Білім

Үлгілі шаңырақ иесі атану – үлкен бақыт

Үлгілі шаңырақ иесі атану – үлкен бақыт

Ел арасында ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, немере-шөбересін әлпештеп өсіріп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың көптігі қуантады. Жайылма ауылында әулеті ұстаздардан құралған 78 жастағы қария Есмахан Амангелді мен 71 жастағы жұбайы, қадірлі әже Балкүл Шардарбековалар бүгінде 5 перзенттен 17 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы. Адам баласы өмірді отбасы арқылы тани бастайды, яғни ең маңызды базалық танымды отбасынан алады. Ата-анасы, бауырлары баланың өмірінде үлкен рөл атқарады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтылмаса керек. Біз сөз етіп отырған отбасының тіректері Есмахан қария мен Балкүл әжей өмір бойы ұстаздық етіп, зейнетке шықса, олардан тарап, өсіп-өнген балалары да ата-ана жолын қуды. Ұрпақ санасына білім нұрын құйып жүрген олардың әрқайсысы ұстаздық жолды таңдап, бүгінде тек білікті маман ғана емес, адами тұрғыда кемелденген азаматтар. Үлкендері Өмірәлі Тараз қаласындағы спорттан дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі болса, 1970 жылы туған ұлы Әмірәлі Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінің директоры. Оның жары Майра Оралова Әйтеке би атындағы орта мектебінде мұғалім. Ұстаздар тәрбиесін көріп, тәлім-тәрбие алған шаңырақта үш ұл, екі қыздың барлығы дерлік бір-бір мамандықтың иесі. Отбасының кенже ұлы Асқарәлі ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының облыс бойынша филиалына білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі болып, абыройлы еңбек етуде. Ал қыздардың үлкені Мейрамкүл Тараз қаласындағы №16 мектепте химия кабинетінің лаборанты, жоғары білімді химик-технолог болса, кішісі Айнагүл Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің бірінде математик. Отбасы – адамды үлкен өмірге дайындайтын мектеп. Ал сапалы білімді, саналы тәрбиені бала өзара түсіністікте, бақытты ортада өмір сүретін, сол бақытты жасай алатын отбасынан алады. Осындай бірлігі жарасқан отбасыны көпке үлгі-өнеге етсек еш артықтық етпейді.

Дариха Үмбетиярова, журналист.

Сарысу ауданы.