Әлеумет

оқ пен оттан қаймықпаған

оқ пен оттан қаймықпаған

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 75 жыл болды. Сұрапыл соғыс жылдарында әр отбасы жоқшылықты көріп, жан азабын тартты. Айтулы күнге орай архивтегі құжаттарды зерделей отырып, Мойынқұм ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұханбетқұл Сабыровтың әкесі, ҰОС ардагері Сабыр Ахметов атамыздың көзі тірісінде берілген қолжазбасын көріп шықтым. Ұлы Отан соғысының ардагері, тоқығаны мол шежірелі қария атанған Сабыр Ахметов жайлы естіген естелігімді Ұлы Жеңіс мерекесі аясында жариялауды жөн көрдім. Сабыр ата 1920 жылы Әулиеата губерниясының Шу бойындағы Аққолтық болысындағы №16 ауылда шаруа кісі Ахмет Әлшеұлының отбасында дүниеге келген. Әкесі Ахмет 9 ағайынды екен. Сабыр ата 1929 жылы жаңадан ашылған латынша мектепте білім алады. Қағаз-қалам өте аз болған соң, тақтайға жаздырған. 1930-1931 жылдары серіктестік ұйымдастырылып, үкімет елге салық салып, елдің бірлі-жарым малын жинап, сол кезгі ел белсенділері кейбір адамдардың жалғыз аттарына дейін тартып алады. Небәрі 9 жасында ашаршылық болып, халық қақпан салып, қоян-қырғауыл аулап күнелткен. 1932 жылдың алдында «Кеңғайыр» деген жерде Әлше атасының 9 баласынан туған 32 баласы Қылша деген ауылда бір жұтта қайтыс болады. Үш ұл, үш қыз ғана тірі қалады. Сол жылы қар қалың жауып, қыс қатты болыпты. Қақпанға қоян түспей, аштыққа ұшыраған соң 2 ұл, 2 қызды Гуляевка деген жердегі балалар үйіне өткізеді. Ол балалардан жалғыз Сабыр ата ғана аман қалып, 1933 жылы әкесі балалар үйінен шығарып алады. Үкімет ашаршылықтан аман қалған адамдарды жинап, сәуір, мамыр айларында Қызылотау ауылына әкеліп, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Әкесі Ахмет мал санын көбейтіп, Қазақстанда өткен ауыл шаруашылық жиналысында заттай сыйлық алады. Майдангер ата 1933-1934 жылдардың сәуір айына дейін Қызыл-отау мектебінде, 1937 жылы Фурманов атындағы жеті жылдық мектепте оқып білім алады. 1940 жылы Көктерек ауданы құрылғанда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеген Қамбар Молдабековтің қолынан коммунистік партияның қатарына қабылданады. 1940 жылы қыркүйек айында әскер қатарына алынып, Новосібірдегі әскери округте, Омск қаласында әскери міндетін атқарады. Сөйтіп коммунистік партия орыс ұлтынан басқа ұлттарға да ерекше назар аударып қамқорлық көрсетеді. Сабыр ата әскерде өте тіл алғыш бала болғандықтан, командирлердің ықыласы түсіп оң қабақ танытады. «Мен 1940 жылы Шу аудандық әскери комиссариат арқылы әскерге алынып, Омбы-Новосібір әскери округіндегі 543-ші Қызыл тулы артиллерия полкына түстім. Он айлық дайындықтан соң бұл полк Украинаның Житомир облысы, Коростень қаласына көшірілді. 1941 жылдың 1 мамыр мерекесін сонда атап өттік. Содан бір жарым айдан соң, яғни, 22 маусымда фашистік Германия опасыздықпен соғыс бастады ғой. Немістер алғашқы күннен жойқын шабуыл жасап, Украинаның көптеген қалалары мен селоларын жермен-жексен етіп қиратып үлгерді. Олар біздің артиллериялық полк орналасқан Житомир қаласын 12 желтоқсанда басып алды. Неге екені белгісіз, жоғарыдан берілген команда бойынша үнемі шегінуде болдық. Жау танкісі снарядының жарықшағынан қолымнан қатты жараланып, мен далалық госпитальда жатқанымда дұшпанымның қолына тұтқын болып түсуім ар-намысыма тиіп, жанымды қатты қинады. Тағдыр тәлкегі деген осы да. Лаж жоқ, қарусыз қолға түскенімізге әлі күнге өкінемін. Сонда оқ пен оттың ортасынан тірі ораламын, ата-аналарыммен, бауырларыммен табысамын деп ойлаудың өзі қиын еді. Алайда ажал аузында тұрсаң да одан құтылудың жолын іздейді екенсің, жанымда бұрын Омбыда бірге болған полк комиссары Дворкин ауыр жаралы күйінде бірге жатқан, бір күні ол маған өте сақтықпен сыбырлап былай деді: «Немістер біздің коммунист екенімізді сезіп қойса дарға асады, сондықтан бізге аса сақтық қажет. Мен тірі болсам сені де өзіммен бірге алып шығамын. Тек аузыңа ие бол». Біліп қоймас үшін партиялық билетті етіктің ұлтарағының астына жасырдық. Дүниеде жау қолына түскеннен артық қасірет жоқ шығар. Содан бізді ауыр жарақатымызға қарамастан Черепков қант зауытына конвоймен айдап әкеліп қамады (5-6 мың адам). Содан кейін бәрімізді тұрғызып қойып: «Кімде-кім коммунистерді, еврейлерді, комсомолдарды ұстап беретін болса босатамыз» деді. Кейбір сатқындардың айтуымен ұсталған 40 жігітті өздеріне ор қаздырып, біздің көзімізше атып тастады. Қандай қатыгездік! Тұтқындардың арасынан мың адамды бөліп алып, майдан шебі жағына әкетті. Ал бізді Харьков қаласынан 35 шақырым жердегі Малошоротка селосына апарып, бұрынғы 7 жылдық мектепті лагерьге айналдырды. Ендігі мекеніміз осы жер болып, мұнда бізге бұзылған асфальт жолдарды жөндетті. Тамақ жоқ, ашпыз, күн-түн демей жұмыс істедік. Немістер басып алған жердегі елді қатты қинады. Әйелдерді зорлады. Еркектерді құлдыққа Германияға айдап әкетіп жатты. Осыған шыдамаған ел партизан болып орманға кетті. Партизан соғысы өршіді» деп басталған Сабыр атаның қан майдандағы естелік әңгімесінде. 1943 жылдың басында немістер кейін шегінуге мәжбүр болады. Бұдан кейін екінші дәрежелі дәрігердің жоспары бойынша он бір адам күзеттегі полицейлердің екеуін өлтіріп, лагерьден қашпақшы болады. Уәделескен күні өз төсегінде Сабыр ата ұйықтап кетеді. «Ояна кетсем таң атуға тақап қалыпты. Жатқан жерім жым-жырт, жолдастарымды іздеп, төсегіне барған мен бірін таппадым. Сыртқы есік ашық қалыпты. Күзетте тұрған ешкім көрінбейді. Басқадан гөрі өзіме бір табан іш тартатын астраханьдық қазақ жігітін оятып, «күзетте адам жоқ қашайық» деп едім ол көнбеді. Өздерінің жоспарлары бар екендігін айтып мені сақтандырды. Одан кейін денемнің кішілігіне сендім де, қыстай от жағып келген пештің қасындағы тесіктен шатырға шықтым. Бұл уақытта таң да атып, абыр-сабыр басталды. Шатырдан сығалап көріп жатырмын. Полицейлер келіп тұтқындарды аяғынан тік тұрғызды. Аулаға шығарып алып, түгендеді. Мені қосқанда 11 адамның жоқ екеніне көздері жеткен соң мені іздеп жатпады. Сірә оларды да өлгендердің санына қосып, есебін түгендеуді ұйғарды-ау деймін, қалғандарын айдап, тас жолмен батысқа қарай тартты» делінген атаның қолжазбасында. Лагерьден қашып шықты дегені болмаса, бұдан былайғы күнкөрісі бұрынғыдан да ауырлай түседі. Украин хуторларындағы қайырымды жандардың көмегімен күндіз тығылып жатып, түнде ғана түнгі көбелектей күн кешеді. Өстіп жүргенінде орман ішінде кеңестік барлаушыларға кездеседі. Олар жағдайын сұрап, жақсы қамқорлық көрсетіп, тамақ береді. Кешке қарай 18 километр жердегі штабқа барады. «Штаб бастығы орта бойлы, тікенек шегір көзді капитан екен, менің тұтқыннан босағанымды естісімен айқайға басты. Сендей сатқындардың кінәсінен осындай күйге ұшырадық. Отанымыздың шын патриоты болсаң, тірідей қолға түскенше неге атылып өлмейсің. Енді жауды жеңіп, негізгі күшін талқандағанда сенің қажетің қанша?» – деп пистолетін суырды. Өзім деп келгенде өзегімнен тебеді деп кім ойлаған? Тұтқынға түсуімнің жай-жоспарын білмей жатып, капитанның қару кезегеніне шыдамай, мен де қалтамнан партбилетімді суырдым. Қолымда қаруым болғанда алысып өлетінім айқын еді, бірақ мен госпитальда жатқанымда қолға түстім. «Бізді тастап кеткен сендей командирлер. Қоршауда қалатынымызды білгенде сол қолынан жарақат алған мен қалмайтын едім»,-деп партбилетімді кеудеме тостым да: «Ат, ат деп екі-үш рет айқайладым. Капитан состиып тұрып қалды. Сәлден кейін ғана жөнге келіп, менің тұтқынға қалай түскенімді сұрады. Жағдайға әбден қанған соң барып артиллерист ретінде мені 82 милиметрлік минометтік взводқа жұмсады. Сол жерде қызметімді одан әрі жалғастырдым. Сумск қаласының түбіндегі соғыстарға қатыстым» деп тоқтаған. Содан кейін 167-атқыштар дивизиясының 465 полкына қабылданып, 1943 жылғы Орел-Курск доғасындағы кескілескен ұрыста екінші рет жараланып госпитальға түседі. Бұдан соң 1810 танкке қарсы шабуылдайтын артиллерия полкі құрамындағы соғыс кезінде үшінші рет жарақат алған Сабыр атаны елге барып қайтуға қысқа мерзімді демалысқа жіберді. Кейін Рязань қаласына ерекше әскери бөлімнен арнайы адамдар келіп, тұтқында болғандарды тексеруден өткізгенде, ешқандай айып таға алмайды. 1945 жылғы сәуір айының аяғында біздің №19 артиллериялық бригаданың №1810 полкі тапсырма алды. Полк командирі бәрімізді жинап алып, біздің неміс жеріне келгенімізді, оның шекарасын мына үлкен өзен құрайтынын, немістер осы өзеннен өткізбеу үшін үлкен дайындық жасағанын айтты. Сондықтан басты міндетіміз, өзеннен өтіп, оның ар жағындағы немістің бекінісін алу екенін түсіндірді. Біз дұған дайындық жасап, автомат, пулеметімізді, зеңбірегімізді тағы басқа қару-жарақтарымызды тексеріп, бес күндік тамақпен жарақтандық. Ағаш кесіп, сал буып, бұйрықты күттік. Мұндай бұйрық сәуір айының 25-і күнгі таңда беріліп, ені 8 километр өзеннің ортасынан ауа бергенде немістер байқап қалып, оқтың астына алды. Соған қарамастан көпшілігіміз жағаға шығып үлгердік. Сол кезде мен бізге жақын тұрған бұзылған көпірдің маңынан қараң еткен бір нәрсені байқап қалдым. Бұл жөнінде командирге айтып едім, ол сол жерді зеңбірекпен дәл көздеп атуды бұйырды. Бұл тапсырманы орындадым. Сөйтсек, кейін анықталғандай, сол бұзылған көпірдің астына рациямен немістің барлаушылары орналасқан екен. Олар біздің әскеріміздің жайын тиісті орындарға хабарлап отырыпты. Біз сол бақылау ұясын талқандағаннан кейін жау көрсоқыр болып қалды. Біздің әскерлердің өзеннен шығынсыз өтуіне жағдай туды. Немістер өзен жағасына 300-400 метр қашықтықта бекінген екен, біз сол жерді зеңбірекпен атқылай отырып, шабуылға көштік. Сөйтіп бірнеше сағаттың ішінде немістің бірінші, көп ұзамай екінші бекінісін басып алдық. Солайша немістердің совет әскерін өзеннен өткізбейміз, өткен күнде қайтадан өзенге тығып, жойып жібереміз деген ойы іске аспай қалды. Үшінші күні немістер қарсы шабуылға шықты. Бірақ олар совет әскерінің жойқын күшіне төтеп бере алмады. Майдан даласына шыққан танкілердің бірде-бірі кейін қайтқан жоқ. Совет артиллеристері оларды дәл көздеп атып, көбін тас-талқанын шығарды. Соның ішінде біздің зеңбіректің сыбағасына бір танкі тиді. Біз жанғыш бронды тескіш, картеш оқтарды пайдаланып, неміс техникасымен жаяу әскерін көп шығынға ұшыраттық. Соның нәтижесінде жаудың үшінші бекінісін де бұзып 8 километр алға жылжыдық. Өзеннен өткеннен кейін бесінші күнге қарай совет әскері 4 сағат артиллериялық дайындық жасап, үлкен шабуылға шықты. Аспанда ұшақтар жүйткіп, біздің қатарымыздан катюшалар орын алды. Соның нәтижесінде жау біздің тегеурінімізге төтеп бере алмай, аздаған уақыттың ішінде Штеттин, Гратц, Пешкун, Козеков, Швейдр, Графвалбд, тағы басқа көптеген қалаларды босаттық. Ал жаудың қалған бөлігіне аспаннан листовкалар тастап, бұдан кейінгі қарсылықтың негізсіз екені айтылды. Көп ұзамай неміс әскері ақ шүберек байлап, қаруларын тастап, тізе бүкті. Сөйтіп біз 1945 жылдың 9 мамырын осылай жеңіспен қарсы алдық», – деп 9 мамыр – Жеңіс күнін 1810 артиллерия полк құрамында Германия жерінде тойлағанын әлі күнге дейін еске алғаны жадымызда. Соғыстан соң да Сабыр ата берекелі еңбек етті. Яғни, Талдыөзек ауылында ферма меңгерушісі, мал дәрігері, зоотехник, Фурманов кеңшарында бөлімше басқарушысы, зоотехник қызметтерін абыроймен атқарды. Әулеттің бас иесі болып, жұбайы Заһар апа екеуі 8 ұл мен қыз өсіріп, оларға тәлім-тәрбие берді. Гүлбану Иманбекова, Мойынқұм аудандық мемлекеттік архивінің директоры.