Саясат

«Егістік алқабынан дүкен сөресіне дейін» жобасы жүзеге асырылуда

«Егістік алқабынан дүкен сөресіне дейін» жобасы жүзеге асырылуда

Облыстық әкімдікте өткен жиында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметінің бес стратегиялық бағытын іске асыру жайы талқыланды.

«Тараз» ӘКК-нің жаңадан тағайындалған төрағасы Олжас Қаржауов өз баяндамасында ағымдағы мәселелер мен оларды шешу жолдарын атап өтті. Бірінші бағыт – лизинг және несие арқылы техника сатып алу үшін корпорация 107 кәсіпкермен жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге дейін олар жалпы құны 2,4 миллиард теңгеге арнайы техника сатып алған десек, мерзімі өткен берешектің мөлшері 182,8 миллион теңгені құрап отыр. Дегенмен, борыштарды өтеу жұмыстары қазірдің өзінде нәтижесін беруде. Атап айтсақ, алғашқы кезеңнің өзінде 15 миллион теңге төленген. Баяндамашы ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне лизинг алушылардың мәселелерін бірлесіп шешуді, қызылша өсіретін шаруашылықтарды агро сүйемелдеуді қамтамасыз етуді ұсынды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері мен салалық ведомствоға бұл мәселелерді назарда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар қарызды бірінші кезекте өтеу керектігін баса айтты. Екінші бағыт бойынша 19 жобаны инвестициялауға 4,4 миллард теңге бөлінген. Олардың қатарында «Бурное Солар-1» ЖШС, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС, «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС және басқа да жобалар бар. Дегенмен проблемалық жобалар да жоқ емес. Нақтырақ айтсақ, «Мерке Финанс Кредит» ЖШС, «Аgrostan» ЖШС, «Фабрика ПОШ» ЖШС және басқа да кәсіпорындардың қарызы үш миллиард теңгеден асады. – «Тараз» ӘКК бөлген ақша – бұл мемлекеттік бюджеттен қаралатын қаражат. Мемлекет қаржысын ысырап етуге жол берілмейді. Борышкерлермен жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі керек. Олар қарызды толығымен және қысқа мерзімде өтеуі тиіс, – деді өңір басшысы. Келесі бағыт бойынша бағаны тұрақтандыру үшін «Егістік алқабынан дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасы әзірленуде. Ол негізінен жемістер мен көкөністерді аз мөлшерде өндірумен айналысатын ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған. Жоба фермерлерге өсірілген дақылдарды делдалсыз сатуға және супермаркеттермен тікелей келісім жасасуға көмектесетін кооперативті желіні дамытуды көздейді. «Фиркан» және «Вкусная Корзинка» сауда желілерінің өкілдері супермаркеттердің пилоттық жобаға қатысуға дайын екендігін жеткізді. – Шаруа қожалықтары мен бөлшек сауда желілері арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында өнімдер арзан бағаға сатылмақ. Супермаркеттерге тауарларды жергілікті атқарушы органдар белгілеген бағамен сатуды сұранамыз, – деді Бердібек Сапарбаев. 11 ауылдық округте ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырған кезде айтарлықтай кедергілер байқалмады. Олжас Қаржауов тек аудан әкімдерінен елді мекендердің сыртындағы ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалануды сұрады. Сондай-ақ баяндамашы «Тараз» ӘКК ауыл шаруашылық техникаларын көбейту, сүт зауыттарының қуаттылығын арттыру, жеміс-жидек кластерін дамыту, картоп өсіру, ара және балық шаруашылығы, жаңартылған энергия көздерін дамыту, әлеуметтік тұрғын үй салу бойынша бірнеше ірі жобаларды әзірлеп жатқандығын жеткізді.