Сақтықта қорлық жоқ
Сақтықта қорлық жоқ
Қазір күзгі жиын-терімнің қызған шағы. Ерте көктемнен бастап, ала жаздай тыным таппаған дихан қауымы өнімін өткеріп, маңдай тердің тәтті дәмін сезінуде. Әлбетте, есіл еңбектің еш кетпей, оның рахатын көргенге не жетсін! Жер баптап, бау-бақша өсірген азаматтар өнімін базарлар мен дүкендерге өткізуде. Қаланың көпқабатты үйлерінің алдында да саудаларын қыздырып жүргендер бар. Тіпті, үлкен жолдың үсті де базарға айналды. Тамыз айының соңына таман Мойынқұм ауданына іссапарға бардық. Шу қаласының іргесімен өтетін жол бойынан басталған қауын, қарбыз саудасы екі ауданның шекарасы маңында одан сайын қызған. Мойынқұм ауданының қақпасынан өткеннен жолдың үстіне кепе соғып, қауын, қарбыз, басқа да көкөніс өнімдерін сатқандардың қарасы тіпті көп. Үлкен жолмен ары-бері жүйткіген саналуан көліктің кейбірі тоқтап, жүргізушілер мен жолаушылар саудаласпай-ақ қыз-келіншектердің айтқан бағасына қауыннан да, қарбыздан да алып жатыр. Бірлік ауылының тұсынан Астанаға қарай жол шығады. Сондықтан бұл жолмен алып жүк көліктерінің де, автобустардың да, жеңіл көліктердің де түр-түрі өтеді. Бір Алла жар болсын дейсің әйтпесе, түннің бір уағында рөлде келе жатқан жүргізуші қалғып кетсе, жол үстіндегі кепеде мызғып жатқан сатушыларды таптап кетуі ғажап емес. Осы жерде «жолға, жол қозғалысына жауапты құзырлы органдар қайда қарап отыр?» – деген заңды сұрақ туады. Осы мәселені Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікеновке айттық. Кем дегенде аптасына бір рет облыс орталығында өтіп жататын түрлі жиындарға келіп-кететін аудан әкімі жол үстіндегі «жабайы базарды» өзі де аңғарып жүр екен. «Бұл мәселені қолға алып жатырмыз. Бақша өнімдерін өсіретіндер үшін өнімін сататын жер беру мәселесін қарастырудамыз. Ондай орындар адам өміріне қауіп төндірмейтін, жолдан біршама қашықтықтан беріледі» деді. Кеш болмасын дейік...
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Шу және Мойынқұм аудандары.