Бізге бір Жақсылық жетпей тұр
Бізге бір Жақсылық жетпей тұр
Ташкент бозкілемі қазақ балуандарын жатырқауда
Спортшының бәрі Илья Ильин емес. Сол Ильин Елбасының алдында уәде береді және орындайды. Ал басқалар неге спорттық бабын жоғалтып алады? Біз, әсіресе, балуандарымыздың «өнеріне» қынжыламыз. Бір анығы қазақ балуандарының бойынан Жақсылық Үшкемпіровке тән қайсарлық табылмай тұр. Талай аяқтан шалуды көрсе де, Дінмұхамед Қонаевтың қамшылауымен Мәскеу олимпиадасына қатысып, алтыннан алқа тағынған Жақсылық Үшкемпіров белдесу аяқталған соң нені қалайсың деген жаттықтырушылары мен мамандарға «қымыз беріңізші» депті. Ал бүгінгі Қажымұқанның ізбасарларына не жетпейді? Ташкентте өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем біріншілігінің алғашқы күні-ақ көңіліміз су сепкендей басылып қалды. Лондон бозкілемінде жасындай жарқылдаған алтын ұл Ақжүрек Таңатаровтың «таңы атпай қалды». Біз фаворит санаған жерлесіміз алғашқы белдесуінде-ақ американдық Николас Томас Мараблға 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Ақжүректен өзгелердің де тауы шағылып, жеңілістің кермек дәмін татты. Иә, еркін күресті еркін меңгергендер әзірге қуанта алар емес. 125 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен балуанымыз Ержан Дүйсенбеков те алғашқы кездесуінде қарсыласының алдында дәрменсіздік танытты. Ол електік кезеңде ешкіммен белдеспей, жарысты 1\8 финалдан бастаса да, бірінші қарсыласы неміс Ник Матюхиннен 0:6 есебімен ұтылуға мәжбүр болды. 57 келі салмақ дәрежесінде Ташкентке аттанған өреніміз Шыңғыс Шоқанов алғашқы кездесуінде қырғыз балуаны Алтынбек Алымбаевтан айласын асырғанымен 1\8 финалда жапон жігіті Юки Такахашиден ойсырай ұтылды. Ағымдағы жылдың сәуір айында Азия чемпионатында күміс медальмен күптелген Аслан Кахидзе алдымен испаниялық Таймураз Фриевтің сағын сындырып, одан кейін грек Тимофей Ксенидисті жолдан тайдырды. Сондай-ақ, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері грузин Дато Марсагишвилиді жеңген Асланның жартылай финалдық белдесуде ресейлік Абдулрашид Садулаевқа шамасы жетпеді. Ал қола медаль үшін өткен айқаста түрік тарланы Селим Яширден 2:5 есебімен жеңіліп қалды. Әзірге ел сенген мықтыларымыз сенім үдесінен шыға алмай жатыр. Бәлкім ФИЛА-ның салмақтарды қайта жаңғыртуына төселе алмай жүрген болар. Айталық, Ақжүрек Таңатаров жақында ғана ережеге сәйкес 74 келіден 70 келі салмаққа ауысты. Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Тұманды Альбион бозкілемінде 66 келі салмақта белдескен болатын. Біріншілік жалғасын табуда. Әлі де үміт артып отырған балуандарымыз баршылық.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».