Спорт және туризм

Красножан пас беруді үйреткенімен, гол соғуды үйретпепті

Красножан пас беруді үйреткенімен, гол соғуды үйретпепті

Футболдан Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде ұлттық құраманың алдына мүмкіндігінше молынан ұпай жинап, топта үшінші орын иелену үшін талас жүргізу керектігі тапсырылған болатын. Үшінші орынды иелену үшін ұлттық құрамаға қанша ұпай жинау керек? Алдымен осыны бір саралап көрелік. Әлемдік футболда қалыптасқан үрдіс бойынша іріктеу сындарында 15 ұпай жинаған ұжымдар тобында үздік үштікке енеді екен. Демек, футболшыларымыз алдыға қойған мақсатты орындау үшін кемі 15 ұпайға қол жеткізуі керек. Ол үшін қандай нәтижелерді біз иектеуіміз шарт? Төрт жеңіс, үш тең ойын... Бұл мүмкін бе? Біздің топта әлем біріншілігінің қола жүлдегерлері Нидерланды, азулы Чехия, кеше ғана Түркия құрамасын тас-талқан етіп ұтқан Исландия секілді ортаңқол, бірақ адуынды ұжым бар екенін, сондай-ақ, Қазақстан құрамасын осыған дейінгі өзара матчтардың басым бөлігінде ірі есеппен жеңіп келген Түркия командасы осы топта екенін бағамдасақ, тапсырманың орындалуы қиындық туындататынын түйсіне түсеміз. Дегенмен, ұлттық құраманың ойын үлгісінде соңғы кездері ширақтық көрініс таба бастағанын назарға алып, үміт артқанбыз. Мақсатқа жету үшін бесінші себет арқылы «А» тобына түскен Латвия елінің командасын өз алаңымызда жеңуге тиісті болатынбыз. Алайда... Сонымен, бәрін басынан бастайық. Алғашқы матчта өз алаңымызда Балтық жағалауынан келген құраманы қабылдадық. Үшінші орынды айтпағанның өзінде топта анық аутсайдер аймағынан шығу үшін екі ойында да Латвияны ұтуымыз керек еді. Ел құрамасы жеребе тарту рәсімінде алтыншы себетте болды. Егер Қазақстан құрамасы бесінші себетке түскенінде онда бізге төменгі себеттен Сан Марино, Андорра секілді футболы тым кенжелеп қалған құрамалардың бірі қарсылас атанары сөзсіз-тін. Алдағы уақытта рейтингтегі көрсеткішті жоғарылату үшін де ұлттық құрама латыштардан айласын асыруға мәжбүр болған... Үдеден шығу үшін алаңда шалт қимылдаған ұлттық құрама төреші ысқырығы естіле салысымен латыштардың мазасын алуға кірісті. Командаға Ресейден келген бас бапкер Юрий Красножан жігіттерге пас алмасуды жап-жақсы үйретіпті. Алғашқы таймның өзінде Таңат Нөсербаев, Бауыржан Исламхан бастаған ұлттық құрама өрендері бес бірдей мүмкіндікті мүлт жіберді. Әсіресе, Дмитрий Шомко Исламхан асырған пасты регбидегідей емес, футболдағыдай тепкенде есеп ашылар еді. Өкінішті. Әйткенмен, Таңат Нөсербаев, Бауыржан Жолшиевтер бұл матчта мардымды ойын үлгісін көрсете білді. Тек, футболшыларымыз еуропалық стильде пас алмасуды мықты меңгергенімен, соңғы соққыны бағыттаудағы шеберліктерін әлі де қалыпты деңгейге жеткізе алмағаны көңілге кірбің түсірді. Бір қуанарлығы, ұлттық құраманың ардагері Самат Сымақов сапқа қайта қосылды. Ұзақ уақыт ұжымнан алшақ болғанымен, қайта оралған тәжірибелі футболшы қорғаныста сауатты ойнады. Ойынның екінші кезеңінде де біздің елдің бас командасы басымдыққа ие болғанымен, жеңісті жұлып ала алмады. Қайта латыштардың бірді-екілі қарсы шабуылы қауіпті шықты. Үш ұпай еншілеуге тиісті ойында екі ұпайды жоғалтып алдық. Енді федерация тапсырмасын орындау қиынға түсетін сияқты. Дегенмен, жанкүйерлер ұлттық құраманың алдағы уақыттағы ойындарда нәтижелілік танытатынына сенеді. Қазақстан құрама командасының бас бапкері Юрий Красножан біздің жігіттердің талпынысын жақсы бағалап, алдағы уақытта жеңісті жорықтарға шығатынымызға иландырды. Одан бөлек ол латыштармен өткен ойында қарсылас команданың сауатты қорғанғанын сөз етіп, жалпы ойындағы нәтижені оңды бағалады. Сонымен қатар, шабуыл шебін күшейтуді де өзіне басты мақсат етіп қойып отыр екен. Ал біздің топтағы өзге ойындарда Исландия Түркияны 3-0 есебімен ойысырата ұтса, Чехия құрамасы соңғы әлем біріншілігінің қола жүлдегерлері Нидерланды командасынан 2-1 есебімен айласын асырып кетті.