АГРОСЕКТОРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
АГРОСЕКТОРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде экономиканы қайта қалпына келтіруде кейбір мәселелерді, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін агросекторды қолдау қажеттігін атап көрсетті. Қазақстанда 1 миллион 700 мың жеке қосалқы шаруашылық бар екен. Алайда олардың өнімдері сауда объектілері арқылы ресми сатылмайды және қайта өңдеу кәсіпорындарына түспейді. Мемлекет олардан салық алмайды, мұндай шаруашылықтарда жұмыс істейтіндер әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» деген қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырды. Таяу арада оның ауқымы кеңейіп, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірленбек. Мемлекет осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде «ҚазАгро» арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие бермек. Мұнда «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдері пайдаланылады. Сондай-ақ шаруалардың өнімдерін тұрақты сатып алу және сату жүйесі қолға алынбақ. Осы жоба жүзеге асқанда 2 миллионға жуық ауыл тұрғынының табысын көбейтуге, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік туатын көрінеді. Негізінен алғанда қанатқақты жоба біздің облысымыздан бастау алды десе де болады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өткен жылы «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» қолға алынған болатын. Жобаға сәйкес әр ауданнан бір-бір ауылдық округ белгіленген. Талас ауданында бұл жоба Үшарал ауылында жүзеге асырылуда. Қанатқақты жобаның мақсаты мен жүзеге асырылуы туралы аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтан сұраған едік. – Қанатқақты жобаның маңызы өте зор. Ол бойынша әрбір аула қожалығына кәсіпкерлігін ашу үшін, өзін-өзі жұмыспен қамтуды қолға алуына және сол арқылы өнімдерін кооперативтер арқылы шикізат өңдеу кәсіпорындары мен сауда нүктелеріне тікелей шығарып, тұрмыстық жағдайларын жақсартуына мүмкіндік туады. Жоба бойынша несие 2,5 пайызбен 5 жыл мерзімге беріледі. Несие қаржысын қайтару бір жылдық демалыстан кейін басталады, – деді ол. Өткен жылы Талас ауданынан Үшарал ауылдық округі пилоттық округ болып белгіленгенін айттық. Ауылдық округ бойынша жалпы 326 аулада халық саны – 2 207 адам, 3 елді мекен (Үшарал – 272 аула, 1867 адам, Арал – 29 аула, 205 адам, Қайыр – 25 аула, 135 адам) бар. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының 5 бағыты бойынша 669, 381 мың теңге қаржы бөлінді. Атап айтқанда, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша ауыл тұрғындарының 55,15 гектар үй іргесіндегі жерлеріне тұқым, тыңайтқыш, гербидциттер алуы үшін 20,0 миллион теңге және 1 дана 0,10 га жылыжайға 8,2 миллион теңге есептеліп, бөлінген. Ауылдағы мал шаруашылығын тиімді жүргізу бағыты бойынша 194 тұрғыннан сұраныс түсіп, олардың мал сатып алулары үшін 492,51 миллион теңге, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағыты бойынша 510 гектар жерге мал азықтық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін тұқым, тыңайтқыш, гербидциттер сатып алуларына 30,0 мың теңге, ауыл шаруашылығы кооперативін жабдықтауға – 18 дана ауыл шаруашылығы техникаларына 114,66 миллион теңге, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру бағыты бойынша бір наубайхана салу үшін 4,0 миллион теңге бөлінген. Жобаны іске асыру үшін ауыл тұрғындарының малына жемшөп дайындау, олардың өндірген өнімдерін ұқсату және қызмет көрсету мақсатында «Талас-2020» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Кооператив төрағасы болып ауыл азаматы Рахымжан Әденов сайланған. Кооператив бірінші бағыт бойынша ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі 55,15 гектар жерін игеруі үшін 20,0 миллион теңге несие алып, ауыл тұрғындарын тұқым, тыңайтқыш, басқа да қажетті дәрілегіштермен қамтамасыз етуде. Биыл ауыл тұрғындары тарапынан 1 га қызанақ, 1 га қияр, 8,34 га картоп және 44,8 га жерге бақша дақылдарын егу жоспарланған. Жалпы межеленген ауыл шаруашылығы дақылдары 100 пайыз егіледі деп күтілуде. Сонымен қатар кооператив ауыл тұрғындарына Меркі ауданындағы бақ өсіретін шаруашылықтардан 1000 түп жеміс ағаштарын әкеліп берді. Ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша жерлерін жыртып беріп, қызмет көрсетуде. Бірінші бағыт бойынша ауыл тұрғыны Е.Сыздықбеков 0,10 га жерге жылыжай салу үшін 8,2 миллион теңге несие алып, жылыжайға қажетті құрал-жабдықтар сатып әкелді. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары басталды. Қазан айында іске қосуды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда бірінші бағыт бойынша 300 аула үй іргесіндегі жерлерін игеретін болады. Ауыл тұрғындары үй іргесіндегі жерлерін игерулері үшін 105 аулаға құдық қазып беру жұмыстары ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге дейін 28 құдық қазылды. Екінші бағыт, яғни ауылдағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бойынша 194 ауыл тұрғынынан сұраныс түсіп, олар 492,51 миллион теңге несие алып, 1807 бас мал сатып алды. (Оның ішінде 398 бас сиыр, 575 бас жылқы, 834 бас қой сатып алды). Алдағы уақытта сүт, қымыз, ет өндіру үшін жұмыс жасалуда. Әрбір отбасына кепілдіктеріне сәйкес 5,0 миллион теңгеге дейін несие алуларына мүмкіндіктер беріліп, яғни, бір отбасы 10 бас сауын сиыр немесе 15 бас бұқашық немесе 10 бас жылқы және 50 бас қойға дейін мал сатып алды. Үшінші, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағыты бойынша кооперативке 510 гектар жерге мал азықтық ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін тұқым, тыңайтқыш, гербидциттер сатып алуларына 30 миллион теңге несие берілді. Бүгінгі күнге жоспар толық орындалып, 450 га жаздық арпа, 30 га жоңышқа және 30 га дәндік жүгері екті. Төртінші бағыт бойынша ауыл шаруашылығы кооперативін жабдықтауға 18 дана ауыл шаруашылығы техникалары – 114,66 миллион теңге несие берілді. Әзірге 15 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Атап айтқанда, 3 дана трактор, 2 дана тіркеме, 2 соқа, тұқым сепкіш, қопсытқыш, майдалағыш және басқа да мал азығын дайындайтын агрегаттар. Осы техникалардың тұрақжайына Ә.Сағынтаев атындағы ЖШС-ның тұрақжайы берілді. Қазіргі кезде егіс-дала жұмыстары осы техникалардың қатысуымен атқарылуда. Бесінші бағыт бойынша ауыл тұрғыны Абдулла Шалқар 4 миллион теңге несие алып, 21 наурыз күні наубайхананы іске қосты. Қазір күніне 200 бөлке нан және нан өнімдерін халыққа сатуда. «Талас-2020» ауыл шаруашылығы кооперативі жағдайы төмен отбасыларына да мүмкіндігінше көмектер көрсетуде. Осы жобаға байланысты аудан әкіміне көкейдегі сауалымызды қойған едік. – Бүгінде Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасын» қолдау үшін мол қаржы бөлуге тапсырма берді. Ендеше сол мүмкіндікті пайдаланып, агросекторды қайта жандандыруға бола ма? – Әлбетте. Қазіргі таңда әрбір ауылдық округ халқының тұрмыстық жағдайын жақсарту жөнінде нақты жұмыс жасап жатырмыз. Және ол нәтижесіз емес. Сонымен қоса өндірілген өнімдерді өңдеу, сатуға шығару мәселесін ойластырудамыз. Сүт өнімдерін өндіретін, ет өнімдерінен шұжық жасау сияқты кәсіпке басым бағыт бермекшіміз. Биыл жылыжайлар алуға да тапсырма бердік. Аудан өзін-өзі азық-түлікпен қамту керек. Сырттан тасымалданатын тауарларды мейлінше азайтамыз деп отырмыз. Ол үшін агросекторды қайта жаңғыртпақпыз. Жер-ананы мейлінше тиімді пайдалансақ дейміз. Осы мақсатта 2020 жылдың өнімі үшін барлығы 13525 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 1303 гектарға немесе 9% өсіп отыр. Оның ішінде күздік бидай 4800 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4465 гектарды құрайды. Сонымен қатар 1000 га жер парға дайындалады. Бүгінгі күнге дейін 1500 гектар жаздық арпа, 560 гектар мақсары, 40 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 300 гектар бақша, 200 гектар көкөніс, 50 гектар жерге қант қызылшасы, 1000 гектар алқапқа көпжылдық шөп және 350 гектар жерге жүгері егілді. Қорыта айтқанда межеленген егіс көлемі толық орындалады. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін бұлжытпай қолға алсақ, ауыл шаруашылығын жаңа сатыға көтеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін боламыз. Оған сенімім кәміл, – деді Б.Қазанбасов. Сәулембай Әбсадықұлы. Талас ауданы.