- Advertisement -

Машинканың «майын ішкен» маман

154

- Advertisement -

Қазіргідей жаңа технология қарқын алған кезеңде бір заманда газеттердің линотип машинкамен теріліп, басылғаны ертегідей көрінуі мүмкін. Бірақ солай газет шығару ісінің оқырманға біліне бермейтін «қара қазанында қайнап», зілдей машинканың құлағында ойнаған бүгінде зейнеткер Райхан Тілеуқабылова апайымыз сол кезеңнің қызығы мен қиындығын сағына еске алады.

Фариза Әбдікерімова

1976 жылы облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің табалдырығын небәрі жиырма жасында имене аттаған Райхан терімші қызметінің газет шығару үрдісінде айрықша рөл атқаратынын кейін біліпті. «Ең алғаш «Украина» деген машинкада отырдым. Оның пернетақталары өте ауыр болатын. Күшпен басқан кезде қатты тасырлайтын. «Машбюро» деп аталатын біздің бөлімде бес терімші отырамыз. Ол кезде журналистер қазіргідей мақаласын әркім өзі компьютерге бірден жазбайды. «Диктовка» жасайтын. Олардың даусы мен машинканың тарсылы қатар шыққанда бөлмені азан-қазан ететінбіз. Біз бар ынтамызды журналистер айтқан сөзді қағып алуға салатынбыз. Бірімізбен тіпті сөйлеспейтінбіз де. Себебі, қате жібермеуге тырысамыз. Байқамай жіберіп алсақ, оны өшіре алмай тағы біраз әлекке түсетін едік. Диктовкадан басқа оқырмандардың да қолмен жазған мақалалары папкаларда терілуін күтіп жататын. Арасында соларды теріп тастаймыз. Газеттің барлық қым-қуыт тірлігі «машбюродан» көрінетін», – дейді Райхан әпке өткенге шолу жасап. Газеттегі мақалалардан бөлек, Райхан әпке қолы қалт еткенде, облыстан шыққан белгілі журналист, жазушылар Б.Жаңабайұлы, А.Бекбосын, Ә.Қалдыбаев, Б.Әбілдаұлы, Ә.Әлиев және басқалардың кейін кітап болып басылған шығармаларының қолжазбаларын тереді екен. Осы ағаларымыз жазғандарын тек Райханның тергенін қалап тұрады. Себебі, Райхан әпке кез келген шимай-шатпақ қолжазбаны түсіне беретін болған. Оның сырын сұрағанымызда, «ең бірінші мақаланы жіті оқып аламын да, мағынасына қарай түсініп тере беретінмін» деді.
Уақыт бір арнаға тоқтаған ба? «Қызықтың көкесі кейін компьютер шыққанда басталды» дейді кейіпкеріміз. Әбден ауыр-ауыр машинканың пернетақтасына үйреніп қалған Райхан апай нәп-нәзік компьютерді көргенде қатты тосылып қалыпты. Тіпті, біраз уақытқа дейін үйрене алмай қойыпты. Сөйтіп сол кездегі басылым редакторы Ә.Қалдыбаевқа кіріп, жұмыстан кетуге бел буып отырғанын айтады. Ол кісі газеттердің сауатты, тәжірибелі терімшіге зәру екендігін алға тартып алып қалыпты.
«Машинканың «майын ішкеніме» жол болсын, компьютерге келгенде кәдімгі жас маман сияқты болып абдырап қалдым. Дегенмен бастығымның сөзі дем беріп, компьютерді меңгеруге бел будым. Сол кезде жұмысқа қабылданған жас дизайнерлер Жанна, Оразкүл, Фарида қыздарымның шәкірті атана жүріп, кейін компьютерде де сақылдатып теретін болдым. Алайда арасында файлдарды сақтай алмай, жазылған материалдарды жоғалтып қойып, қайта терген кездерім де көп. Кейін агентке тіркеліп, ғаламтормен де жұмыс істей беретінді шығардым. Кез келген істе ынта, содан соң өз қызметіңе деген адалдық болса, барлық қиындықты еңсеріп шығады екенсің», – деп түйіндеді Райхан әпкеміз бізбен әңгімесін.
«Ағаш бір жерде көгереді» дегендей, Райхан әпкеміздің бір орнында, бір газетте табаны күректей қырық жылға жуық еңбек етіп, зейнетке шығуы да осы жұмысына деген шексіз адалдық пен мінезіндегі көркемдік болса керек. Сонау 1976 жылы бір газетте ашылған еңбек кітапшасы 2015 жылы осы редакцияда абыроймен жабылып, құрметті зейнетке шыққанының өзі ерекше атап өтуге тұрарлық жағдай. Бүгінде балаларының аяулы анасы, немерелерінің бақытты әжесі атанып отырған Райхан әпкеміз «Aq jol»-ын ұдайы жаздырып, оқитынын айтты. Өзінің алақанының табы қалған «Aq jol» десе әркезде елең ете қалады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support