Жаңа зертхана АҚШ-тың қаржЫлай қолдауымен
Жаңа зертхана АҚШ-тың қаржЫлай қолдауымен
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Қордайдағы «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» бүгінде биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, иммунология, вирусология, молекулярлық биология және фитопотология саласында еліміздегі алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың бірі болып табылады.Институттың зерттеу жүргізуден бастап өнім жасап шығару мен оны өткеруге дейінгі жұмыстар тізбегін үзбей жүргізуді қамтамасыз ететін ғылыми-техникалық және өндірістік заманауи инфрақұрылымы бар. Институт құрылымы 12 ғылыми-зерттеу зертханаларынан, технологиялық ғылыми-ақпараттық, инженерлік-техникалық бөлімдерден тұрады. Гвардияшылар кентіндегі бұл ғылыми мекемеде 2006 жылы H5N 1 деген шартты атпен құс тұмауына қарсы ветеринариялық вакцина дайындау технологиясы игерілді. Ел тәуелсіздігінің 15 жылдығы құрметіне бұл жаңалыққа «Қазақстан-15» деген атау берілген. Институтта сондай-ақ, қой шешегіне, күйіс қайырушы жануарлар обасына және қойлардың контагиозды экстимасына қарсы вакциналар дайындалады. Соңғы жылдары мүйізді ірі қара трихофитиясына қарсы вакцина Түркияға экспортталуда. Институт ғалымдарының ғылыми нәтижелері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO, Швейцария), Дерттерді бақылау орталығы (CDC, АҚШ), Нидерландиялық вакцина институты тәрізді дүниежүзілік танымал орталықтар мен беделді халықаралық ұйымдардың лайықты бағасына бөленіп келеді. Жуырда ғылыми-зерттеу институтында АҚШ-тың қорғаныс саласында қауіпті азайту агенттігінің қаржылай қолдауымен салынған 3-деңгейлі биологиялық қауіпсіздік (BSL-3) зертханасының ашылуы болды. Бұл зертхана вирустық және бактериялық этиологияның аса қатерлі патогендерімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Институт өміріндегі бұл маңызды оқиғаға біздің еліміздің атынан Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, Ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин, америкалық тараптан АҚШ-тың біздің еліміздегі елшісі Джон Малколм Ордвей, бас консул Тереза Анна Гренчик, қауіпті азайту агенттігінің директоры Кеннет Майерс және басқа жауапты тұлғалар қатысты. – Жаңа зертхана біздің ғалымдардың биологиялық қауіпсіздік проблемаларын шешу бағытындағы қарсы эпидемиологиялық және қарсы эпизотикалық іс-шараларды жүргізу бойынша мақсатты нәтижелерге жетуіне кең мүмкіндіктер ашады, – дейді институттың бас директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент мүшесі Абылай Сансызбай.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол». Суретте: зертхананың ашылуынан көрініс. Қордай ауданы.