Экономика

Бағдарламалардың бизнесті қолдауда көмегі көп

Бағдарламалардың бизнесті қолдауда көмегі көп

Мемлекет басшысы төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында екі айға созылған төтенше жағдай режімінің аяқталғанын жариялады. Күнделікті өмірде, жұмыс орнында, адамдармен қарым-қатынаста сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн екендігін, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек екендігін Президент ерекше атап өтті. Карантин талаптарын жұмсартқан бірқатар елде қайтадан індет таралуының күрт өршуі бұл мəселеде салғырттық таныту мен жеке жауапкершіліктің деңгейін төмендетуге болмайтынын көрсетеді. Еліміздегі коронавирус індетінің қазіргі күйіне, əлі де халықтың денсаулығына қауіптің сақталуына байланысты қабылданған шешімдер құптарлық. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының сөзінде елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға байланысты өте өзекті мəселелер қарастырылды. Ендігі кезекте аталған мəселелер экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Жалпы, өңірімізде бизнестік жобаларға қолдау карантин жағдайында да бәсеңдеген емес. Атап айтсақ, өңірде кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын белсенді пайдалануда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы басталғалы бері құны 107,7 миллиард теңгені құрайтын 1788 жоба іске асырылған. Өткен жылы 420 жоба іске асырылса, биыл да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ол үшін қазынадан 3 235,1 миллион теңге қарастырылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын бизнес субъектілерінің бастамаларын қолдау мақсатында былтыр 165 тұлғаға 339 миллион теңге қайтарымсыз грант берілген еді. Биыл осы бағдарлама аясында барлығы 171 миллион теңге бөлініп, облыс бойынша жаңа бизнес-идеяға сай келетін 40-45 жоба грантқа ие болады. Өткен жылы өз бизнесін ашқысы келетін мың жас «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Олардың 556-сы қайтарымсыз грантқа ие болса, 200-ден астамы несие алды. Өңірімізде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы белсенді іске асырылуда. Қазіргі таңда мақұлданған жобалар сомасы бойынша біздің аймақ республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұдан бөлек, жалпы құны 948,3 миллион теңгені құрайтын 43 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ 20,7 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба мақұлданды. Сонымен қатар бағдарламаның пайыздық ставкасын субсидиялау, банк кредиттерін ішінара кепілдендіру құралдары бойынша да жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. «Еңбек» бағдарламасы аясында өңіріміздегі Тараз, Жаңатас пен Қаратау қалаларында кәсіпкерлер құны 381,2 миллион теңгегені құрайтын 38 жобаны іске асыруда. Осының арқасында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 400-ге жуық, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 20-ға жуық жұмыс орыны ашылып отыр. Алдағы уақытта елімізде орта және шағын кәсіпкерліктің жағдайын қайта оңалтуға Үкімет пен «Атамекен» аталған бағытқа қолдау жасайтынына сенімдіміз. Мемлекет басшысы тарапынан бұл бағытты жандандыруға нақты тапсырмалар берілді.

Айгүл ИМАНБЕКОВА, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бөлімінің басшысы.