Көделіге көрік берген түліктер
Көделіге көрік берген түліктер
Ата дәстүрді жалғаған малсақ жандар ауданымызда баршылық. Солардың бірі – белгілі шаруашылық иесі Мейіржан Қазанбасов.
Алғашында оның алдында 100 қой, 2 мүйізді ірі қара, 5 жылқы болған. Одан бері 15 жыл өтті. «Мал басы көбейді ме?» деген сауалыма «Мейіржан» шаруа қожалығының төрағасы Мейіржан Алпысбайұлы: – Бүгінгі таңға бағымымда 900 қой (оның 550-і саулық, қалғаны тоқты), 125 сиыр, 50 бас жылқы (оның 25-і бие) бар. Соңғы төрт жылдан бері осы Көделіден жайылым таптым. Оған дейін өріс Мойынқұм өңірінде еді. Малшылар осындағы үш базға қоныстанған. Алдына 500 саулықты салған Сәбит Мұхаметжанов бір базда отырса, 400 бас қойды өргізген Сұлтан Мамбеталиев келесі бір базда отыр, Манар Аширов мүйізді ірі қара мен жылқыны үшінші баздан шығарады. Мал төлдету науқанын аяқтағанымызға 18 күн болды. Әрбір саулық соңынан бір-бір қозыдан ілестірді. Науқанда мал төлдетуге көмектескен 4 сақпаншымыз күзге дейін осында болады. Қозы бөлуден кейін тағы бір отар жасақтауды мақсат етіп отырмыз. Қойларымыз негізінен «Еділбай» тұқымдас. Сиырларымыз қазақтың ақ бас тұқымдасы, – деді ол. Бұдан соң мал қораларын араладық. Бәрі жинақы әрі таза. Көделіде көктеудің төлге толғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде тастан-тасқа секірген қозы-лақ, құйрығын көтеріп алашапқын болып жүрген құлыншақтар, енесінің қасынан бір елі алыс кетпейтін бота мен бұзаулар Көделіге көрік бергендей.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист. Жамбыл ауданы.