Жаңа құрылғы жанға дәру болды
Жаңа құрылғы жанға дәру болды
Бір күнде бірнеше науқасқа лапароскопиялық ота жасалды
Тұрғындар Тараз қалалық №2 ауруханасында іске қосылған 50 миллион теңге тұратын «Olympus» лапароскопиялық құрылғысының игілігін көре бастады. Мұнда жаңа құрылғының көмегімен бірнеше науқасқа ота жасалып, жоғары медициналық көмек көрсетілді. Операциялар Астана қаласындағы №2 аурухананың жоғары санатты уролог-дәрігері Тимур Мұратовтың басшылығымен сәтімен жүзеге асуда. Мамандар «Olympus» құрылғысының мүмкіндігі мол дейді. Лапароскопиялық отаның ерекшелігі – стационарлық ем-шара мерзімінің қысқалығында. «Жуырда бүйрек кистасынан зардап шегіп жүрген үш науқасқа операция жасадық. Сондай-ақ, лапароскопиялық жолмен бүйректегі, сондай-ақ, несеп жолдарындағы тасты алдық. Бүйрек кистасын хирургиялық жолмен алып тастағандарға бұрын отадан кейінгі оңалту шараларына кемінде екі-үш апта уақыт кететін. Бүгінде жаңа құрылғының көмегімен бұл уақыт екі-үш есеге қысқарып отыр», – дейді Тимур Мұратұлы. Енді облыс тұрғындары бүйрек тасы және несеп тасы, бүйрек кистасы ауруларынан емделу үшін алысқа сабылмайтын болды. Жамбылдықтарға жоғары медициналық көмек жергілікті жерде-ақ көрсетілмек. Қалалық №2 ауруханысының бас дәрігері Сәуле Мамашеваның айтуынша, емдеу мекемесінің мамандары Астана қаласына барып, жаңа құрылғымен ота жасауды үйреніп, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп келіпті. Солардың бірі – бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Хамит Мырзақасымов. «Біздің өзара әріптестік байланысымызды екі сатыға бөліп қарауға болады. Алдымен Хамит Саттарқұлұлы Астанаға келіп, жаңа құрылғымен ота жасаудың жолдарын оқып-үйренді. Сол кезде «Olympus» құрылғысын алсаңыздар, міндетті түрде Таразға барып, шеберлік-сыныбын көрсетеміз» деп келіскенбіз. Міне, біз осы уәденің үдесінен шығып отырмыз», – дейді астаналық маман. Хамит Мырзақасымовтың сөзіне сүйенсек, айына 15 науқасқа лапароскопиялық жолмен ота жасауға болады екен. Дәрігер бұрын тараздықтар лапароскопиялық жолмен отаны Астана немесе Алматы қаласына барып жасатып келгенін айтады. Облыс әкімдігінің қолдауымен алынған жаңа құрылғының арқасында енді бұл мәселенің де оң шешімі табылып отыр.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».