КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ КЕСІРЛІГІ МЕН
КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ КЕСІРЛІГІ МЕН
«кішкентай» адамның кемелдігі
[caption id="attachment_11535" align="alignnone" width="400"] Ер Шөкең ұрпағымен.[/caption]
Қазақтың ұлтжанды перзенттерінің бірі, көрнекті сатирашы Шона аға Смаханұлының азаматтық келбеті, қайраткерлік іс-әрекеттері жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Бірақ сол жүрекжарды жақсы дүниелерді оқыған сайын ақын ой-өрісінің Алатаудай биіктігіне өзім куә болған ұмытылмас сәттер жайлы айтқаным жөн болар деген ойға бекіндім. 1986 жылдың маусым айы болатын. Алматының «Көктем-3» деген ықшам ауданында тұратын бауырым Рысқұл Үшбайұлы кезекті бір бас қосқанымызда: – Үш апта бұрын үйімізге бір жас жігіт келіп кетті. Айтуынша, үйіміздің қасындағы №51 орыс тілді мектептің ішінен қазақ класын ашуға әрекет жүріп жатыр екен. Ұйымдастырушысы ақын Шона Смаханұлы көрінеді. «Сол іске белсене атсалысыңыз» деген тілектерін естіп, қуанып кеттім. Айналамдағы қазақ көршілерімнің бәріне мен де үгіт-насихатымды аямай жүргізудемін. Өкініштісі сол, бес қабатты ұзынша, тұтас бір үйде – бір, кейде екі ғана қазақ отбасы тұратын болып шықты. Олардың өзін көндіру қиын. «Балам қазақша оқыса, күнін көре алмай қалады», деген жарымжан ой кіріп алған миларына. Әрі партиядан қорқады. Қызым Гүлжанды бірінші кластың тізіміне бірінші етіп жаздырып қойдым. Бұйыртса, бүрсігүні сол мектепте бас қосып, Шона аға жиналыс өткізбекші. Сіз де келіңіз, – деді. Айтылған уақытта қос өкпемізді қолымызға алып, достарымызды ертіп, жетіп барған болатынбыз. Жеті-сегіз ата-ана жиналып тұр екен. Сәлден кейін Шона аға келді. Қасында – қаламгер Марат Тоқашбаев. – Бұл іс оңай деп ойламаңдар. Мектеп басшылары кедергіні жасап бағады. Бірақ балаларымыздың болашағы үшін қандай тосын жағдайға да әзір болуымыз керек. Қазір маусымның соңы ғой. Мұғалімдердің көпшілігі жазғы каникулға кеткенімен, директор және оқу ісінің меңгерушілері әлі жұмыстарында екен. Соларға барып жолығып, мектеп ішінен бір немесе бірнеше бастауыш қазақ кластарын ашуға мұрсат сұрап, арызымызды тапсырсақ деймін. Содан кейінгі жауабын көре жатармыз, – деді Шона аға. Ағаның сөздеріне зейін қоя тұрып көзіміз сол төрт қабатты мектеп ғимаратын шолуда еді. Кенет жігіттердің бірі: – Әне, ана бір терезеден екі әйел тесірейе қарап тұр бізге, – деді. – Мән бермеңдер, жүріңдер, ішіне кірейік, – деген Шона ағаның соңынан ілесе жөнелдік. Сөйтсек, есігі жабық екен. Тақылдатып тұрмыз. Бір кезде есік ашылды. Қарсы алдымызда қос бүйірін таянып, мектепті сыпырушы әйел тұрды. Шомбал денелі, еріні түрік әлгі апамыз: – Шо тебе нужно здес? Шо вы здес патеряли? – дейді зіркілдеп. Шона аға директормен кездесуіміз керек екенін айтқаны сол еді: – Я те сейчас покажу директора, я те покажу! – деп кіжінген күйі қолындағы «швабрасымен» (еден жууға пайдаланылатын ағаш таяқ – Н. Ү.) ұрмақ болғандай-ақ, әлгі жерде Шона ағаға қоқаңдап, тікелей айбат шеге бастағаны. Онымен қоймай: – Уйди пока целы, – дейді бажылдап. Аузынан орысша боқтық сөздер қарша борауда. Намысқа булыққан жігіттер мына бейбастықты тойтармаққа ұмтылған еді. Шона аға: – Жігіттер, қызбаланбайық. Менің бұдан абыройым кеміп қалмас. Қазір жауап қатсақ, біз бұзақы боп шыға келеміз. Бұларға керегі де сол... Мектеп басшылығы біздің осындай талаппен келетінімізді біліп отырған да шығар. Бізге керегі – жеке намысымызды күйттеу емес, қазақ кластарын аштыруға тырысу. Кіргізбесе кіргізбесін, мектеп шарбағының қасында тұрып-ақ жиналысымызды жалғастыра берейік, – деді сабырмен. – Бұл кемпірді жұмсап отырған, бағанағы терезеден бақылап жүрген мектеп басшылары ғой, – деп жатыр ашу-ызаларын әзер тежеген азаматтар. Содан не керек, негізінен Шона ағаға қарай бағытталған, кемсітушілік жағдайларына толы тағы осындай даладағы екі-үш жиналыс болды. Ол кісі сол кездері басына түрік халқының төбесінде шашақты бауы бар бас киімін киіп жүруші еді. Сонысымен-ақ ол кісі негізгі соққыны өзіне қарай аударатындай көрінетін бізге. Балаларын қазақ сыныптарында оқытқысы келетіндері туралы ата-аналардың өтініштерін жаздырып алып, Шона аға бастаған, Марат сияқты інілері қоштаған азаматтар оқу ісіне жауапты, жоғары жақтағы тұлғаларға шапқылауларын жалғастырып жатты. Нәтижесінде, қыркүйектің 1-і күні орыс тілді әлгі №51 орта мектептің алғашқы қоңырауға арналған жиналысында тұңғыш қазақ бірінші сыныбының бір шетте үркердей ғана боп тұрған оқушыларын қоршап біз тұрдық. Қоршау себебіміз, былтыр осы мектептің бірінші сыныбында оқыған бір баланы, әке-шешесі Шона ағаның сөзіне құлақ асып, болашақ қазақ сыныбы тобына әкеліп қосқан еді. Бір кезде былтырғы мұғалімі әй-шай жоқ әлгі баланың білегінен шап беріп ұстады да, «пошли к нам» деп сүйрегендей етіп алды да кетті. Мұндайды күтпеген басымыз, не болғанын түсініп үлгермеген де едік. «Баланы қайтарыңыз!» деген талабымызға әйел мұғалім құлақ та асқан жоқ. Әке-шешесі: «қайтеміз енді, қайтеміз енді...» деп, шарасыздықтан ыржыңдап сол жақта қала берді. Алдымызда қарқарадай болып тұрған Шона аға: – Уайымдамаңдар, назар аудармаңдар. Ең бастысы, балалардың саны қазақ класын аштыруға жетіп жатса болғаны, – деп салмақпен сабырға шақыруда. Бірінші қазақ сыныбының дәл қасында бірінші орыс сыныбы оқушылары тұрған болатын. Ішінде бір қазақ бала бар екендігін байқағанбыз. Бір қарасам, Рысқұл ағайым әлгі баланың әкесіне сыбырлағандай күйде үгіт-насихат айтып тұр екен. Ұлттық намысына тиетін сөздер шымбайына батып кетті-ау деймін сірә. Сәлден кейін әлгі жігіт жылы жымиған күйі ұлын қолынан жетектеп әкеп, біздің тобымызға қосты. Сондағы қуанғанымыз-ай. Себебі, осынша дау-дамаймен қазақ сыныбын ашу үшін жанталасқанымызда, сыныптағы бала саны белгілі бір деңгейден аз болмауы тиіс. Әйтпесе, бізді «швабрамен» айдап тастаудың көкесі сонда болар еді. Бір жарым сағатқа созылған сол салтанатта директор әйел орыс мектебінің ішінен қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптың ашылып жатқаны жөнінде жақ ашпады. Жақ ашпақ түгілі біздің бар-жоғымызды елемей, бізге ту сырттарын беріп тұрысты. Айтылар талай сөздердің небір кезегі кетіп жатты-ақ, не керек... Алайда, Шона ағаның «игі мақсатқа қол жеткізу үшін мұндай майда-шүйдені елемейік» деген салиқалы сөздері тоқтам болғандай еді бізге. Содан, жаңа сыныпта оқитын балалардың тізімін алып, ұлтжанды ағамыз осы бір күрмеуі өте күрделі істі соңына дейін жеткізу үшін, небір емен есіктердің табалдырығын тоздыруын одан әрі жалғастырған болатын. Көп өтпей-ақ 1-қазақ сыныбының дүниеге келгенін қағаз жүзінде заңдастырып берген еді сол кісі. Осы қазақ сыныбы оқушылары мен олардың ұстазының және ата-аналарының орыс мектебі мұғалімдері мен оқушылары тарапынан көрген құқайларын сипаттамасақ та түсінікті болар деймін. Онда да Шона аға үнемі басу айтудан танбады. Соның нәтижесінде, Смаханұлының тікелей араласуымен келер жылы ескілеу №21 мектеп ғимаратында (осы №51 орыс мектебінде, «швабраның астында» құрылған 1-сынып негізінде) бастауыш бірнеше қазақ сыныптары ашылғаны есімізде. Кейінірек ұлтымыздың басқа да қайраткер азаматтарының белсене араласуымен әлгі №21 мектептегі бастауыш сыныптар, жаңа салынған ғимаратта №138 қазақ орта мектебі ретінде дербес шаңырақ көтерген еді. Кейіндері ойлап қарасам, өз кенересінен шыққан перзентін көкпарша тартқылап әкеткен әлгі мұғалімге жақ аша алмастан: «қайтеміз енді, қайтеміз...» деп, мыңқиып қала берген кейбір ата-аналардың қылығымен салыстырғанда, Шона ағаның тұтас астанамыз Алматыда жаппай қазақ мектептерін аштырмаққа ар-абыройын да, жанын да, барын да салып әрекет етуі ерліктің ерлігі екен ғой. Себебі, Кеңес өкіметі кезінде ұлтжанды азаматтар «ұлтшыл» деп айыпталып, ондай азаматтардың соңына одақтық «үш әріптің» шам алып түсетіні ақиқат еді. Оны айтасыз, «Шона Смаханұлы «қазақ мектептерін ашайық» деп қалай қорықпай айтып жүр? Осындай артық әңгіменің керегі не бізге?» деген «орысшыл» қандастарымыз да табылмай қалған жоқ. Содан арада үш жарым айдай уақыт өткенде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалсын. Ізінше қызыл Кремльдің жан шыдатпас қуғын-сүргіндері басталды да кетті. Сондай кезеңдерде Шона аға сияқты азаматтар үшін алаң күй кешіп жүрдік. Айтқандай-ақ, «Желтоқсан оқиғасының орын алуына, «қазақ мектептерін ашу керек, қазақ мектептерін ашу керек!!!» деп байбалам салып, сендер түрткі болдыңдар» деп тиісті орындар ол кісілерді қысудай-ақ қысқан екен. Тілегімізге қарай, Алла аман сақтап қалған ғой ол кісілерді. Арада тағы бір жарым жылдай уақыт өткенде, дәлірек айтқанда 1988 жылдың шілдесінде, Шона аға Алматы қаласының сол кездегі Совет, қазіргі Алмалы ауданындағы №95 орыс мектебі төңірегінде, яғни біздің тұрып жатқан ауданымызда кезекті өз әрекетін бастап кетті. Бұл жолы ол кісінің қолдаушылары ересен еді. Себебі, Төле би көшесімен қиылысатын Мұратбаев және Қожамқұлов көшелерінің арасында бұрыннан салынған бес қабатты үш-төрт үйде және Қожамқұлов көшесін бойлай тұрғызылған тоғыз қабатты үш бірдей биік үйде негізінен қазақ ақын-жазушылары мен журналист ағайындар көбірек тұратын. Оның үстіне Желтоқсан көтерілісінен кейін қаламгерлер тұрмақ қарапайым қазақ азаматтарының да ұлттық намысы көтеріліп, еңсесі тіктелген. Халықтың бойындағы осындай өзгерістермен санасқандай болып, коммунистік биліктің сол жылдың көктемінде қос тіл мәртебесін қорғау туралы арнайы қаулы қабылдағаны тағы есте. Сондықтан да, бұл жолы Шона аға жиналысын 1986 жылғыдай, шошаңдаған «швабрадан» ығысып, шарбақ жағалап жүріп өткізген жоқ. Ол кісі №95 орыс мектебінің жиналыс залында, бір топ қаламгерлердің ортасында қасқайып отырып, жарқын түрде идеяларын ортаға салып жатты. Айтпақшы, сол жиында аудандық оқу ісі бөлімінен де арнайы өкіл қатысқан екен. Көп өтпей-ақ, қыркүйектің 1-інде, бірінші қазақ сыныбына баламызды жетектеп апардық. Тұңғышым Ерболаттың алғашқы ұстазы Қарлығаш деген апай еді. Мектеп басшылығы тарапынан жасалған көзге көрінбес, қолға ұстатпас әртүрлі қысымдарға шыдап-ақ бақты ол кісі. Себебі, Шона ағаның: «Бұйыртса, келер жылы бөлек мектеп боп шығасыздар, шыдаңыздар!» деген сөзі жадында еді. Айтса айтқандай, келер оқу жылында, жаңа салынған ғимаратта №136 қазақ орта мектебі ашылып, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалған. Бұл соңғы шараға аталған үйлерде тұрған барлық қаламгер ағайындар белсене атсалысты дегеніміз жөн болар. Кейінірек «ұзынқұлақтан» естуімізше, Шона аға Алматы сияқты ірі қалалардағы қазақ мектептерінің аянышты жай-күйлері туралы, сонау сексенінші жылдардың басынан бастап-ақ, үлкен кісіні құлағдар ете берген көрінеді. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпастың» кебін киіп жүрмейік», – деген ниетпен Шона аға Қазақстан Жазушылар одағы жанынан «Мектептер кеңесі» деген бейресми ұйым ашып қойған екен. Оның төрағасы – өзі, орынбасары – Марат Тоқашбаев болған. Жаратушымыздың қолдауымен, сонымен бірге өздерінің жанкешті әрекеттері нәтижесінде Шөкең бастаған азаматтар бір ғана Алматы қаласында 23-тей қазақ мектептері мен балабақшаларының ашылуына өз үлестерін қосқан. Ал, 1986 жылдың жазында біз куә болған жоғарыдағы «швабра» оқиғасы Шөкеңдей халықшыл азаматтардың, сырт көзге аса байқала бермейтін, ұлтжанды сезімдерге толы сандаған іс-әрекеттерінің бізге жеткен сондай бір көрінісі боп шықты. Соның өзі рухымызды бір сілкінтіп тастағандай еді. Жаратушы Иеміз қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамдар! Негізінде біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық. Әрі, сендердің бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың. Ақиқатында, Алла – бәрін Білуші, бәрінен Хабардар» деген ғой. Демек, біздің ұлт ретіндегі табиғатымызды танытып, халықтық бейнемізді айқындайтын қасиеттерімізді шариғат шарттарына қайшы келмейтіндей арнада сақтап қалуға және оны одан әрі имандылық тұрғысында дамытуға тырысуымыз шариғат құптарлық істерден болса керек. Яғни, ұлттық тіліміз бен ділімізді, имандылыққа толы рухани байлықтарымызды өркендетуге үлес қоса отырып, ұлт ретінде бір-бірімізді танып-білуімізге жол ашады екенбіз. Біздің ойымызша, Шона аға Смаханұлының біз жоғарыда баяндаған ұлтжандылыққа толы әрекеттері өз туған халқы ғана емес, өзге ұлт өкілдеріне де рухани азық, үлгі болатындай аяулы қызметтер еді. «Қазақ тілін сақтап қалу үшін қазақ мектептерін ашқызу керек!» деп осылайша жанкештілікпен шапқылап жүрген жылдарында өзінің жеке шығармашылық жоспарларын кейінге ысырып тастаған болар-ау, бәлкім! Әйтпесе, сол кезеңдегі рухани әлеміміздің кемшін түсіп жатқан тұстарын сатира садағына іліп-ақ, талай ойларын оқырмандарына жеткізе алар еді ғой. Себебі, ол кездің тұтас сатира жанры бүгінгідей арзан ыржаққа құрылған, көрерменінің «көңілін көтеру» құралы емес, қайта оқырманын сын тезіне салатын ой оралымдарына толы емес пе еді! Дегенмен, темір перделі коммунистік қоғам жағдайында атан түйе көтере алмас, оның белі шыдас бермес ауыр жүкті Шона ағаның тайсалмастан төбесіне көтере алғаны үшін ғана ол кісінің жазылмай қалған сатиралық жырларына бола өкінгім жоқ! Өз қолымен ашып кеткен мектептеріндегі әрбір шәкірттің ұлттық рухани, имани қайнарымызға бас қойған әрбір сәттері Смаханұлының мәңгілікке жазып кеткен жыр жолдарындай көрінеді бізге. Жаратушымыздың бұйрықтарына сай келетін осыншама істерді атқаруға ұмтылып өткен Шона ағадай пендесіне Алла өзі разы болып, Мәңгілік жайын жайлы қылғай! Соңында қалған ұрпақтарын иманды, ұлтжанды азаматтар қатарынан еткей!