Оң нәтижелер болған сайын Карантин жеңілдей түседі
Оң нәтижелер болған сайын Карантин жеңілдей түседі
Есет ДОСАЛЫ Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Карантин кезінде жаңа нысандардың ашылуы» атты онлайн брифинг өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен облыстың бас санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев қатысып, жұқпалы індет бойынша өңірде қалыптасып отырған жағдайға, жасалып жатқан жеңілдіктерге кеңінен тоқталды. Бекболат Серікбекұлы 1 маусымнан бастап, карантин режімі тағы жеңілдетіліп, еліміздің бас санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес облыста өндіріс нысандары және басқа да обьектілер ашылатынын айтты. Алайда облыс әкімінің бірінші орынбасары мәлімдегендей, «бұл карантин бітті, шектеулер түгел алынды» деген сөз емес. Яғни кез келген кәсіпорын мен нысандарда әр адамның бетперде тағуы, қызметкерлер арасында қашықтықты сақтауы, санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтауы міндет саналады. Бекболат Орынбеков нысан қызметкерлеріне қойылатын талаптар қатарына қорғаныс құралдарын, антисептиктерді үнемі қолдану кіретініне тоқталды. Ал өңірдің бас санитарлық дәрігері бірінші кезекте 892 сауда нысандары, 80 тамақ өнеркәсібі, 94 медициналық ұйым, 114 коммуналдық объектілер, 195 өнеркәсіптік кешендер іске қосылатынын айтты. Бірқатар тамақтандыру орындарына да жұмысын бастауға рұқсат берілген. Ал екінші кезеңде індет жұқтырғандар көрсеткіші төмендей түссе, басқа да нысандар мен объектілердің жұмысын қайта жандандыруына мүмкіндік беріледі. Ғазиз Дүйсенбекұлы еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің Қаулысы көшірмесі бірінші кезеңде 976 нысанға берілсе, екінші кезеңде 707 нысанды қамтитынына әлеуметтік желі қолданушылардың назарын аударды. Қазіргі таңда қарапайым тұрғындардың карантин тәртібіне бағынып, маска киіп, антисептіктерді қолдануы өте маңызды болып отыр. Брифинг барысында қонақтар онлайн негізде БАҚ өкілдерінің және әлеуметтік желі қолданушылардың сұрақтарына жауап берді.