- Advertisement -

Бердібек Сапарбаев үкіметтік емес ұйымдарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды

49

- Advertisement -

Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы мәселелерді бірлесе шешуі тиіс. Бұл туралы өңірдегі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерімен өткен кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев баса айтты.

Облыс бойынша бүгінгі таңда 894 ҮЕҰ жұмыс істейді десек, олардың белсенділері маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға тұрақты түрде атсалысып келеді. Биыл 130-дан астам жобаны іс жүзінде нақты жүзеге асыруға бюджеттен бір миллиард теңге бөлінген.

Аймақ басшысының қоғамдық бірлестіктер жетекшілерімен алғашқы ресми кездесуі болғандықтан басқосуда сөз алғандардың қарасы қалың болды.

Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлдара Нұрымова бірлестіктің жұмысы туралы қысқаша баяндады. Сонымен қатар ол әйелдер альянсы биліктің өкілетті органдарындағы өз үлесін арттыруға ниетті екендігін жеткізді.
«Алдағы Мәслихат сайлауында біз депутаттық мандаттардың кем дегенде 30 пайызын иеленуге ниеттіміз», — деді ол.

Өңірдегі тағы бір қоғам белсендісі Айнұр Заурбекова билік пен ҮЕҰ арасындағы тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ете түсудің маңыздылығына тоқталды. Ол облыс басшылығына «Ортақ мақсат үшін қайта іріктеу» атты жобасын ұсынды.
Кездесуге қатысушылар қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерге қатысты орамды ойларын ортаға салды. Айталық, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ақсақалдардың тілегі ретінде жастарды қазақстан әскеріне көптеп тартуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл олардың жұмыссыздық мәселесін шешуге ықпал етіп, әскери қызмет жастардың физикалық дамуына оң әсерін тигізбек.

«Жастар-Зерттеу» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Парида Мамедова коронавирустық пандемияға байланысты туындаған проблемалар бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысымен бөлісті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы қажеттіліктері мен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін бөлу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы тілге тиек етті. Проблемалық мәселелер ретінде ол медициналық мекемелерде білікті мамандардың жетіспеушілігін, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды түсіндіру бойынша биліктің әлсіз жұмысын атап өтті.

Сондай-ақ, басқосу барысында, халыққа жалған ақпарат тарататын кейбір әлеуметтік желілерді пайдаланушыларға қатысты заңнамалық деңгейдегі жауапкершілікті арттыру қажеттігі айтылды.

Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев азаматтық сектор көшбасшыларын жергілікті атқарушы органдармен тығыз және нәтижелі жұмыс істеуге, проблемалық мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.

— Билік пен халық арасындағы байланыстырушы көпір – бұқаралық ақпарат құралдары ортақ істен тыс қалмауы керек, — деді ол.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support