айналып, аяғыңа жабысып, адымыңды аштырмайтын көрінеді. Сөйтіп, бұдан он жыл бұрын қабылданып, орталыққа таяу орналасқан біраз ауылдың бағын ашқан бағдарлама сияқты, әйгілі Бетпақдалаға иек артар тұстағы құладүзге әр беріп отырған Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарын жандандыратын бір қамқорлық керек сияқты. Тұрғындарды жол қиындығы титықтатуда Облыс орталығынан 348-388, Жаңатас қаласынан 200-240 километр қашықтықта жатқан ауылдардың тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық тыныс-тіршілігіне қатысты қордаланып қалған проблемалар баршылық. Соның бірі — Жайлаукөл, Қамқалы, Шығанақ елді мекендерін Шағалалы, Досбол арқылы аудан орталығы — Жаңатаспен, Ұланбел, Ойық арқылы Тараз қаласымен жалғастыратын автомобиль даңғылдары сапасының төмендігі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейінгі аралықта бірде-бір рет ағымдағы немесе орта және күрделі жөндеуден өткізілмеген қос даңғылдың асфальт жабындысы төселген табанының бүлінгені соншалықты, үш ауылдағы меншігінде жеке меншік жеңіл автомобилі барлар аталған жолдармен жүруге жүректері дауалай бермейді. Көліктерін аяйды. Жеңіл автокөліктің қозғалыс тетіктерін қиратып бүлдіргеннен гөрі, Тараздан сейсенбі-жұмада Ойық, Ұланбел, Жаңатастан сәрсенбі-сенбі күндері Шағалалы, Досбол арқылы қатынайтын автобусқа мінгенді жөн көреді. Ал қалған үш күнде облыс және аудан орталықтарына қатынай алмайтын төменгі Шу бойы тұрғындары да, ауылдары қос бағыттың бойына орналасқан шағалалылықтар мен досболдықтар, ойықтықтар мен ұланбелдіктер және осы өңірге келіп қайтатын қонақтар да мүмкіндігінше осы төрт автобус қатынасын пайдаланып, баратын жеріне жетіп алуға тырысады. Әрі олардың өздерімен бірге алып жүретін қыруар жүгінің алатын орны да ауқымды. Бір жағы соның салдары болар, автобусқа сығылыса мінген жолаушылар жол-жөнекей ойлы-шұңқырынан көз сүрінетін қолайсыз жолда көлікпен бірге шайқалып, ортаға үйілген қораптар мен жәшіктерге, сұйықтық құйылған ыдыстарға соқтығысып, зықысы шығады. Есімін Жомарт деп таныстырған жігіт ағасы кезінде өзінің төменгі Шу бойында шопан болып еңбек еткенін, қазір көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауылында тұратындығын, жақын туыстары қалған Жайлаукөлге жылына бір-екі рет келгенде үнемі жол соғып әбігері шығатындығын жеткізіп, «Осындай жол азабына, төменгі Шудың қатал ауа райына шыдап, тұрақтанып қалуға адамдарды тек кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншіліктері ғана мойынсұндыратын шығар. Қараңызшы, сіз екеуміз ғана болмасақ, қалған жұрттың өңінен отбасыларына тезірек жетуден өзге, алаңдаушылықтың немесе кейіс-реніш білдірушіліктің ізі де аңдалмайды», — деген. Анығында да таңертеңгі сағат 8-дер шамасында Тараздан шығып, талтүсте Ұланбелге, бесін ауа Жайлаукөл мен Қамқалыны басып өтіп, Шығанаққа келген жолаушылар 8-9 сағат бойы кедір-бұдыры мол жолда шайқалып селкілдегеніне қарамай, үйлеріне жеткеніне көңілденген күйде автобус жүргізушісі мен осы автокөліктің екі ортаға қатынауына ықпал жасаған ел билігінің тізгінін ұстаған азаматтарға алғыс-ризашылықтарын білдіріп, автобустан түсіп қалып жатты. Бұдан жергілікті тұрғындардың жөндеу жұмыстары көп қаржыны талап ететін автомобиль даңғылдарын қалпына келтіру мәселесінің жуық маңда шешіле қоймайтындығын, сондықтан барға қанағат етуге тура келетіндігін, кезі келгенде жол азабының да жеңілдейтіндігіне сенім артып, төзімділік танытудың жөн болатындығын түсінетіндігі аңғарылып-ақ тұрды. Шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер де бар Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша даму әлеуеті жоқ ауылдардың инвестицияланатын елді мекендердің санатынан шығарылып, ішкі көші-қон ағынын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік бағдарламаның объектісі болып қалатындығы белгілі. Нақ сондықтан да ел тәуелсіздігін алғалы бері өткен уақыт аралығында, аталған шалғай ауылдарда 60 нүктеге арналған телефон байланысы жүйесі мен мектеп ғимараттарындағы бос бөлмелердің есебінен ашылған әрқайсысы 25 балаға арналған шағын орталықтар болмаса, өзгедей әлеуметтік мәні бар нысандар пайдалануға берілген емес. Қайта керісінше, күтімге алу шаралары дер кезінде жүргізілмегендіктен, қолда барының өзі тозып ескіруде. Мәселен, 1978 жылы пайдалануға берілген Жайлаукөл орта мектебінің, 1989 жылы салынған Шығанақ ауылындағы С. Сейфуллин атындағы орта және Қамқалыдағы Т. Әубәкіров атындағы негізгі мектептің жылу жүйелері, спорт залдары, шатыры күрделі жөндеуден өткізуді, есік-терезелері ауыстыруды қажет етеді. Олардың алғашқысындағы информатика сыныбына қойылған бес компьютердің екеуі жарамсыз. Мектептердің үшеуі де оқушылардың заманауи білім алуына ықпал ететін мультимедиялық кабинеттермен, қазіргі заманғы зертханалармен, лингофондық кабинеттермен, ал Жайлаукөл орта мектебі мен Т. Әубәкіров атындағы негізгі мектеп интерактивті тақтамен қамтамасыз етілмеген. Үш ауылдағы клубтардың бір де бірі мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастыруға қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылмаған. Басқасын былай қойғанда жеке дауыста және хорда ән салуға машықтандыратын үйірмелердің қалыпты жұмыс істеуіне де қажетті жағдай жасалынбаған болып шықты. Сондай-ақ, Қамқалы ауылындағы Жайлаукөл отбасылық-дәрігерлік амбулаториясына қарасты фельдшерлік-акушерлік пункт орналасқан шағын үйдің бөлмелерінің қабырғалары қақырап, апатты жағдайда тұрғаны да келушілердің көңілін алаңдатарлықтай. Әдетте, ағымдағы жүзжылдықты сарапшылардың электроника мен кибернетиканың дәуірлеген ғасыры деп дәріптейтіні бар. Қатарлас жатқан үш ауылдың тұрғындары еліміз үшін мыңжылдықтар тоғысынан бері қолжетімді бола бастаған интернет қызметін пайдаланғанымен, әлі-әзір үлкен мәдениет орталықтарынан жырақ жатқан бұл өңірге ұялы телефон байланысы жете қоймапты. Жайлаукөлдіктердің айғақтауынша ауылдағы әр отбасында бірді-екілі ұялы телефон бар көрінеді. Өздері оны жол түсіп, аудан және облыс орталықтарына барғанында пайдаланатындығын айтады. Жалпы, осы Жайлаукөл ауылынан шығысқа қарай небәрі 60-65 километр қашықтықта орналасқан Мойынқұм ауылына қарасты Ұланбел ауылының тұрғындарына екі бірдей ұялы байланыс жүйесі: «Актив» пен «Билайн» компанияларының құрылымдары жүйелі қызмет көрсетеді екен. «Әкімшілік-аумақтық бағынысы бөлек болғанымен, Ұланбел ауылдық округі тұрғындарының саны бізбен шамалас, төлем төлеу қабілеттері де бірдей. Сондықтан, әлгі компаниялардың бірі болмаса бірі, үш ауылдың қақ ортасындағы Қамқалы ауылына ұялы байланысты қамтамасыз ететін байланыс мұнарасын орнататын шығар деген үмітіміз де болған. Әрі ондай жағдайда шығанақтықтардың да, қамқалылықтардың да, жайлаукөлдіктердің де сыртқы дүниемен телефон байланысы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда жақсаратын еді. Бірақ, өкінішке қарай аталған ұялы телефон байланысы компанияларының қай-қайсысы да ауыл әкімінің, аудан басшыларының осы жөнінде жасаған ұсыныс-өтініштеріне құлақ аспай қойды. Бәлкім, облыс басшылығы қол ұшын созар», — деді Қамқалы ауылдық округінің Жайлаукөл ауылы бойынша бас маманы Бораш Әпсеметов ауыл тұрғындарының алдағы күндерден үмітті екендігін аңғартып. Тағы бір тоқталатын жай, төменгі Шу бойындағы қаракөл қойын өсіріп, қаракөл елтірісін өндірген шаруашылықтардың экономикасы өрлеген өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында аталған ауылдарға ауыз су құбырлары да тартылған болатын. Бүгінде сол ауыз су желілері де әбден ескіріп, тозығы жеткен әлеуметтік нысандардың кебін киюде. Соған байланысты үш ауылдың да тұрғындары ішуге жарамды ауыз су жеткізетін құбырлар мен су тарататын мұнараларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін сәтті тағатсыздана күтуде. Дегенмен Қиырдағы елді мекендердің келешегі кемел Шу өзені бөліп жатқан Мойынқұмның солтүстігі мен Бетпақдаланың оңтүстік бөлігін қатар жайлаған және осы өңірді ата қонысындай санайтын ел-жұрттың жағдайына келсек, бүгінде аумағында 2056582 гектар мал жайылымы, 18000 гектар шабындығы бар Қамқалы ауылдық округіндегі Шығанақ ауылында — 84, Қамқалыда — 51, Жайлаукөлде — 89 отбасы меншігіндегі 1380 бас ірі қараны, 17310 қой-ешкіні, 409 жылқыны, 96 бас түйені бағып, күн көрістерін айыруда. Бір атап өтетін жай, соңғы он жылда ауылдық округтегі тұрғындар саны бір жарым есеге азайғанымен, керісінше төрт түліктің саны 2004 жылғымен салыстырғанда 104-115 пайызға артқан. Бұл — төменгі Шу бойында тұратын жұртшылықтың қазіргі әл-ауқатының өткен ғасырдың соңғы жылдарымен салыстырғанда біршама жақсарғандығын көрсетсе керек. Оның үстіне статистикалық мәліметтер кейінгі жылдары ауылдар тұрғындарының саны өз өсімі есебінен артып, жылма-жыл тұрақты түрде отыз адамға ұлғайып келе жатқандығын айғақтайды. Кеңшарлар тұралап, орын алған жұмыссыздықтың салдарынан облыстың өзге аумақтарына еріксіз қоныс аударған елдің біразы естері жиылып, етек-жеңдері қымталған соң туып-өскен жеріне кері оралуда, өңірдің демографиялық жағдайының жақсаруына үлестерін қосуда. Солардың бірі, ауылдық округ әкімдігінде бас маман болып істейтін Бақыт Бәушенов бұдан он шақты жыл бұрын ағайындарымен бірге Байзақ ауданына көшіп барғанын, ол жақта жұмысқа да орналасқанын, бірақ балалық, жастық шағы өткен төменгі Шу бойын жан-дүниесі аңсай берген соң Шығанақ ауылына кері оралғанын айтады. «Тіпті, жазда алай-түлей тұрған аптап желі құм суырып, апшыңды қуыратын, қыста сарышұнақ аязы жүзіңді қаритын қатал табиғатының өзі, кез-келген саналы жан үшін орны бөлек көрінеді екен. Азды-көпті сыртта жүрген біраз жылда адам үшін кіндік қаны тамған жердің құмының да, суының да, шөбінің де, ауасының да айрықша ыстық көрінетінін пайымдадым. Сірә, әр адамды туған жеріне жіпсіз байлап-матап тастайтын көзге көрінбейтін әлдеқандай тылсым күш бар болуы керек», — дейді ол ағынан жарылып. Қамқалы ауылдық округінің әкімі Асан Тілемісов аумақтағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның, екі бірдей фельдшерлік-акушерлік пункттің, үш мектептің, клубтар мен кітапханалардың білікті мамандармен қамтылғандығын, олардың өз мүмкіндіктері деңгейінде ауыл тұрғындарына жүйелі қызмет көрсетіп келе жатқанын, бүгінде үш ауылдағы экономикалық белсенді 460 адамның 168-і осы аталған мекемелерде еңбек ететінін жеткізді. Оның айтуынша, өңірдің басты байлығы тұз кеніштерінде ас тұзын өндіретін, өңдейтін және арнайы ыдыстарға салып, өлшеп байлап-түйетін үш бірдей цех жұмыс істеп, отыздан астам жанды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Сарысу аудандық әкімдігінің мәліметтері, «Асыл тұз» компаниясының алдағы жылдардан бастап төменгі Шу бойындағы бұрын игерілмеген тұз кеніштерінің негізінде жылына 30 мың тонна тұз өндіріп, өңдейтін, жобалық-сметалық құны 360 миллион теңгені құрайтын тұз зауытының құрылысын бастауды діттеп отырғандығын айғақтайды. «Бұдан өзге аудан әкімі Қанатбек Мәдібековтің күш салуымен Шығанақ және Жайлаукөл ауылдарының даму деңгейі орта елді мекендердің қатарына қосылуына байланысты, келесі жылдан бастап, ауылдық округтегі ауылдар «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша қаржыландырылатын болады. Ең алдымен, үш ауылдағы әр мектептің тозығы жеткен шатырларын, есік-терезелерін, жылу жүйелерін жаңасымен алмастыру, спорт залдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттары жасалып, келер жылдың бюджетіне енгізу үшін бюджеттік комиссияға тапсырыс жасалып қойылған. Ол бойынша келер жылы Жайлаукөл және С. Сейфуллин атындағы орта мектептердің әрқайсысын жөндеуге 160 миллион теңгеден, Т. Әубәкіров атындағы негізгі мектепке 123 миллион теңге қаржы бөлінуге тиіс. Оған қосымша аудандық бюджеттен Жайлаукөлдегі кітапхана ғимаратын жөндеуге 20 миллион теңге қаржы бөлу көзделіп отыр. Ал телефон байланысын жақсарту мәселесіне тоқталсақ, жыл аяғына дейін ауылдардың тұрғындары толық бес нөмірлі сымсыз телефон нүктелерімен қамтамасыз етілмекші. Сондай-ақ, республикалық «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында алдағы көктемнен бастап, Жайлаукөл ауылындағы ауыз су құбыры күрделі жөндеуден өткізіледі. Таяудағы екі-үш жылда Шығанақ, Қамқалы ауылдарының тұрғындары да тұщы сумен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұл — өңірдегі жасалынатын бетбұрыстың бастамасы іспетті ғана. Бұған дейін үш ауыл тек тұрғындарының табандылығының арқасында ғана сақталынып, тіршілік жасап келсе, ендігі жерде Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл елді мекендерінің әлеуметтік проблемалары мемлекет тарапынан инвестициялау арқылы шешілетін болады», — деді ол мән-жайды толық баяндап. Несі бар, өмірде бастан өткергенінен ой тұжырымдап, талай тәмсілдің өзегіне арқау еткен дана халқымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген қағидалы сөзді тегін айтпаса керек. Соңғы жетпіс жылдан астам уақыттың бедерінде аумақтағы әлеуметтің әлеуетінің артып, айдынданған сәтін де, әл-ауқаты төмендеп, тұрмыс қиындығының теперішін тартқан кезін де бастан өткерген төменгі Шудың тұрғындарының өңірдің қайта жаңарған, ауылдарының әлеуметтік келбетінің түрленіп өзгерген шағын көзбен көрер уақыты да алыс болмас. Әрі төменгішулықтар ілгері күннен күткен үміттеріне сырық болып жалғанған сол сенімдерін дәтке қуат етіп, алдағы күндерге қарай батыл қадам жасауда.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Тараз-Жайлаукөл-Қамқалы-Шығанақ-Тараз.