Білім

«Aq jol»-дың көшін алға сүйрегендер...

«Aq jol»-дың көшін алға сүйрегендер...

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="115824,115825"]

Бұйырса, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol» газетінің жарық көргеніне де ғасыр толғалы отыр. Осы уақыт аралығында бұл қасиетті құтханада кімдер қызмет жасап, кімдердің табаны тимеді, десеңізші! Әрине, оны түгел зерттеу, зерделеу басқа уақыттың еншісіндегі жұмыс. Ал өзіміздің төл мерекеміз қарсаңында өзіміз көзін көрген, тәлімін алған, ұлағатты сөзін естіген журналист ардагер ағалар жайлы толғанғанды жөн санап отырмын.

Марқұмдар бізден алыстар... Жүрерміз айтып толғай да...

Бірде редакциямызға Бақтияр Әбілдаұлының үйіндегі Ақылай апамыз келіп, «Ардагерлерді ұмыттыңдар. Бақтиярды жазбайтын болдыңдар» деп өкпесін айтып кетті. Осыдан екі жыл бұрын пәтерінің жөндеу жұмыстары бойынша Қыстаубай Байтуовтың үйіндегі Жәмила апамыз да редакциядан көмек сұрап, сол кездегі бас редактордың қолдауымен «Aq jol»-дың қызметкерлері апайдың өтінішін орындап, көңілін жайландырып қайтқан еді. Бұл жерде айтайын дегенім, біздің ардагерлердің қай кезде де іздейтіні де, қиналса жүгінері де – «Aq jol» редакциясы екен. Сондықтан Ақылай апайдың «Бізді ұмытпаңдар» дегені де өте орынды. Бақиға беттеген ардагерлер туралы айтқанда, сірә, әңгімемізді Ұлы Отан соғысының ардагері Сырайл Керімбаевтан бастайтын шығармыз. Ол кісінің шаңырағында болып, төкпе ақындығынан хабардар болған сәттімді де сәттілікке балаймын. Сағат Арынов ақсақалдың да редакцияға сіңірген еңбегі үлкен екенін жақсы білеміз. Газетіміздің ардагері, ақын Жақсылық Сәтібековтің үйінде бірнеше рет болып, әсерге толы әңгімесін көп тыңдадық. Ол кісіні Бауыржан Момышұлының жақсы көруі, Кенен Әзірбаевтың баласындай еркелетуі – елдің ішінде аңыз болып тарап кеткен еді. Ұлы Отан соғысындағы қасіреттің символындай «Қара кемпір» әнінің сөзін жазуымен де Жақсылық Сәтібекұлы ерекше құрметке ие болды. Үйіне барған сайын жұбайы Азиза апайдың жолдасына деген құрметіне риза болушы едік. Ал тұлғасына сай мінезі де бар, парасат-пайымы да жеткілікті Арғынбай Бекбосын жайлы қанша жақсы әңгіме айтсақ та бек жарасады. Журналист, жазушы, драматург, аудармашылығына қоса ақындығы да болғанын білеміз. Өмірден озар алдында сөзін өзі жазып, әнін Дүйсенәлі Бықыбаевқа жаздырған «Мэлстің қоштасуы» әні өзінің де қоштасу сөзі секілді болғаны қандай өкінішті. «Әттең, дүние бірақ та, Жеткізбеді мұратқа. Сырымды айтып қалайын, Берші ғұмыр бір апта» деген жолдарын толғанбай тыңдау мүмкін емес. Қайран, қайраткер тағдырын сезді ме, атап өтейін деп тұрған 80 жылдығына да бір ай ғана үлгере алмады. Бір кем дүние-ай! Әлдихан Қалдыбаевтың жұмсақ мінезі, жылы жүрегі, балалар жазушысына тән баладай көңілі сірә ұмытылар ма? Әсіресе жас журналистерге үйретуден жалыққан емес. Редакцияның жауапты хатшысы болған Ахмет Қазыбаевпен де таныстырып еді, бір шуақты күндерде. Асқар таудай тұлғаның шаңырағында талай болып, Бану апамыздың қолынан дәм таттық. Әр барғанда Әлдихан ағамыз аңқылдаған көңілін көрсетіп, жадырап, өзінің ауылын, Көктөбе мен Кербұлағын суреттеп, Сауытбек пен Ақбөпенің тарихынан, Қарауылбек Қазиевтың қысқа ғұмырынан сыр шертіп отырар еді. Әбдімомын Желдібаевты, Аяз Бетбаевты керемет құрметтеп, өнерлерін жоғары бағалайтын. Бақтияр Әбілдаұлы еңбеккештігімен, жұмысқа шексіз жауапкершілігімен, Тәуелсіздік жылдарында тарихи танымдық кітаптарды көп жазып, ғасырлар бойы ерлігі көмескіленіп келген батыр, би, шешендерді ел жадында жаңғыртуымен де ерекшеленді. Тіпті, Тараз қаласының 2 мың жылдан астам тарихының дәлелденуіне де Б.Әбілдаұлының қосқан үлесі өте қомақты. Мақұлбек Рысдәулет «Aq jol» газетін жаңа белеске көтеруімен, редакцияға жас журналистерді көбірек тартуымен есте қалды. Кейіннен облыстық мұрағатты басқарып, архив саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Тек архивтің шаң басқан құжаттарына сүйеніп, жиырмаға жуық кітап жазғаны белгілі. «Әрине, оның бәрі көркем дүние емес. Бірақ тарих үшін керек» деп ағынан жарылушы еді қайран аға. М.Рысдәулет жазған кітаптың салмағының қаншалықты жоғары екенін кейінгі ұрпақ бағалайды деп ойлаймын. Әрине, айта берсе ардагерлердің барлығы аяулы. Осындай жылы сөздерді Қыстаубай Байтуовтың, Рахматулла Құдабайдың, Болат Мәуленовтің, Қадірбек Баққараевтың, Әбдуәлі Әлиевтің, Лесбек Сайлаубекұлының, Еділ Әлиевтің атына айтуға болады. Көзіміз көрмесе де Кеңес Рахметовтің, Рахметбек Өзбековтің өз кезеңінде өткір, батыл журналист болғанынан хабарымыз бар. «Заман – соққан жел...» демекші, бұл ардагерлеріміздің барлығы бұл күнде ортамыз да жоқ. Марқұмдардың қазақ көркемсөзіне, облыс журналистикасына сіңірген ұшан-теңіз еңбектерінің ұмытылмайтыны анық.

Ардагерлер... Ардагерлер бармаған бар ма жерлер...

Жарық көргеніне ғасырға жуықтаған газеттің бұл күнде ортамызда жүрген ардагерлері де жетерлік. Олардың көшін 93 жастағы Баттал Жаңабайұлы көкеміз бастаса, Елен Әлімжан ағамыз ол кісінің ізін басып келеді. Елекеңнің жақында 75 жасқа толып, «Aq jol» газетінде де жылы лебіздер айтылып, құрмет көрсетілгенін айта кеткен жөн. Маханбетәлі Дүйсебаев, Сапарғали Әлібай, Тұрсынхан Толқынұлы, Мақұлбек Малдарбек, Жаңабай Миллионов, Болат Жапаров, Әбділда Сәрсенбиев, Жамбылбек Шоқыбас, Құрманбек Әлімжан, Сейсен Қожеке, Сәулембай Әбсадықов, Баймағанбет Ахмет, Болат Бекжан секілді ардагер ағалардың орны ерекше. Осы газетте әр жылдары бас редактор болған Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлының еселі еңбектерін «ақжолдықтар» жақсы біледі. Бұдан бөлек компьютер бөлімінде еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер апайларға да алғысымыз шексіз. Жоғарыда аты аталған азаматтардың барлығы да сайдың тасындай іріктелген, қаламы жүйрік журналистер болатын. Бәрі де қара шаңырақ «Aq jol» газетіне аянбай қызмет етіп, бұл күнде сол еңбектің рәтін көріп отыр.

* * * Ғасырға жуық тарихы бар редакциямыздың алдыңғы буын ардагерлері осылай кемелді болса, «Aq jol»-дың қазіргі шығармашылық құрамы өте сапалы. Себебі, олардың алдында асқар таудай, есімдері аңызға айналған аға буын тұр. Ардақты ардагер ағалар мен апайларды төл мерекелерімен құттықтап, осындағы өлшеусіз еңбектері үшін алғыс айтқымыз келеді. Әлі де жазар дүниелері азаймай, үлгі көрсетіп ортамыз да жүре берсе дейміз. Баршамызға ортақ мереке құтты болсын!

 

Есет ДОСАЛЫ