Саясат

«Ауыл-Береке» базарындағы санитарлық жағдайды күшейтуді тапсырды

«Ауыл-Береке» базарындағы санитарлық жағдайды күшейтуді тапсырды

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздағы бірқатар сауда орындарының жұмысымен танысты. Аймақ басшысы барған алғашқы нысан қаланың шығыс шетінде орналасқан «Ауыл-Береке» базары болды. Онда облыс әкімі азық-түлік тауарларының ассортиментімен, сапасы және бағасымен танысып, сатушылар мен тұтынушыларды әңгімеге тартты. Бүгінгі таңда базарда жеміс-көкөністердің, құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылық өнімдерінің көтерме сауда секторы жұмыс істеуде. Карантинге байланысты азық-түлік емес тауарлар сауда бөліктері жабылған. Базар аумағын шолып шыққан аймақ басшысы бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. – Бұған дейін мен базар аумағын ретке келтіруді, сауда орындарын жақсартуды, ыңғайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударуды тапсырған болатынмын. Алайда бұл нұсқаулар толығымен орындалмаған. Жайлы сауда павильондары жоқ. Кейбір сатушылар жерде сауда жасап отыр. Көлік құралдарының базардағы ретсіз қозғалысы өрт қаупін тудырады, – деді ол. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы да ойдағыдай емес. Сатушылар да, сатып алушылар да бетперде кимейді, адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталмайтынын көріп отырмыз. – Нарық қызметкерлері азық-түлік емес сектордағы жұмысты қайта бастауды сұрауда. Алайда базар әкімшілігі қажетті санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ете алмай отыр. Тиісті шаралар қабылдаңыздар, содан кейін ғана базарды толық ашу туралы айтуға болады. Пандемия кезінде біздің азаматтарымыздың денсаулығына қатысты қауіпсіздік шараларын елемеуге жол берілмейді, – деді Бердібек Сапарбаев базар басшылығына. Сондай-ақ аймақ басшысы «Орталық» және «Атакент» базарларына да атбасын бұрып, облыс орталығындағы демалыс саябақтарының аумағын аралап көрді. Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев облыс бойынша Шекара қызметі департаментінің жұмысымен, әкімшілік ғимаратының жай-күйімен танысты. Департамент басшылығымен ведомствоның өзекті мәселелерін шешу жолдарын талқылады.