Өңірімізде мал етінің экспорты артып келеді
Өңірімізде мал етінің экспорты артып келеді
Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық берген болатын. Президент «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар» дей келіп, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуді тапсырған еді. Елбасының «Қазақстандық-тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді тапсырған. Дегенмен де соңғы жылдары өңірімізден шетелдерге шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің, соның ішінде мал етінің экспорт көлемі артып келеді. Мал етінің экспортқа шығарылуына бірден-бір қозғау салған – ауыл шаруашылығы саласында қабылданған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», басқа да бағдарламалары мен жобалардың жемісі. Аудандарда ауыл шаруашылығы кооператив-терінің көптеп құрылуы да сүт және ет өнімдерінің шетке көптеп шығарылуы-на өз септігін тигізіп отырғаны анық. Сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаның да мал өнімдерін арттыруға өз үлесін қосады деген сенімі зор. Осы бағдарламалар мен жобалардың есебінен мүйізді ірі қара – 6, қой-ешкі – 102,5, жылқы – 6,2 процентке артқан. Ал құс басы 30,3 процентке жоғарылаған. Осының есебінен бүгінде ет экспорты жандана түскенін көріп отырмыз. Бұған дейін ет бізге шетелдерден келетін болса, енді біз оларға шығаратын әлеуетке ие бола бастадық. Атап айтсақ, былтыр біздің өңіріміз шетелге 1,5 мың тонна сиыр етін экспорттау керек болса, жоспар 105,2 процентке орындалған. Осылайша 1578,5 тонна сиыр еті шет мемлекеттерге жіберілген. Ал жоспарға қойылған 1 мың тонна қой еті де артығымен орындалғанын көріп отырмыз. Статистикалық мәліметке жүгінсек, мал шаруашылығы өнімдерінен ет өндірісі – 21,8 процентке, яғни 9,6 мың тоннаға, сүт өндірісі – 1 процентке, 16,8 мың тоннаға артқан. Бүгінде қой етін экспорттау бойынша республикада өңіріміз көш бастап тұр. Атап айтсақ, алдыңғы жылы елімізде 3800 тонна қой еті шетел нарығына шығарылса, оның 44 проценті облыстық тауар өндірушілерге тиесілі. Әсіресе шетелдіктердің қозы етіне деген сұранысы жоғары. Тауардың негізгі бөлігі Иран Ислам Республикасы мен Бахрейн Корольдігіне және Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне жіберілуде. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін 26,6 тоннаға жуық сиыр мен қой еті экспортталған. Оның 7,8 тоннасын сиыр, 18,6 тоннасы қой етін құрайды. Тараз қаласының кәсіпкерлері сиыр етін толықтай Ресей нарығына шығарған. Меркі ауданындағы «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Біріккен Араб Әмірлігі еліне – 7,73 тонна, қордайдағы «Оптоград» ЖШС тарапынан Оман мемлекетіне – 1,098 тонна, БАӘ еліне – 8,712 тонна, «ИРС-Экспорт» ЖШС БАӘ еліне 1,065 тонна қой етін экспорттаған. Бұдан бөлек, 0,2 тонна жылқы еті экспортталыпты. Қазір ет экспорты әлеуетін арттыру мақсатында аймақта арнайы бағдарлама қабылданып, шетелден етті бағыттағы мүйізді ірі қаралар әкелінуде. Өңірімізде 2018-2027 жылдары етті мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімге жоспарланған салалық бағдарлама қабылданып, «Сыбаға» бағдарламасы аясында алыс-жақын шетелден 36 мың бас мүйізді ірі қара әкелу межеленіпті. Былтыр өңірімізге 4 мыңға жуық мал әкелінген. Ал биыл 5 мың бас мал әкелу жоспарлануда. Шетелден әкелінетін әрбір мал басына 225 мың теңге субсидия қаралған. Мәселен, өткен жылы облысы-мыздың тауар өндірушілері 4 мың бас мүйізді ірі қара сатып алса, биылғы жылдың басында 600-ге жуық бас малы әкелінген. Бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысу үшін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевті сөзге тартық. – Бағдарламаның негізгі мақсаты – шетелден сатып алынатын ет бағытындағы малдың генетикалық әлеуетін пайдалана отырып қолдағы малдың өнімділік көрсеткішін жоғарылату. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстың нәтижесінде сиыр етінің экспорттық әлеуетін арттыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Атқарылған іс-шаралардың аясында жылдан-жылға ет экспорты ұлғайып келеді. Жыл басынан бері тауар өндірушілер 7,8 тонна сиыр, 18,6 тонна қой етін экспорттады. Өткен жылы облыстың тауар өндірушілерімен бір жарым мың тонна сиыр, мың тонна қой етін экспорттаған болатын. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қой еті 3 есеге артып отыр, – деді ол. Өңірімізде ет экспортымен тұрақты айналысатын бірнеше серіктестік бар. Атап айтсақ, Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары», Меркі ауданындағы «Меркі ет», Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бүгінгі таңда серіктестіктер ет өнімдері Иран Ислам Республикасы, БАӘ, Бахрейн Карольдігі, Кувейт, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттеріне экспорттауда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ