Білім

Осыдан отыз бір жыл бұрын...

Осыдан отыз бір жыл бұрын...

...Бұл сурет бұдан 31 жыл бұрын түсірілген еді. Оқтұмсықтай зымыраған, сынаптай сырғыған шіркін уақыт-ай! 1989 жылы қыркүйек айында Жамбыл облысынан бір топ журналист Алматы жоғарғы партия мектебіне білім жетілдіру курсына барғанбыз. Негізінен қылшылдаған қырық жастың ар жақ, бер жағындағылармыз, яғни сен тұр, мен атайын дейтіндей (жақсы мағынасында) жағдайдамыз. Ойымыз ой-қырды кезеді, қиялымыз қияда, асқар биікте, арманымыз алысқа бастайды... Әйтеуір, осы қалпымызбен баспасөздің бар жұмысын да жапырып тастайтындаймыз...

Ал енді мына суретке келейік. Сол жағынан бастасақ – облыстық радионың тілшісі Николай Крестовский, Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің редакторы Ахметжан Қосақов (бірталай жыл «Еңбек туы», қазіргі «Ақ жол» газетінің Шу, Мойынқұм аудандарында меншікті тілшісі болған), Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы қызметін атқарған Мырзахан Ахметов. Қақ ортада ішіміздегі ең үлкеніміз, «Ақ жол» газеті жауапты хатшысының орынбасары, белгілі журналист, марқұм Насыр Қоссейітов. Келесі кезектегілер Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің редакторы Ирина Бондарева, Қаратау қаласындағы «Қаратау кеншісі» көп тиражды газетінің редакторы Карл Кистер және Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің редакторы, осы жолдардың авторы. Бір ай оқып қайтқан соң басымызға орныққан жаңа ой, тың идеялармен өз жұмысымызға қайта құлшына кіріскенбіз. Әйтсе де арада төрт-бес ай өткенде 1990 жылы, ақпан айында Ахметжан екеуіміз бір ай Мәскеуде оқу мүмкіндігіне ие болдық. Сондағы Мәскеу жоғарғы партия мектебі ғимаратындағы Бүкілодақтың баспасөз қызметкерлерінің білімін жетілдіру курсына қатыстық. Демалыс күндері Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург) «Красная стрела» жүрдек пойызымен барғанымыз, төрт-бес сағат атақты Эрмитажды аралағанымыз, одан кейін Великий Новгород қаласында әскери борышын өтеп жүрген Ахаңның баласына барып жолыққанымыз, бәрі-бәрі есте... Өкінішке орай, қарымды қаламгер, білгір редактор, жақында 70 жасқа толған Ахметжан достың бір-екі жылдан бері көзі мүлдем көрмей қалды... Ал редакторлықтан бөлек, аудан әкімінің орынбасары аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін абыроймен атқарған, бірнеше кітаптың авторы, ақын Мырзахан қазір Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің қоғаммен байланыс бөлімін басқарады. Міне, біздің сол кездегі сонау Алматы «партшколындағы жамбылдық командамыздың» құрамы осындай еді. Шынымызды айтсақ, Николай, Карл, Иринаның қазір қайда, не істейтінін білмейміз. Әйтеуір, аман шығар деген адамдық ақ ниеттеміз. Баспасөз қызметкерлері мерекесіне орай ескі күндердің кейбір кезін еске түсіруге талап қылдық, мұнын еш айыбы жоқ шығар. Себебі, суреттегілердің бәрі де, асыра айтсақ кешірім өтінеміз, 40-45 жылдай бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен ұлы мәртебелі журналистиканың ардагерлері қатарындағы азаматтар ғой...

Берікбай ҚАДЫҚОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Алматы облысы, Қарасай ауданы.