Депутат пен журналистің
Депутат пен журналистің
Жұмысы ұқсас
Өңір журналистері арасында өзіндік абырой-беделге ие, қоғамдық өмірге белсене араласып, пікірін ашық айта алатын азаматтар жетерлік. Солардың бірі Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты, көпбалалы ана Эльмира Мырза-Ғали. Эльмира Инаятқызы бірнеше тамаша идеялардың бастамашысы ретінде танымал. Ел-жұрт 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып қойды деп айқайға сүрең қосып, даурығып жүргенде бұл кісі тыңнан түрен салып он жылдан бері «Тәуелсіздік дастарқаны» атты тамаша шараны өткізіп келеді. Яғни мереке қарсаңында, зиялы қауым мен желтоқсаншылардың басын қосып, дастарқан жайып егемендік жолында мерт болған, 1986 жылы Алматының алаңында атой салған аға-әпкелердің рухына құран бағыштатып, әсерлі кеш ұйымдастырады. «Жас ұрпақ кітап оқымайды» деп кінә арта сөйлейтіндер үшін де өнегелі істің үлгісін көрсетті. Екі жыл бұрын ел көлемінде тұңғыш рет «Кітап оқып, миллионер бол!» атты байқау жарияланып, мәресіне жетті. Оған Тараз қаласындағы 48 мектептен 1200 оқушы қатысып, жалпы саны 20 000 әдеби шығарма оқылды. Бұл кейіпкеріміздің редакторлығы мен депутаттығынан бөлек қазақ руханиятына қосқан қомақты үлесі екені даусыз. Жаны, болмысы нәзік болса да, салмағы ауыр жүк – халықтық мәселені көтеріп жүрген Эльмира Иниятқызымен журналистердің төл мерекесіне орай сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Эльмира әпке, көпшілік сіздің редакторлығыңызбен қатар, депутаттығыңызды да көбірек тілге тиек етеді. Ашығын айтқанда, қызыға қарап, ұқсап баққысы келеді. Солардың қатарына мені де қосып қойсаңыз болады. Айтыңызшы, сіздің жаныңызға осы екеуінің қайсысы жақынырақ? (Эльмира әпке әңгімесін бастамас бұрын жылы жымиды) – Меніңше, журналист пен депутаттың жұмысы ұқсас. Өйткені екеуінің де мақсат-мүддесі, атқарар рөлі, миссиясы бір. Екеуі де халықтың арасында, елдің ішінде туындаған барлық мәселеге мән беріп, оны билікке, шешуші мекемеге жеткізеді. Халықтың мүддесін қорғайтын, оларға барынша жағдай жасайтын заңдардың қабылдануына ықпал етеді. Сондықтан мен бұл екеуін бөле-жармаймын. Бәлкім, депутат болу маған ешқандай қиындық туғызбауы да сондықтан шығар. Меніңше, әрбір журналист депутат болуға лайықты. – Сізді небәрі 26 жасында мемлекеттік бір газетке редактор болған журналист ретінде білеміз. Бізде талантың мен талабың, басқарушылық қабілетің, білім-білігің болмаса басқалардай әке-көкенің, тамыр-таныстың арқасында басшы болу мүмкін еместігін тағы мойындаймыз. Жас болсаңыз да бас болу үшін біраз тәжірибеңіз болды ғой демек?.. – Қазір ойласам, шынында тым жас болған екенмін. Бірақ сол кезде өзімді анау айтқандай жас көрмедім. Расында, біздің салада бойыңда жазуға деген икем болмаса, бәрі бекер. Мен журналистиканы да өнер деп бағалаймын. Өйткені ақпаратты дұрыс жазып, тарату үшін де адамға сөз өнері, оны сауатты жаза алу біліктілігі керек. Көптеген мамандықты оқып, көріп үйренуге болар, бірақ журналистиканы үйрену мүмкін емес. Ал менің редакторлығыма келер болсақ, ол кезге дейін жиған-тергенім мол болды. Журналист болу бала күнгі арманым болғанымен, оның оқуына түсу үшін Алматыға ата-анам жібермей, филологияны оқыдым. Оған еш өкінбеймін. Өйткені Мекемтас Мырзахметұлынан тәлім алып, ғылым жолына түстім. Абайды таныдым, Дулатты зерттедім. Магистратураны тәмамдап, кандидаттығымды қорғайтын тұста еліміздегі ғылыми кеңестер жабылып, басқаша құрылымдалды. Бала күнімде аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға мақала жазып тұратыным бар еді. Сондықтан журналистикаға бет бұрдым. Сол кезде «Қазақстан-Тараз» аталатын бүгінгі «Jambyl» арнасына имене басып, алғаш барған кезім есімде. Телеарнаның басшысы Бекет Момынқұл ағамыз маған зор сенім артып, екі-ақ апта сынақ мерзімінен соң жұмысқа қабылдады. Сынақ мерзімінде Жеңістің 60 жылдығына арналған, батыр Бауыржан Момышұлының эпистолярлық мұрасы негізінде «Батыр туралы баллада» фильмдер желісін түсірдім. Маған оператор ретінде бекітілген Дәулет Жаманқұлов микрофонды дұрыс ұстауға дейін үйретті. Ал арнада қазіргі белгілі азаматтар, сол кездегі жас журналистер Алпамыс Қазыбаев, Біржан Сартбек, Жасұлан Әбдіхалық, Қасымжан Байкүшіков сынды көптеген талантты жігіттер жұмыс істейді екен. Жұмысқа қабылданған соң ерінбей ізденіп, талмай жұмыс істедім. Сөйтіп, айналдырған 4-5 айдың ішінде ақпараттар бөлімін меңгердім. Одан бөлек, «Ақиқат алаңы», «Асыл мұра» сынды бірқатар бағдарламалар түсірдім. – Сонда телеарнада қанша уақыт жұмыс істедіңіз? – Бір жарым жыл ғана. Одан кейін сол арнаның бір бөлігі саналатын радиоға басшы етіп тағайындады. Шынымды айтсам, бастапқыда радиоға ауыстырғанына іштей ренішім болды. Бірақ ол жерде мен өзімнің ұйымдастырушылық, басшылық қырымды шыңдауға таптырмас мектеп болды. Ескі жүйемен, көнерген техникамен жұмыс істеп жүрген ұжымға екі айдың ішінде заманауи техниканың тілін меңгертіп, сол күнге дейін ешкім аса санаса бермейтін радионы өз бетінше қаржы таба алатын, облыстың медиа саласында өзіндік орны бар ақпарат құралы ретінде таныттық. Ол кезде атқарылған жұмыстар туралы көп әңгіме айтуға болады. «Имани гүл», «Шұғыла», «Өнер өлкесінде», «Кәсіп түбі – нәсіп» сынды радио-бағдарламалар жасадық. – Телеарна мен радиода жүрген журналистің әдетте газетке келе қоюы екіталай. Ал сіздің бірден редактор болып келуіңіз батылдық. Газетке келу тарихыңызды айтып беріңізші?! – Иә, телеарнада, одан кейін радиода қызу жұмыс істеп жүргенде газетке ауысамын деген ой бола қоймады. Қай салада жүрсем де адал еңбек етсем болғаны дейтінмін. Бірде сол кездегі Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болған Әбдікәрім Әбдімомынов ағамыз хабарласты. Жұмысымды сырттай бақылап жүрген ол Тараз қаласы әкімінің орынбасары болып жүрген Күлімхан Тоғызбаеваға алып кірді. Екеуі мені газетке редактор болуға үндеді. Өйткені сол кездегі қала әкімі Ілияс Тортаев редакторлыққа жас адам табуды тапсырған екен. Осылайша, менің «Jambyl-Taraz»-дағы өмірім басталып кетті. Ол кезде редакцияда Еділ Әлиев, Рахан Мөмей, Талғат Талапұлы, Сәуле Сейдахметова, Людмила Мельник, Елена Лялина сынды журналистер еңбек ететін. Одан бері біздің ұжым талай рет түлеп, бүгінде бәрі де басқаша болып отыр. – Ендеше газеттегі бүгінгі ерекшеліктер жайлы айтыңызшы. – Ең бастысы – заман талабынан қалмау. Болдым-толдым деген күні журналистің шығармашылық өсу жолы тоқтайды. Ал біздің сала үнемі шыңдалып, ізденіп жүруді талап етеді. Бүгінде редакциялар қалыптасқан дәстүрге сай газетті шығарып, таратумен ғана айналысса, олар көш соңында қалып кетуі де бек мүмкін. Сондықтан техника мен технологияның, ақпараттық кеңістіктің барлық тетігін қолдана білу қажет. SMM, SEO сынды ұғымдарды баспа ісінде де оңтайлы қолдануға болады. Оның барлығын меңгеріп, енгізіп жатырмыз. Республикада алғашқы болып біздің газет жарияланатын мақалаларға бейне-аңдатпа жасай бастағанын атап өткім келеді. Сондай-ақ әлеуметтік желілердің әлеуетін де газетті насихаттауға барынша жұмылдырғанбыз. Қазір бізде ең мықты мамандар жұмыс істеп жатыр деп сенімді түрде айта аламын. – Газет туралы, ұжымыңыз жайлы зор махаббатпен әңгімелейсіз. Оларды жоғары бағалайтыныңыз, мақтан тұтатыныңыз үнемі көрініп тұрады. Бұл Бас редактор ретіндегі ілтипатыңыз болар. Енді депутаттық туралы айтайықшы. Қашан, қалай келдіңіз? – Қоғамшыл адаммын. Қоғамдағы әрбір мәселе мені бейжай қалдырмайды. Үн қатуға тырысамын. Бәлкім сол әсер еткен шығар. – Жоғарыда журналист те, депутат та бір мақсатта жұмыс істейтінін айттыңыз. Халық қамы, жұрт жанайқайы дегендей. Сіз депутат ретінде жұрттың жанайқайын тыңдай алдыңыз ба? Сайлаушылар алдында берген уәдеңізде тұрдыңыз ба? – Сайлаушылармен ең алғашқы кездескен кезде-ақ көптеген мәселені еркін айтып, басын ашып алғанмын. Мен кейбір халық қалаулылары секілді меценаттық жасай алмайтынымды, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қаржылай, заттай көмек көрсетуге мүмкіндігімнің жоқтығын, бірақ олардың мәселесін билік тарапынан, тиісті мекеме тарапынан шешіп беруге барынша атсалысатынымды ашып айттым. Күні бүгінге дейін сол уәдемді орындауға тырысып келемін. Әлбетте, қолымда артық дүние болса, қаржылай да көмектесуге тырысамын. (Осы аралықта Эльмира әпке депутат ретінде көтеріп, түйінін шешкен көптеген мысалдарды келтірді. Оның барлығын тізіп жазып, сұхбатты есепке айналдырудың қажеті жоқ деп таптым). – Редактор, депутат ретіндегі ұстанымыңыз қандай? – Адалдық. Әділдік. Парасаттылық. Барынша осы үш ұстанымды басшылыққа аламын. Адастырған кезі жоқ. – Ендеше осы ұстанымнан тайқымастай беріктік, мықтылық тіледім. Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Маржан Рақай.